Nur Otan партиясының Орталық аппаратында партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының «Білім» бағыты бойынша Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғановтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті.
Жиында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов мектеп инфрақұрылымының бүгінгі жай-күйіне баса назар аударды. Ол сондай-ақ ауылдық елдімекендерге әлі күнге дейін сапалы желілік байланыс жүйесі жетпегенін, республика бойынша 132 мектеп интернет желісіне қосылмағанын мәлімдеді.
– Елімізде 1 636 елдімекенде мектептің болмауынан, 26 742 оқушының тұрғылықты жері бойынша оқуға мүмкіндігі жоқ. Пайдалану мерзімі өткен, тозығы жеткен мектеп ғимараттары апатты мектептер қатарына өтеді. Бүгінгі таңда 151 мектепке күрделі жөндеу жүргізу керек болса, 13 мектеп апатты жағдайда тұр, – деді ол.
Сондай-ақ баяндама соңында тиісті ведомство Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, ауылдағы жалпы білім беретін мектептерді 100% мультимедиялық құралдармен жабдықтауды қолға алу туралы ұсыныс айтты.
Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйесімен жабдықтауға қойылатын стандарттар мен талаптар туралы Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева баяндады. Баяндама кезінде ол 2018-2019 жылдары мектепке дейінгі мекемелердің 49%-ы (3 036) бейнебақылау жүйесімен жарақтандырылғанын, мектепке дейінгі мекемелердің 8,1%-ы (504) ғана бейнебақылау камераларымен толық жабдықталғанын атап өтті. Депутаттың айтуынша, балабақшаларға бейнебақылау жүйесін енгізудің арқасында тәрбиешілер мен педагогтардың жұмыс сапасы жақсарған.
Комиссия отырысында Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мектептердегі білім беру сапасын көтеру мәселесін көтерсе, Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова цифрлы білім беру ресурстарын дамыту жөнінде айтып, ауыл мектептерінің жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылуындағы түрлі кедергілерге кеңінен тоқталды.