Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «100 жаңа есім» жобасы жалғасады. «Қазақстанның 2019 жылғы 100 жаңа есімі: жас қазақстандықтардың табыс тарихы» жобасына өтінімдер қабылдау басталды.
Елбасының «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырына өзі иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деген тапсырмасынан соң, екі жылдан бері елге үлгі боларлық азаматтардан құралған 100 жаңа есім жобасы іске асып келеді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасы Қазақстанның барлық аймағын қамтиды. Байқауда әр салада ерен еңбегімен ерекшеленгендер бағын сынайды. Өтініш берушілер үшін 100janaesim.ruh.kz сайтында толық мәлімет жарияланған.
Министр Дәурен Абаевтың айтуынша, Жастар жылында өз саласында көшбасшы жастарға жеңімпаз болуға мүмкіндік көп.
– Биыл – Жастар жылы. Соған орай, 100 жаңа есім жобасына қатысатын талантты жастар көп болады деген сенімдеміз. Жоба жеңімпаздарының еңбегі –кейінгі жастарға үлгі. Биыл «100 жаңа есім» жобасының үшінші маусымы өтеді. Бір қуантарлығы, біз жаңадан 100 жаңа есімді танимыз. 100 тұлғаның бастамасын, еңбегі елге үлгі болғанына қуанамыз. Өйткені кез келген жобаны халықтың қолдағаны өте маңызды.
Биыл жеңімпаздарды іріктеу екі бағытта өтеді. Бірінші әдіс — дәстүрлі, жалпыхалықтық дауыс беру. Екіншісі — біз осы жобада жеңімпаздарды қосымша анықтайтын әділқазылар алқасы. Қазылар алқасының құрамына танымал тұлғалар: Серік Сәпиев, Александр Винокуров, Асылбек Қожахметов, Қуаныш Шонбай, Саясат Нұрбек, Мұрат Әбенов, Рахым Ошақбаев, сондай-ақ Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева төрелік етеді. Өздеріңізге белгілі, осыдан екі жыл бұрын Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасын бастағанбыз. Бұл жоба қоғамның дамуына айрықша ықпал етіп келеді. Сол себепті, үздіксіз жалғастырамыз. Екі жылдың ішінде 5 мыңға жуық адам қатысты. Бұл тұрғыда жоба аясында екі миллионға жуық қазақстандық дауыс берді, – деді Дәурен Абаев.
Жоба Жастар жылына арналады. Қатысуға 39 жасқа дейінгі үміткерлер қатысады. Ғылым, қоғам, медицина, бизнес, мәдениет және спорт саласындағы нақты жетістікке жеткендердің өтінімі қаралады. «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, қатысушылар 100janaesim.ruh.kz сайтында сауалнама толтырады. Барлық өтінімдер мұқият сараптамадан өтіп, кейін сайтта жарияланады.
– Жобаға өтінімдерді қабылдау 1 қазаннан бастап 20 қазанға дейін жалғасады, – деді Кемелбек Ойшыбаев.
Жоба жеңімпазы жыл соңында анықталады.