Бұдан былай танымал, абыройы бар адам ғана полицей болады

Бұдан былай танымал, абыройы бар адам ғана полицей болады

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінде еліміздің Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаровтың қатысуымен Президент Жолдауын талқылаған жиын өтті.

Жиынға департаменттің бөлім басшылары қатысты. Аудандық полиция бөлімдерінің басшылары онлайн режимінде қосылған. Арыстанғали Заппаров Жолдауда полиция жұмысына, оның ішінде, учаскелік полиция инспекторларының беделін арттыру, жемқорлықпен күрес мәселесін талқылады.

«Президент тапсырмасынан кейін Төтенше жағдайлар министрлігі құрылды. Бұрын оның қызметі Ішкі істер министрлігінің құрамында еді. Бұдан былай учаскелік полицейлердің мәртебесі артады. Бұл – халықпен етене жақын жұмыс істеуде өте маңызды. Әрбір учаскелік полицей өз ауданында абыройлы, танымал адам болуы тиіс. Біз учаскелік полицейлерге арнап аймақтарда материалдық-техникалық базаны  жақсартамыз. Жалақысына қосымша үстемақы қарастыру да жоспар да бар. Учаскелік полицейдің мәртебесі, өкілеттігі заңнамалық негізде арттырылады», ­– деді ол.

Арыстанғали Заппаровтың айтуынша, учаскелік полиция инспекторларын көлік, планшетпен қамтылады.

Сондай-ақ полицейлердің қызметтік бөлмелеріне бейнебақылау камералары орнатылмақ.