Маңғыстау ауданы Тұщықұдық ауылында туған Бердіхан Әлмен «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуға ниетті. Бүгінде руханият, мәдениет саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ол жеңіске жетсе, осы саладағы өзекті мәселелерді қолға алмақ.
«Қазақстанда бокс спортының негізін қалаушылардың бірі – Шоқыр Бөлтекұлы бабамыз. Маңғыстауда бокстан Шоқыр Бөлтекұлы атындағы халықаралық турнирлер өтеді. Мектеп жұмыс істеп жатыр. Алайда Шоқыр Бөлтекұлы атындағы спорт мектебі деп айтқанымызбен, бұл мәселе құжат жүзінде реттелмеген. Теледидардан жыр-терме хабарларын көрермен назарына ұсынсақ, жастарымыз ұлттық өнермен сусындар еді. Қазір ұлттық өнерді насихаттайтын хабарлар шығады, бірақ өкінішке қарай ұзаққа бармайды. Депутат болсам, руханият, мәдениет саласындағы осындай мәселелерді қолға алар едім», – дейді Бердіхан Әлмен.Айта кететін жайт, Бердіхан Әлмен осыған дейін 33 халықаралық концерт, сондай-ақ бірнеше жыр кешін ұйымдастырған. 2015 жылдан бастап Маңғыстау облыстық мәдени қызмет көрсету және ғылыми әдістемелік орталағының автоклуб меңгерушісі және Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе мәдениет үйінде концертмейстер болып қызмет атқарып келеді. 2016 жылдың 1 қазанынан бастап елге кеңінен тараған әндердің белгісіз авторларын насихаттау мақсатында «Маңғыстау» телеарнасындағы авторлық «Сөз бен саз» бағдарламасын ашты. Туған жері Маңғыстаудың өнеріне қолдау көрсетіп, 4 жыл бойы «Маңғыстау» телеарнасынан жалақы алмай қызмет етіп келеді.