Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады.
Кездесу барысында Елбасыға еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы Күштердің бөлімшелері мен құрамаларының жауынгерлік даярлығын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевқа осы уақытқа дейін өткізілген және жыл соңына дейін жоспарланған ауқымды жаттығулар туралы ақпарат берілді.
Кездесуде басшылық лауазымдардың санын қысқарту және басқару құрылымын оңтайландыру бойынша жұмыс нәтижелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті келесі жылы елордада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы және Отан қорғаушы күніне арналатын әскери парадтың сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев отандық қорғаныс өнеркәсібінің Қорғаныс министрлігінің мүддесіне сай сапалы жұмысын қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Нұрлан Ермекбаев Қазақстан армиясының құрылыс және даму бағдарламаларының орындалуы туралы баяндады.
Қорғаныс министрінің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта әскери техниканың заманауи үлгілері және жүйелерімен жабдықтау жалғасуда, Қарулы Күштерді жан-жақты қамтамасыз ету жүйесі жетілдіріліп, оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтау бойынша шаралар қабылдануда.