Армения астанасы Ереванда Жоғары экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Арменияның Премьер-министрі Николай Пашинян және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысуда. ЕАЭО мүше-мемлекеттердің көшбасшыларынан басқа отырысқа Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон Одақ жанындағы бақылаушы-мемлекет басшысы ретінде, сондай-ақ құрметті қонақтар – Иран президенті Хасан Рухани және Сингапурдың Премьер-министрі Ли Сянь Лун шақырылған.
Мемлекет басшылары ЕАЭО дамуының өзекті мәселелерін, Одақ шеңберіндегі мемлекетаралық ынтымақтастықтың басымдыққа ие мәселелерін қарайды, ұйым жұмысының аралық қорытындыларын шығара отырып, алдағы жылдардағы интеграциялық өзара іс-қимылдың перспективалары туралы пікір алмасады. Отырыс барысында сондай-ақ, Иранмен еркін сауда аймағы мәселесі талқыланады. Жиында одақтың алдағы жылға арналған бюджеті, Көлік және энергетика саласындағы заңнаманы үйлестіру бойынша бірқатар шешімдер, сондай-ақ ЕАЭО-ның ортақ Қаржы нарығын және оның негізгі бағыттарын қалыптастыру тұжырымдамасы бекітілмек. Осының нәтижесінде 2025 жылға қарай Алматы қаласында ұлттықтан жоғары орган құрылмақ. ЖЕЭК отырысының күн тәртібінің басты тармағы – ЕАЭО мен Сингапур арасындағы еркін сауда айналымы туралы Келісім. Бұл құжат ЕАЭО елдері үшін 600 млн адам халқы бар АСЕАН-ға жол ашады.