Дәулет Жүнісов, жеке кәсіпкер: Еңбегі көптің өнбегі көп

Дәулет Жүнісов, жеке кәсіпкер: Еңбегі көптің өнбегі көп

Қандай істі қолға алсаң да, оның өрге басуы алды­мен өзіңе байла­нысты. Жолын тапсаң, кез келген жұмысты жандандыруға болады. Ол үшін тыным­сыз тірлік ету керек. Қа­зақ­­тың жанына жақын мал шаруа­шылығымен, со­ның ішінде сиыр бағу­мен айна­лысатын кәсіпкер Дәулет Жүнісовтің өмірлік қағи­дасы осындай. Ол ата кә­сіпті жандандыру үшін шетелде жұмыс істеу­ден бас тартқан. Осы­лай­ша, ауылда отырып-ақ кә­сібі­нің нәсібін көрген кәсіп­кер­мен сұхбаттасқан едік.

– Қазір қоғамда «кәсіп ашу, оны ары қарай жүргізу қиын. Ол бә­рі­нің қолынан келе бермейді» деген пікір бар. Сіз бизнесіңізді қа­лай бастадыңыз?

– Анамның шағын дүкені бол­ды. Кішкентайымнан соны көріп өскендіктен болар, кәсіп ашуға ерекше қызықтым. Анамның ісін ары қарай жалғастырып кет­тім. Бизнесімді дүкен, дәмхана ашу­дан бастадым. Негізі тау-кен мамандығы бойынша білім алған­мын. Алайда оқуымды аяқ­тай алмадым. 1998 жылдан бері жеке кәсіппен айналысып келемін.

– Білуімізше, Канадада жұмыс іс­теуден бас тартып, ауылда қалып­сыз. Екінің біріне беріле бермейтін мұн­дай ұсынысты неге қабыл алма­ды­ңыз?

– Құрылыс компаниям бол­ды. 7 жыл жұмыс істегесін, оны сатып жіберіп, Қарағандыға кел­­­дім. Осы жақта зауытта жо­ба жетекшісі болып қызмет ат­­қар­­дым. Өнімдерін әлемдік на­рыққа шығаратын Канада зауы­­тымен келісімшарт бойынша жұмыс істедік. Бірде олардың қызметкерлері бізге келіп, әкелген құрал-жабдықтарын орналастыра алмады. Сол кезде мәселені шешу­ге көмектескен едім. Олар сол жер­де мені Канадаға бірге жұмыс істеу­ге шақырды. Ағылшын тілін үйре­ніп жүрген болатынмын. Басын­да кетем деген ой болғанын жасырмаймын. Ауылда өстім. Өзіміздің еккен бағымыз, басқа да шағын кәсібіміз болды. Бірақ ол тек отбасыма арналған еді. Несие алған болатынмын. Мал сатып, несиемді жауып, Канадаға кетемін деп дайындалып жүргенмін. Не­сие­ні төлеуге әйелімді ертіп бар­ған едім. Сыртта тұрдым, әйелім тө­леп шықты да: «Сыбаға» де­ген бағдарлама шығыпты, іштегі кісілер сенімен сөйлескісі келіп жатыр, бар» деп қоймады. Филиал директорымен жақсылап сөй­лес­тік, бағдарлама туралы жан-жақты түсіндірді. Осылайша, екеуміздің әңгімеміз патриотизмге ұласты. «Кет­пеңіз, алдымен еліміздегі өн­дірісті дамытуымыз керек» де­ді. Өзім жеті баланың әкесімін. Әйе­лім де: «Балаларыңа не үйре­те­сің бұл әрекетіңмен? Елде қалғаның дұ­рыс» деп жатыр. Сонымен, ой­ласа келе, ұсыныстан бас тарт­тым.

– Сиырдың герефорд тұқымын ба­ғады екенсіз. Оның қандай ерек­ше­лігі бар?

– Сиырдың бұл тұқымы біздің таби­ғатымызға бейімделе алады. Еті де мөлдір. Әлемдік нарық та осы­ны талап ететіні белгілі.

120 бас герефорд сиырын Ре­сей­­­ден алып келдім. Енді тағы бір­неше қой әкеліп, шаруашы­лы­­­ғымды кеңей­ту­ді жоспарлап жа­тыр­мын.

– Қазір неше адамды жұмыс­пен қам­тып отырсыз? Жұмыс­шы­ла­ры­ңыз­ға қандай талап қоясыз?

– Шаруашылығымда 12 жұ­мыс­­шы еңбек етеді. Жұмыс таң­ғы 6-да басталып, сағат 22.00-де аяқ­та­лады. 150 мыңға дейін ең­бека­қы төлеймін. Ынталандыру үшін жақсы жұмыс істегендерге сыйақы ретінде мал беріп тұрамын.

– Бұдан бөлек, тағы қандай кәсіп ашқыңыз келеді?

– «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып, сүт фермасын ашуды қолға алып жатырмын. Ол үшін қарағандылық фирмамен келісім­шарт жасалуда. Өнім алдымен отандық нарыққа шығады. Ісіміз ойдағыдай болып жатса, сүт өңдей­тін зауыт салу да жоспарда бар. Сүт пен етті ішкі нарықтан кейін экспортқа шығармақпын. Өйткені сырттағы баға басқа болады.

– Шаруалардың субсидияға қол жеткізе алмай жүретінін жиі ести­міз. Осы тұрғыда тағы қандай қиын­дықтар кездесіп жатады?

– Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі түрлі бағдарламалар жа­сап, саланы дамытуға күш са­лып жатыр. Алайда жергілікті ат­­қарушы органдар оны бізге өз деңгейінде жеткізіп жатқан жоқ. Шахтерлар, тағы басқалар мәселе көтерсе, шешіліп жатады. Ал біздікін естімейді, көмектескісі кел­мейді. Кейде ұрысуға тура ке­леді. Заңды көрсетесің, талап етесің. Бір сөзбен айтқанда, әкім­дік­тердің, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына көңіл толмайды.

Сосын өзіңіз айтқандай, субси­дия мәселесі де бар. Уақытында берілмейді. Мысалы, шөп шаба­тын кезде алатын субсидия жұмыс біткен кезде қолға бір-ақ тиеді.

– Шет елдерде жастардың ба­сым бөлігі жеке кәсіппен айна­лы­сады. Соңғы уақытта бізде де бұл мәселе қарқын алып келеді. Мек­теп­те, жоғары оқу орындарында кә­сіп­керлікке үйрететін пән енгізіл­мек. Бұған қандай пікір айтасыз?

– Әрине, қолдаймын. Мұндай жұмыстарды баяғыда бастау керек еді. Әлемдік озық үлгілерді алып, ал­ға жылжуымыз қажет. Бізде бар­лық мүмкіндік бар, адамдар тек жалқаулықты жеңу керек. Мәселен, Ресей үлкен мемлекет болса да, мал жаятын жер жетпейді. Жалпы, көп елде осындай проб­лема бар. Ал біз қолда бар мүм­кін­­дікті пайдалануымыз керек. Маң­дымайтын айлыққа қарауыл болып жұмыс істеп жүрген жас­тар­ды түсінбеймін. Жастық жіге­рін өз-өзін дамытуға, пайдалы дүние­лерге, еңбекке жұмсаса дейсің.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ