Сонымен, астаналық бизнестің өзекті мәселелері не дегенге келсек, бизнес субъектілері нысандарын инженерлік желілерге қосу 2017 жылдан бері шешілмеген. Жер теліміне құқықты заңдастыру ұзаққа созылады. Мысалы, жер телімінің иесі меншік құқынан бас тартқан соң, құрылыс салуға құжаттарды рәсімдеуге 6-10 ай уақыт жоғалтуға тура келеді. Үш жасқа дейінгі балаларға арналған жекеменшік балабақшаларды қаржыландыруға мемлекеттік сатып алу қарастырылмаған.
Аталған мәселелерді шешу үшін Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов елордалық бизнестің интерактивті порталын құру қажет деп санайды. Оның айтуынша, шағын қаржыландыруда да проблема баршылық. Мәселен, «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының да қаражаты аздық етіп отыр екен. Аталған бағдарлама шеңберінде жыл сайын шамамен 800 млн теңге бөлінеді. Ал бизнес үшін 5 млрд теңгеге жуық қаржы қажет екен.
– Біз бұл мәселені бюджетте қарастыруды өтінеміз. Себебі елордада сауда бизнесінің жабылуы жиілеп барады. Біз мұның себептерінің бірі – құзіреттің жоқтығы және қаржыландырудың мардымсыздығы деп ойлаймыз. Қала шекарасы кеңеюінің қажетті динамикасын ескере отырып, қала төңірегіндегі бизнесті тартуды ұсынамыз. Осы орайда, біз бизнестің интерактивті порталын құруды ұсынамыз. Кәсіпкерлер аталған қала картасынан инвестицияға, не болмаса кооперацияға мұқтаж кәсіпорындар барлық сараптамасын көре алады. Бұл келешекте бизнеске даму векторын және нақты бір жобаның табыстылығын түсінуге мүмкіндік береді, – дейді Алмат Жүнісов.
Оның дерегінше, астанада шағын және орта бизнестің 129 мың субъектісі бизнеспен айналысады. Олар жалпы өңірлік өнімнің 58,8 пайызын қалыптастырып отыр. Астананың шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі Қазақстан өңірлері арасында ең жоғары көрсеткішті құрайды. Осы жылдың 7 айында елорда бюджетіне салықтың 68 пайызы немесе 366 млрд теңге шағын және орта бизнестен түскен.
Бұл деректерді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те растап отыр. Әкім сөзіне сенсек, соңғы 10 жыл ішінде елордада шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 есеге артып, 130 мыңға жеткен. ШОБ субъектілерінің өнім шығару көлемі де өсіп келеді. Санмен айтсақ, 800 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде жеке сектордың көлемі 90 пайызға жеткен.
– Елордада, әсіресе, жекеменшік балабақшалардың саны артып келеді. Қалада 213 жекеменшік балабақша, одан бөлек 22 590 оқушыға арналған 13 жекеменшік мектеп бар. Сол сияқты жекеменшік емханалар да көбейген. Астаналықтар санының өсуіне байланысты әлеуметтік қажеттіліктерге сұраныс та арта түсетіні заңды. Дәл қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы халық саны 1,1 миллионды құрайды. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді, – дейді қала әкімі.
Елорда халқының көбеюі, бизнес субъектілерінің артуы кәсіпкерлік нысандар орналасатын аумақтың ұлғаюына ықпал ететіні даусыз. Бұл ретте, қала басшысы ел астанасындағы арнайы экономикалық аймақтың аумағы кеңейетінін жеткізді.
– Бұл әсіресе, құрылыс бизнесіне арналған жақсы мүмкіндік болады. Оның үстіне, астана экономикасының негізгі драйвері – құрылыс саласы. Бізде бірінші индустриалдық парк жақсы жұмыс істеп тұр, бірақ ол 97 пайызға толықты. Осы орайда, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп екінші индустриалдық паркті салуды қарастырып жатырмыз. Оның көлемі 400 гектарды құрайды, салынатын жері де, қаулысы да дайын. Енді инженерлік-инфрақұрылымдық құжаттарын дайындап жатырмыз, – деген Алтай Көлгінов астанада «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін «Бизнеске арналған үкімет» кеңсесі ашылатынын да жеткізді.
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Нұр-Сұлтан бизнес қаласына айналады деген үмітте.
– Бұған дейін шенеуніктер қаласы болса, енді ол бизнес қаласына айналып барады. Бұл жерде мүлдем басқа инфрақұрылым, адамдар басқаша өмір сүреді. Бүгінде Нұр-Сұлтанда жоғары оқу орындарының 52 мың студенті бар. Меніңше, бұл сан жыл сайын ұлғая береді. Сондықтан біз студенттерге қажетті барлық инфрақұрылымды жасауымыз қажет, – деген ол адам капиталын дамыту сапасы елорда мәртебесіне сай болуы тиіс екенін жеткізді. Бұл біз сөз басында тілге тиек еткен білікті кадрлар жетіспеушілігі мәселесіне қатысты.
«Атамекен» басшысы барлық сатып алуларға отандық өндірушілердің қатысуы маңызды екенін атап өтті.
– Біз қарапайым заттар экономикасы жобасын жетілдіріп жатырмыз, онда осы мәселелер қарастырдық. Өндіретін немесе өндіруді көздейтін, ұзақ мерзімді келісімшарттарды жасау үшін сатып алуларға қатысатын кәсіпорындарға жүйелі қолдау көрсетеміз, – деді Тимур Құлыбаев.
Есте болса, осыдан бірнеше жыл бұрын астананың азық-түлік белдеуін құру қолға алынған болатын. Бұл орайда, Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі 2018-2021 жылдарға арналған жол картасы бекітілгені белгілі. Статистика комитетінің дерегінше, елорда тұрғындарының азық-түлік тауарларының негізгі түрлеріне қажеттілігі ең төменгі нормалар бойынша, шамамен, 635 мың тоннаны құрайды. Қалаға қажетті азық-түлікті астананың айналасындағы азық-түлік белдеуі аймағынан, еліміздің басқа өңірлерінен өндіру және жеткізу, сондай-ақ импорт есебінен өтеліп келеді. Азық-түлік белдеуі аймағына Ақмола облысының 17 ауданы (Аршалы, Ақкөл, Атбасар, Астрахан, Бұланды, Егіндікөл, Біржан сал, Ерейментау, Есіл, Жақсы, Жарқайың, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград, Сандықтау, Шортанды, Бурабай) және Қарағанды облысының 4 ауданы (Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров) кіреді. Алайда аталған жол картасы күткен нәтиже бермей отырған сыңайлы. Себебі Т.Құлыбаев «елордада өнімді өңдеу, сақтау орындары жоқ, өткізу жолға қойылмаған» деп санайды.
– Сондықтан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар кәсіпкерлермен бірге осы мәселені назарға алып, Көтерме-тарату орталықтарын құрып қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және ұзақ сақтау жолдарын ойластыруы керек. Мысалы, Ресейде азық-түлік сақтаудың тиімді жүйесі жұмыс істейді. Өнімді жинау науқанында олар осы азық-түлік өнімдерін жүк көліктерімен алып кетеді де, азық-түлік өнімдерін ұзақ сақтау жүйесі арқылы маусымдық баға құбылуының алдын алып, бағаны реттеп отырады. Осы тәжірибеге сүйеніп, елордаға жақын орналасқан облыстарда агробіліктілік орталықтарының ашылуын талап етеміз, онда маусымдық баға құбылуын болдыртпау үшін өңдеу және сақтау қосындары болуы керек. Осы орталықтарды дамытып, елордаға қажетті өнімдерді өндіреміз. Ол үшін бізде қажетті ресурстар: су, жер және мамандар жеткілікті. Осы мәселені назарға алып, жұмысты қала әкімдігімен үйлестіру қажет, – деді ол.
ҰКП басшысы конференцияда елорда туризмін дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жаңартуды ұсынды. Оның пікірінше, әкімдік инфрақұрылымды жақсартуға қолдау көрсетсе, бизнес өкілдері қажетті қаржыны бөліп, туристік инфрақұрылымдарға, қоқыс жәшіктері мен дәретханаларға қолжетімділікті, автобустармен, гидтермен қамтамасыз ету секілді мәселелерді шешуге дайын.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ