Нұр-Сұлтанда үш арыс – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлинге арнап ескерткіш қойылады.
«Менің тілім – ұлы дала рухы» атты қалалық тіл фестивалінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен: «Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар басталды. Соның аясында тұңғыш рет астанада №87 Абай атындағы мектепті аштық. Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай, оның есімін Оқушылар сарайына беру жоспарланған. Биыл Жазушылардың халықаралық жиыны өтті. Соның аясында Абай даңғылында Жазушылар аллеясы ашылды. Сол жерде үш арыс — Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай ескерткіш орнатылады. Тұлғаларды ұлықтау үшін білім-ғылым ошақтарына белгілі қайраткерлердің есімін беруді жалғастырамыз» деді.
Осы орайда, бас қалада «әдебиет алыптарына ескерткіш орнатылса, қандай болуы керек?» деген мәселеге қатысты әдебиет зерттеушісі Елдос Тоқтарбайдың пікірін білген едік.
– Үшеуі де бір жылы туып, бір жылы қайтыс болған арыстардың ескерткіші әдеби-композициялық тұрғыдан ерекше болғаны жөн деп санаймын. Әрқайсысының шығармашылық келбетін аша түссе деймін. Ілияс көзәйнек тақпаса, себебі ол өмірде көзәйнекті сән үшін таққан. Үшеуі өлең оқып, сұхбаттасып, сырласып отырғандай кейіпте болса екен. Қызылорда қаласында Әбділда Тәжібаев, Зейнолла Шүкіров, Қалтай Мұхамеджановқа үшеуі дөңгелек үстелдің басында әңгімелесіп отырған ескерткіш орнатылған. Осы ескерткіштің дәл көшірмесін жуырда Қарқаралыда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков үшеуіне қайталап қоя салды. Үш арысқа да дәл солай қайталамай, жаңаша үлгіде болғаны жөн. Бәлкім, үшеуінің де шығармашылығындағы ортақ дүние – Көкшетаудың баурайында отырғандай болса да жарар еді. Меніңше, архитектуралық композицияны жетілдіру керек. Оң жағалауда Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші, Бейімбеттің көшесі бар, үшеуі бірге отырған ескерткіш сол жағалауда қаланың қақ ортасында орналасса, дұрыс болар еді. Бізде тұлғалардың мерейтойын науқандық, күнтізбелік іс-шараға айналдырып жіберген. Мәселен, республикалық Сәкен оқулары, Ілияс оқулары бар. Бейімбеттің атында жоқ. Оның да шығармашылығына осындай насихат керек. Сәкен мен Ілиястың атында университет пен кітапхана бар. Бейімбетте түк жоқ еді, жуырда Қостанайда ауданның атын берді. Одан бөлек, Қостанайда Бейімбетке кітапхана, оқу орнының атын берсе деген ойым бар.