Отыз жастағы Әлібек Дүйсенов праймеризге қатысу үшін Ақтөбеден өтініш беріп жатыр. Партия атынан көшбасшылардың қатарында болуды үміт еткен үміткер нақты жоспарымен бөлісті. Қарапайым киномеханиктен бизнес саласының белді тұлғасына айналған ол партияішілік сайлаудан сәтті өтіп жатса, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытуды қолға алғысы келеді. Әлібек Дүйсенов – Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің экономика факультетінің түлегі. Еңбек жолын киномеханик болып бастаған ол бір жарым жылдан кейін кинопарк залдарының менеджері болады. 2015 жылы өз тағдырын түбегейлі өзгертуге бел буып, мұнай және газ саласы бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысуға шешім қабылдаған. Осы мақсатта Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің сырттай бөліміне оқуға түседі. Әлібек өз ісін мұнай компанияларына жабдықтар жеткізуден бастады. Содан кейін сұйытылған газға маманданды. Ең алдымен газ таситын машина, содан кейін газдың үлкен көлемін тасымалдау үшін басқа да арнайы техниканы кезең-кезеңімен сатып алды. Осылайша Nomad Gas компаниясын құрды. Кейін компаниясын дамытып, 2018 жылдан бастап аймақта газ құю стансаларын сала бастады. Бүгінде оның облыс аумағында үш жанармай бекеті бар. Оның екеуі Ақтөбеде, тағы біреуі көрші облыстардың бірінде орналасқан. Оған қосымша Әлібек осыдан үш жыл бұрын қоғамдық тамақтану саласында отбасылық бизнесті дамытуды ұйғарыпты. Үш ай бұрын Ақтөбеде әйгілі франшиза бойынша кофехана ашып отыр. Праймеризге қатысудағы басты мақсаты депутат болу екенін жасырмайды. Әлібектің айтуынша, бұл қадам жас кәсіпкерлерді қолдау үшін қажет.
"Менің көптеген жоспарым бар. Депутаттар қатарынан көрініп жатсам, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға қолдау білдіргім келеді. Праймеризге қатысудағы басты мақсатым да осы. Ең бастысы – туған елге пайдалы болу. Әйтпесе, кейбір үміткерлер қаржылық жетістікке жетуді армандайды. Ал мен миллионер болмасам да, жағдайым жақсы. Өзімнің бизнес саласындағы тәжірибеме сүйеніп. жастардың дамуына жағдай жасаймын", – дейді ӘлібекОл 2008 жылдан бастап «Nur Otan» партиясы мүшесі. Көпбалалы аналарға белсенді көмек көрсетуде. Арыс тұрғындарына гуманитарлық көмек жіберуге де мол үлес қосқан.