Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған алғашқы Жолдауында «Рухани жаңғыру» және «Киелі Қазақстан» бағдарламаларын, туризм, спорт, мәдениет және тіл саясаты салаларындағы жобаларды іске асыру жөнінде бірқатар міндет қойған. Сол мәселелердің орындалуы, қандай жұмыстардың атқарылып жатқаны Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқарбек Есжановпен әңгімелесуді жөн көрдік. Себебі Қызылорда өңірі – ғасырлар бойы қалыптасып келген қазақ мәдениетінің көне ошақтарының бірі. Қызылорда ел арасында «Сыр елі – жыр елі» деп аталуы да бекер емес.
– Асқарбек Темірбекұлы, ұлттық құндылықты, салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап, оны байытып, ұмыт болғанын қайта жаңғыртып, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу – басты мақсат. Дегенмен өсіп келе жатқан талантты жастардың заман талабына сай өсуіне қалалық мәдениет басқармасы қаншалықты үлес қосуда?
– Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – біздің рухани мәдениеттің бір парасы ғана. Ал ұлттық салт-дәстүріміз, жөн-жоралғымыз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, әр қазақтың бойында мәңгі қалуы тиіс. Осыны сақтап қалу үшін әрбір ұлтын сүйер азаматтың міндеті деп білемін. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты қалалық мәдениет үйі, клубтары және халықтық ұжымдар, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және қалалық мәдени-демалыс паркі бар.
Мамыр айынан бастап сол жағалаудағы Қызылорда қаласының тарих музейі қалалық мәдениет бөлімінің теңгеріміне берілген. Бүгінде мекеме жоспарға сәйкес өз жұмысын істеуде. Оған қоса, қала бойынша 35 мәдени нысан, қалалық клуб, кенттік клуб, ауылдық округтерге қарасты 3 ауылдық мәдениет үйі, 8 ауылдық, 13 қалалық кітапхана, қалалық тарих музейі бар. Биылдың өзінде 500-ге жуық мәдени іс-шара өткізіліп, бүкіл ауыл-аймақтан жұрт жиналған болатын.
– Биыл – Жастар жылы. Осыған байланысты қандай шаралар өтізіліп, қандай көмек көрсетілді?
– Әрине, Тұңғыш Президенттің Жарлығымен Жастар жылы деп жарияланған. Міне, соған қатысты креативті шаралар өтуде. Мәселен, «Жастықтың оты жалындап» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және Сыр өңірінен 10 жас ақын қатысты. Ақындар додасын екі дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жүргізіп, қазылар алқасында айтыстың қара нары Жүрсін Ерман, Сенат депутаты, қаламы қарымды журналист Нұртөре Жүсіп болды.
Үлкен шараларымыздың бірі – «Сырдағы сұхбат» кездесу кеші. Мысалы, алыс-жақын шет елдерге аты таныс, «Самғау» аяқкиім шеберханасының негізін қалаушы, жас шебер Самғау Нәсіпхан және әнші, кәсіпқой боксшы Ескендір Ибрагиммен кездесті. Сонда жастармен емен-жарқын әңгімелескен қонақтар өздерінің жетістікке жету жолынан тәжірибе бөліскен еді.
– Осы жолғы қалалық актив жиыны Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына арналған екен. Осыған қатысты қандай да бір шаралар жүргізіліп жатыр ма?
– Иә, бұл мақалада мәдениетке ерекше мән беріп, мәдениет саласына көптеген міндет пен мақсат жүктелген. Елбасының бұл мақаласын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде көреміз. Негізгі мақсаты – ұлттық сананы жаңғыртып, рухани жаңғыру жолында тарихымызды зерделеу. Бір сөзбен айтқанда, арғы тегімізді түгендеп, тарихты жаңғыртып, келер ұрпақ көрсетерлік жобаларды қолға алу керек. Сол жағынан біз Сыр өңірінің ұлттық тарихтағы орнын нақтыламақпыз. Мәселен, қазақ даласының табиғи көркемдік ерекшелігіне айналған алма мен қызғалдақты дәріптеу мақсатында «Қызғалдақ пен алма» хореографиялық композициясы, көшпенділердің атқа міну мәдениеті мен аңшылық, бүркіт ұстау өнерін насихаттауда «Асауға тұсау», «Аң стилі» атты би қойылымдары қойылды. Оған қоса, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуда қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар Ұлыстың ұлы күні Наурыз да кең көлемде тойланды.
Елорда күні мен Ұлттық домбыра күніне орай «Ел тірегі – Елорда, ұлт мұрасы – домбыра» атты салтанатты шара өтті. Осының барысында қалаға жақын орналасқан елдімекендердегі клуб-кәсіпорындар арасында байқау өтіп, жүлдегерлер марапатталған. Одан басқа қала тұрғындары мен қонақтардың бос уақытының қызықты өтуіне «Караоке Баттл», «Бас киімдер шеруі», «Әнім сенсің – Қызылорда», «Қыз – еркем, өнерімен көркем», «Ең сүйкімді бүлдіршін» секілді шаралар ұйымдастырылды.
– Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, білім беруде де қолдан келгеннің бәрін істеу керек» деген сөзі өзегін әлі жоғалтпаған. Сіздерде қазақ тіліне қаншалықты көңіл бөлінеді?
– Қазақ тілі – қазақтың жаны. Халқымыздың тарихы да, тағдыры да –тілінде. Тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен басталады. Осы тұрғыда қазақ тілінің мәртебесін мемлекеттік тіл ретінде күшейтіп, оны ұлтаралық тілге айналдыру үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Бұдан бөлек, заман талабынан қалмай, кезең-кезеңімен латын графикасына көшуді қолға алудамыз. Оған дәлел, Қызылорда қаласындағы мекемелерде іс-қағаздар мемлекеттік тілде жүргізіледі. Олардың құжат айналымдарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне ай сайын мониторинг жасалуда.
Ал қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, қала бойынша қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттау, түсіндіру мақсатында 15 шара ұйымдастырылды. Атап айтсақ, А.Байтұрсынұлының 146 жылдығы, А.Құнанбаевтың 175 жылдығы және 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай «Тіл – татулық тірегі» атты мерекелік кеш өтті. Сонымен бірге тілдер күніне «Тілім – тірегім, Қызылорда – жүрегім» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өткен. Оған облыс пен қала аумағынан 10 ақын қатысқан жыр додасына ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толыбай Абылаев, ақын-сазгер, Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Ділдәхан Торғаева, айтыскер ақын, екі дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов қазылық етті.
– Жыл басынан бері біршама ауқымды шара өтіпті, енді алдағы жоспармен бөліссеңіз...
– Өнер фестивалі, шығармашылық кештер, концерттік бағдарламалар өтпеді емес, өтті. Биыл да, қала күнін ұйымдастыру бағытында бірқатар шара өткізілмек. Осы жолы басында айтқандай, басымдық жастарға беріледі. Шығармашыл жастармен кездесу кеші, «Ұлы дала әуені» дәстүрлі ән орындаушылардың облыстық байқауы, «Туған күніңмен, Қызылорда!» жастар акциясы, «Үш кемеңгер» ескерткіші жанында жергілікті ақын-жазушылардың қатысуымен «Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді?!» жыр марафоны, Бұқарбай батыр ескерткішінің жанында «Менің көшемнің тарихы» атты әдеби жыр кеші, Сыр сүлейлері аллеясында ашық аспан астында «Қызылордам, өзіңмен мақтанамын» жыр мүшәйрасы, А.Пушкин атындағы орталық кітапханада «Өлкені өркендеткен есімдер» атты ардагер, қоғам қайраткерлерімен кездесу өткізілмек. Жол соңында қала әкімінің қорытынды шарасында жыл үздіктері, қаланың құрметті азаматтары марапатталады.
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда қаласы