Бейбіт өмірге ештеңе жетпейді

Бейбіт өмірге ештеңе жетпейді

Сириядан оралғандардың қай-қайсысы дәстүрлі ханафи мәз­һабының ұстанымынан бейхабар. Діни сауаты төмен. Олар Дарын Мубаров, Халил шейх, Ринат Қазақстани, Саид Бурятскилерді тыңдағандарын айтады.

Теріс ағымға алданып, тұзаққа түс­кендермен бірнеше айдан бері теологтар жұмыс істеп жатқаны белгілі. Ал дін­танушы олар, әсіресе, әйелдер психо­логтар көмегіне зәру екенін айтады.

«Мен әңгімелескен жас қыз намазға бет бұрып, дәстүрді дәріптеген қара­па­йым отбасында өскен екен. Тұрмыстық жағдайы төмен болғандықтан ата-ана­сына жәрдем болсын деп, небары 16 жа­­сында Алматыдағы халал дәмха­на­лардың бірінде жұмыс істеген. Сол кезде оған 1991 жылы туған оралдық жігіт сөз салып, ата-анасының рұқсатымен, қа­зақы дәстүрмен ұзатылып, тұрмысқа шы­ғады. Жас отбасы Алматыда 3-4 айдай бірге тұрып, күйеуі «сақалмен мені бұл жақта ешқандай жұмысқа алмады» деп шетел асады. Араға 2-3 ай салып Стам­бұлдан телефон шалған күйеуі жақсы жұ­мыс тапқанын айтып, келіншегін ж­а­нына шақырады», – дейді Айша Кеңесбай.

Стамбұлда қаракөз келіншекті бөгде азамат күтіп алып, күйеуі орналасқан пәтерге апарған. Ол жерде бір аптадай аялдаған соң, күйеуі «Сені керемет бір жерге апарамын» дейді. «Күйеуім маған тосын сый жасағысы келіп тұр-ау, қандай тамаша жерге апарады екен?» деп тағат­сыздана күткен келіншек Сирия шека­расынан өткенде ерлер мен әйелдерді бөлек алып кеткенін айтыпты.

«Содан 3-4 ай жат елде, күйеуінің жо­л­ын тосып, бойына біткен шаранасы да «түсік» болып, жапанда жалғыз қалғандай күн кешеді. Ал «келемін» деген күйеуінің Ирак асып кеткені жайлы ақпараттан кейін «шейіт» болды деген хабар жетеді. Ебін тауып елдегі ата-анасымен сөйлескенде, барлық жайдан хабардар болған олар «Жалғыз болма, қазақ жігіті болса, тұрмысқа шық, біз де уайымдамаймыз» деп кеңес берген. Сұрастырып, іздестіріп, дүйім көптің арасынан бұрын үйленбеген, Дубайда аз-кем арабша білім алған ақтөбелік жігітпен некелеседі. Елге оралу үшін барлық амалды қарастырып, «үнімізді өшіріп» жүрдік деген 22 жастағы келіншектің бүгінде екі қызы бар, тағы айы-күні жетіп отыр», – дейді дінтанушы.

Айша Кеңесбай сөйлескен келін­шектің аға-жеңгесі де Сирияға алданып барған екен. Көп ұзамай ағасы мінген көлікке бомба түсіп, күлі көкке ұшқан. Жұмақ іздеймін деп тозақ төрінен шыққан тағдыр иелері туған жердегі бейбіт өмірге ештеңе жетпейтінін кеш те болса түсінді.


P.S. 

Қазақстан билігі биыл үш кезеңнен тұратын «Жусан» операциясын жүргізді. 9 қаңтарда өткізілген «Жусан-1» операциясы нәтижесінде, еліміздің 47 азаматы Сириядан оралды. 7-9 мамырдағы екінші операция аясында 231 азамат елге жеткізілді. Олардың арасында 159 бала болды. Ал 28-31 мамырдағы «Жусан-3» операциясы кезінде 67 әйел, 171 бала жеткізілді. Мемлекет адам өмірі бәрінен де қымбат екенін «Жусан» операциясы арқылы тағы бір мәрте дәлелдеді.



 Айдана БЕГІМ