«Қамқор Локомотив» ЖШС Шалқар сервистік орталығында жұмыс істейтін жігіттің мақсаты –өндіріс ошақтарын көбейтіп, жұмыс орнын арттыру және оған жастарды тарту.
– Қандай да бір кәсіпорынға тың идеялар, бастамалар әкелетін бұл – жастар. Әсіресе, өндіріс нысандарында олардың қатарын арттыру маңызды. Себебі, қазір тәжірибелі, білікті кадрлардың ізін басатын жас мамандар тапшы. Өйткені қазіргі жастардың көбі заңгер, экономика саласының маманы болғысы келеді. Оларды осы стеротиптен арылтып, жаңа технологияларды меңгеруге ынталандыруымыз керек, – дейді Ерлан Малаев.Ол 2008 жылы М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» мамандығы бойынша үздік бітіріп, еңбек жолын «Қамқор Локомотив» ЖШС Ақтөбе Локомотив жөндеу депосында жөндеуші қызметінен бастаған. Осы жерде әр жылдары шебер, аға шебер қызметтерін атқарды. Ал 2016 жылы «Қамқор Локомотив» ЖШС Шалқар сервистік орталығына электромеханик болып ауысып, 2018 жылдан бастап аталған мекеменің кадр жөніндегі менеджері болып жұмыс істейді.