Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл аса абыройлы қызметке сайланғаннан бері алғаш рет Қазақстан халқына Жолдауын жасады. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ел дамуына тірек болар негізгі салаларға қатысты ойы мен бастамаларын шегелеп айтты. Соның бірі – білім саласы. Әсіресе, біз соның арасынан оқулық мәселесін бөліп алып, жеке қарастырғалы отырмыз.
Оқулықтағы қателік мәселесі осыған дейін де талай рет айтылып, сынға қалып жүр. Бірақ содан түзеліп кеткен көшті тағы көрмейміз. Балаңыздың я немереңіздің мектеп кітабын асықпай парақтар болсаңыз, өріп жүрген қателерді оңай табушы едіңіз. Бұл бір қарағанда болмашы нәрсе секілді көрінер... Ал шындап қарасаңыз, шырқырап тұрып шаңын қағатын дүние екенін аңдайсыз. Онсыз да көптеген салада кәсібилік, жауапкершілік, сауаттылық деген қасиеттер қарасын көрсетпей жүр. Енді осы үш маңызды дүниені білім саласынан таппасаңыз, онда ұрпақ келешегі не болмақ? Ұрпақ білімі мен тәрбиесіне қалай болса солай қараған аға буынға не айтамыз? Президент Тоқаевтың өзі:
– Тағы бір өзекті мәселе, бұл – оқулық сапасының төмендігі. Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей міндеті. Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды, – деді өз Жолдауында.
Министрлік тізгінін ұстағанына аз уақыт қана болған Асхат Аймағамбетов те осынау күрделі проблемамен күресетінін айтқан еді.
– Экспертиза процедурасына да айтар сын көп. Иә, бізде жақсы оқытушылар көп, бірақ әрбір жақсы оқытушы жақсы эксперт емес. Сондықтан кез келген мұғалім оқулыққа экспертиза жасай алмайды. Ал біз ешқашан экспертиза жасап көрмеген мұғалімдерді жинаймыз да, қолдарына кітап беріп экспертиза жасауларын сұраймыз. Қандай нәтиже алатының да белгілі. Жүйе дұрыс емес. Сапалы маман ғана эксперт бола алады. Біз соны қалыптастыруға жұмыс істейміз, – деген еді біраз уақыт бұрын министр.
Сондай-ақ министр әрбір мықты ғалым оқулық жаза алады деген тұжырыммен де келіспейді. Себебі, оқулық жазу – монография жазу емес. «Оқулық жазудың өз заңдылығы мен талабы бар. Сол себепті, бізге авторларды да бөлек дайындауға тура келеді», – дейді ведомство басшысы.
– Оқулықтардағы қателікті біреулер техникалық деп айтып жатыр. Қалай болғанда да, бұл – қателік. Мәселен, физика оқулығындағы тапсырма мен соңындағы жауабы мүлде сәйкес келмейді. География оқулығындағы картада да қате өріп жүр. Ағылшын тілі пәні кітабында да солай. Қазақшаға дұрыс аударылмаған, – деген министр оқулық басып шығару жүйесін түбегейлі өзгертуге білек сыбана кірісетінін ашық мәлімдеді. Осы орайда әлеуметтік желіні де бір шолып шықтық. Белгілі журналист Серік Әбікенұлының пікірі көзге бірден ілінді.
«Білім министрі ауыса сала оқулық сынау әдетке айналды. Жаңа министр Асхат Аймағамбетов қателерді тізіп: «Мұндайға жол берілмеуі керек. Балаларымыз осындай аудармалармен оқуға мәжбүр. Жыл сайын бір қателік қайталанып келеді. Бір басқан шоқты қайта айналып басамыз. Қашан бітеді бұл? Оқулықты асығыс дайындау деген жүйелі проблемаға айналды» депті. Ел «енді дұрысталар», – деп үміттеніп жүр.
Мұның алдында А.Сәрінжіпов:
– Қазақ тіліндегі оқулықтар кемшілігінің екі тобын көрсетуге болады. Біріншісі – мәтінде теориялық материалдардың басым болуы, оқулық мазмұнында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағыт болмауы. Екіншісі – ғылыми терминдерде бірізділіктің сақталмауы, – дегенде де үміттенгенбіз.
Оның алдында Жансейіт Түймебаев:
– Оқулық мәселесі – тек қана орта білім саласы үшін ғана емес, кәсіптік-техникалық, жоғары білім саласы үшін де өте маңызды мәселе. Бұл іспен біз арнайы айналысудамыз. Көптеген шаралар қолдандық. Экспорттық комиссиялар құрып, барлық пәндер бойынша жұмыс істедік. Өкінішке қарай, осы кезеңге дейін жазылған оқулықтардың жалпы санының ішінде сапасыз жазылғандар жеткілікті болып отыр, – дегенде де үміттендік.
Сапалы оқулық шықса министрлік қарамағындағы күзеу-түзеу, автор алмастыру, қайта шығарумен миллиардтар шығындатып отырған «Оқулық» орталығының, «аннан қашқан, мыннан қашқан» авторлардың шатпағын басып, облыстардан ақша отап отырған баспалардың бизнесі тоқтап қалады. Сондықтан Асекеңнің ол салаға қаншалықты тісі өтерін уақыт көрсетер», – дейді журналист.
Кітап жазу мәселесімен белсенді айналысқан Болат Қабланбековтің айтуынша, оқулық бизнесі айналасындағы тамыр-таныстықты жеңе алса, кешенді проблемалар өздігінен шешілмек. Ұстаз «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында біраз уақыт жұмыс істеген.
– Өзім білетін физика пәні бойынша, 7 және 8-сыныптарға арналған оқулықтардан үлкен ақауларды көрдім. Мысалы, «20 метр биіктіктен құлаған дене жер бетіне қандай жылдамдықпен түседі?» деген есеп берілген. Біріншіден, бұл – 7-сынып бағдарламасынан тыс есеп. Мұғалімге арналған нұсқаулықта оның жауабы 20 м/с деп дұрыс көрсетілген. Сосын қосымша сұрақ берілген: Осы биіктіктің тең жартысындағы дененің жылдамдығы қандай? Автор 20 м/с жартысы, яғни 10 м/с деп жауап келтіреді. Дұрыс жауабы – 14 м/с шамасында. Автордың келтірген жауабы өрескел қателік, – дейді ол.
Болат мырза тізбелеп берген тағы бір қолайсыз жағдай – оқулықтың әу баста орыс тілінде жазылатыны.
– Тағы бір сорақы жағдай – оқулық жазған алты автордың ішінде сол процеске мүлде араласпаған адам да бар болып шықты. Оған «оқулықтың мына тұстарын түзету керек екен» деп хабарлассам, оның жауабы «Ренжімеңіз, ол жерде менің аты-жөнім ғана жазылған, әйтпесе онда жұмыс істеген жоқпын. Менің орныма мына кісі істеген. Содан сұраңыз» деп сілтейді. Ал не дейсіз? Сосын оқулықтардың көбі орыс тілінде жазылып, сосын қазақ тіліне аударылады. Осы орталықта жұмыс істеп жүрген кезімде авторлар құрамын іріктеу мүмкіндігі туындады. Сол кезде арнайы конкурс жариялап, қазақтілді мұғалімдердің көбірек құрамға іліккенін қаладым. Іріктеп, авторлар ұжымын жасақтап та шыққанмын. Өкінішке қарай, жұмыстан шығып кетіп, ол бастамам аяқсыз қалды, – дейді Болат Қабланбеков.
Маманның айтуынша, оқулық білім беру бағдарламасына сүйене отырып жазылатындықтан, аталған бағдарламаны жыл сайын өзгерте бермеу де өте маңызды. Ал бізде әр жыл сайын аз да болса өзгеріс енгізіледі, эксперимент жасалады. Бұл оқулық процесіне де кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Республикалық Qazbilim орталығының директоры Аятжан Ахметжанның сөзінше, бізде авторлар оқулық жазуға хобби ретінде қарайтын деңгейге түсіп кеткен.
– Қазір оқулық жазу автордың басты жұмысы емес, қосымша табыс көзіне айналған. Университетте, мектепте сабақ беріп жүрген әртүрлі авторлар бірігіп, бірі – Атырауда, бірі – Алматыда отырып, оқулық жазады. Ондай оқулық сапалы шығады деп ойламаймын. Ал негізгі проблема бір оқулықтың айналасында бірнеше мекеме жұмыс істейді. Авторлар ұжымы, баспа, бағдарламасын дайындайтын Алтынсарин атындағы ғылым академиясы, оқулық сараптау департаменті деген сияқты. Енді оқулықтан қателік шықса, осы бес мекеме бір-біріне лақтыра салады. Мұндай жүйе қаржылық мәселеге жауап бермеуге, жауапкершіліктен құтылуға өте қолайлы, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Жоғарыда оқулыққа сараптама жасауға қатысты министрдің пікірін даралап берген едік. Енді соған орай, сарапшының да көзқарасын қосақтай кетсек.
– Оқулыққа сараптама жасауға да өте аз уақыт беріледі. Сараптама жасаушы ұстаздардың да қаламақысы өте төмен. Шамамен 200 беттік оқулықты бастан-аяқ оқып, сараптап шығу үшін 10-15 мың теңге мөлшерінде алады. Мұны сараптама жасау орталығына барып, сұрастырған кезде білдім. Әрине, мұндай ақша алып отырған адам жұмысқа тым үстірт қарайды да, тезірек бітіруге асығады. Содан келіп, сапа жоғалады, – дейді Болат Қабланбеков.
«Қазіргі тағайындалған министрді ұзақ уақытқа, жоқ дегенде 4-5 жылға қалдырса деп ойлаймын. Бастаған бастамаларын аяғына дейін жеткізсін. Министрді қайта-қайта ауыстыра берген соң, сынап та үлгермейсің», – дейді маман. Ал Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, министр көп нәрсені шешуге белсенді. Бірақ оқулық проблемасының ауқымы тым кең деген пікірде.
– Ол – тендерлік мәселе. Сондықтан бұл жердегі басты мәселе – мұны реттеуге министр құзіретінің жету-жетпеуінде болып тұр. Егер министр шындап кіріссе, онда біраз қаржылық топтар ақшасынан айырылады. Міне, сондай топтардың қысымына министр дайын ба, оны билік қорғай ала ма деген дүние өте маңызды, – дейді ол.
Жалпы, оқулық проблемасының тамыры тым тереңге жайылған күрделі мәселе екеніне көз жетті. Әлдеқашан. Бірақ шынын айтайық, осыған дейінгі білім саласының басшыларының ешқайсысы осы түйінді тарқатуға аса қатты ықылас танытқан жоқ. Министрдің бойында сондай ықылас пен талпыныстың болмауы да аса қорқынышты негізі... Ал жаңа министр оқулық қателіктерін жоямын, оқушы сөмкесін жеңілдетемін деп отыр. Сарапшы айтқандай, уақыт берелік, қоғам боп атсалысайық. Сонда бір нәтиженің төбесі көрінер.