Әбілфайыз Ыдырысовпен қоштасу
Қазымыр емес, қазына қарт болып, әдемі қартая білу де бір бақыт. Әбілфайыз аға Ыдырысов қайтыс болды деген қайғылы хабарды естігенде менің көз алдыма Ай мен Күндей үнсіз сәуле шашып, әдемі қартайған бітімі бөлек бекзат азаматтың тұғыры биік тұлғасы келді, ойыма оның жасқа да, жасамысқа да үлгі-өнегелі өмір жолы оралды.
Әбілфайыз Ыдырысовтың көп шәкірттерінің бірімін. Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көп жыл студенттерге журналистика саласынан дәріс оқып, ұлағатты ұстаз болған ол кісілік пен кішіліктің үздік үлгісі еді. Қуаныш келсе тасымайтын, қайғы келсе жасымайтын тағдырдың сынын да, сыйын да сабырмен қарсы алатын. Көп жыл арбаға танылып жатқанда да ерекше ғашық болып қосылған өзгеше жары Заря өмірден озғанда да, іштей мүжілсе де сары алтындай сабырлық танытып еді.
Әбілфайыз Ыдырысов қазақ әдебиетіне мол олжа салған талантты қаламгер болатын. Өзгесін айтпағанда, «Тәншолпан» трилогиясы Әбілфайыз Ыдырысовтың ғана емес, қабырғалы қазақ әдебиетінің үлкен олжасы деп бағаланды.
Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де кеңінен танымал, аса білікті, асқан парасатты екі мәрте еліміздің Сыртқы істер министрі болған, бүгінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін абройымен атқарып жүрген Ерлан Ыдырысов – текті әкеге тартып туған, терең ойлы, парасатты азамат.
«Жаратқанның пендесіне берген үлкен сыйы – оның артында қалған жақсы аты, мейірімділігі мен қайырымдылығы» демеп пе еді, Сағди?
Соңында ел айта жүрер жақсы атың, ізгілікті ізің қалса, Алла Тағала аманатқа берген аз өмірді ақтағаның.
Тал бесіктен тар бесікке жол тартқан нағыз адам, абыз адам Әбілфайыз Ыдырысов енді аңыз адамға айналып барады...
Сәбит ДОСАНОВ,
Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты