Фейк сөздің құйрығы бір-ақ тұтам

Фейк сөздің құйрығы бір-ақ тұтам

Жалған жаңалықтар әлемде Fake news термині пайда бол­ған­ға дейін де кең таралған. Оның қаңқу сөз се­кілді үлгілерін ер­тегілерден де та­басыз. Де­­­­­генмен сарапшылар бай­ла­­­­­мынша, заманауи «фейк нью­стің» бе­лең алуы және те­тік­­терінің кеме­ліне жеткізілуі Кеңес одағы дәуіріне тұспа-тұс ке­леді. 

Ол кезде мұны «агитпроп» дей­тін. «Батыс іріп-шіруде және жа­­­­қында жойылады» деген идео­логияны негізге алатын қап­­­та­ған жалған жаңалықтар қа­­­зақстандықтардың да есінде бо­лар. Бірақ «темір шымылдырық» ке­сірі­нен әрі балама ақпарат көздері қол­жетімсіз болғандықтан, фейк жаңалықтардың анық-қанығын тексеру кеңес халқы үшін мүмкін бол­мады. «Агитпроптың» қайғылы сал­дарлары бар-тын: оған сенбей, күмән келтіргендердің біразы атыл­ды. Бұл үшін ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы «Үлкен террор» тұ­сында КСРО Қылмыстық ко­дек­­сінің 58-бабының «контр­ре­волюциялық үгіт-насихат не­ме­се үндеу-агитация» (58-10), «кон­трреволюциялық саботаж» (58-14) тармақтары кеңінен пай­да­ланылды. Ал Екінші дүниежүзілік со­ғыс кезеңінде «зиянкестік жә­не тыңшылық-диверсиялық қыз­мет­ке» қатысты 58-6, 58-7, 58-9 бап­тар тобы өкімет үшін айрықша өзекті бол­ды. Ең жоғары жаза түрлерін қа­растыратын бұл қанды тетіктер кеңестік жалған ақпараттарға шәк келтірген қаншама саналы аза­матты құрбан етті.

Қазір заман басқа, заң басқа. Қа­зақстан енді «фейк ньюспен» кү­ресуде. Республикамызда жал­ған ақпарат үшін қылмыстық қу­да­лау енгізілген. Дегенмен мұны ке­рісінше, жоғары деңгейде қол­дап, қаржыландыратын елдер де табылады. Халықаралық сарап­шы­лар 2014 жылы Ресей–Украина қақ­тығысы өршігенде жалған жаңа­лықтар легі шырқау шегіне жет­кеніне назар аудартады. Ресейде Евгений Пригожин басқарған, жалған ақпараттарды тәулік бойы мыңдап таратқан «тролльдер фаб­рикасы» – «Интернет зерттеулер агент­тігі» жұмыс жасайтыны әш­кереленді және оның өкілдері аме­рикалық санкцияларға ілікті.

Тіпті солтүстік көршінің №1-арнасы – «Первый ка­нал» қиялдан құрастырып, не­бір сұм­дықты көрсетемін деп абы­ройы­нан айырылды. Мәселен, те­леар­на 2014 жылғы 25 қазанда Ук­раинада «азаматтық соғыс» жү­ріп жатқанына дәлел ретінде «Донбаста қырылған халық» деп, 1995 жылғы Шешенстандағы со­ғыстан кадрларды ұсынған. 2014 жыл­ғы 12-13 шілдеде ол паш еткен «сол­­даттардың сепаратистерді қол­даған ананың үш жасар баласын ке­­ріп өлтіргені» туралы фейк те­лесю­­жет тіпті Ресейдің өзінде жек­кө­рініш тудырып, қатаң сынға ұшы­­ра­ды.

Оның қарсыластары да қарап отыр­ған жоқ. ресей президенті В.Пу­тиннің «баяғыда өліп қалғаны, ор­нында тек ұқсас адам билік етіп жүр­гені» жайында дәлелденбеген ақ­параттар жиі бой көтереді.

Google Trends дерегінше, содан 2018 жылға дейінгі аралықта 100 бал­ға дейін шарықтаған Fake news-ке деген сұраныс қазір едәуір тө­мендеген және 25 балл айна­ла­сын­да ға­на құбылуда.

Бүгінде фейк ақпараттың не­гіз­гі көзі – әлеуметтік желілер мен ­мессенджерлер. Себебі қара­пайым халық заманауи әлемде жаңа­лық­тарды да негізінен осылардан біледі. Олардың біразы адамдар үшін шын қауіп-қатер әкеледі. АҚШ-тағы президенттік сайлауда осы­н­дай хабарламалар жеңілуіне ық­пал еткен Хиллари Клинтон 2016 жылдың желтоқсанында ел алдына шығып, америкалық қо­ғам­ды «залалды Fake news және жал­ған үгіт-насихаттың індет-эпи­демиясы» жайлағанын қынжыла же­т­кізді: «Бүгінде фейк жаңалықтар әлем­дегі шынайы оқиғаларға әсер ете бастағаны түсінікті болуда», – де­ді ол.

Оның сөзін таратқан аме­­­ри­­калық журналистер «Пиц­­­ца­­гейт» деп аталатын жан­жал­­­ды еске түсірді. Өйткені пре­­зиденттік дода барысында қар­­сыластары әлеуметтік же­лі­лер арқылы «Хиллари Клин­тон­ның жақтаушылары педо­фил­дердің құпия ұйымымен ты­ғыз байланысты-мыс» деген жал­ған деректі жан-жақты жаю­ға күш салды. Мұның фейк еке­нін The New York Times-тан бас­тап, Fox News-ге дейін атап көр­­сеткеніне қарамастан, ақы­рын­да соған сеніп қалған адам­дар­дың бірі Вашингтондағы пиц­церияға басып кіріп, қару­дан оқ жаудырған. Себебі, әр­түр­лі сайттар мен әлеуметтік же­лілерде педофилдердің ық­пал­­ды құпия ұйымының АҚШ ас­­танасындағы Comet Ping Pong танымал пиццериясымен ық­­тимал байланысы жайы тал­қы­ла­на­ды. Қылмыскер, Солтүстік Ка­ролинадан келген 28 жастағы Эд­гар Мэддисон Уэлч тек пиц­це­­­рияны тінтіп шығып, онда құ­пия бөлмеде балалар қамауда ұс­талмайтынына әбден көзі жеткесін ға­на полицияға өз еркімен бе­ріл­г­ен.

Сарапшылар әсіресе, адам ден­саулығы мен тамақ өнімдеріне қа­тысты фейк-кеңестер аса қауіп­ті екеніне назар аудартады. Қа­зақстанда әлеуметтік желілер және WhatsApp арқылы қандай да бір дәрінің адам денсаулығына аса зиянды екені туралы хабарлар дүркін-дүркін ел арасын кезіп жү­реді. Бұл адамдардың аса маңызды дәріні не вакцинаны қабылдаудан бас тартуына соқтыруы ғажап емес.

Мәселен, өткен жылдың соңын­­да дәріханаларда израильдік па­рацетамол сатылатыны, оны пайдаланған адамдар ал­тын­шы күні өлетіні туралы мә­лі­мет тарады. Бұл әлемдік дең­гей­­­дегі «фейк-шабуылдың» бір жаң­­­ғырығы болатын. Айтқан­дай, қазақстандықтарды «өлім­ге соқтыратын қауіпті параце­та­­молмен» осымен үшінші рет қор­­қытып отырғаны анықталған. Бі­рінші толқыны 2015 жылы жүр­ді, онда таблеткадан улы ұсақ сымдар табылғаны «паш етіл­ді». Осыған орай прокуратура дә­рінің осы түрінен ешқандай сым табылмағанын және «жалған спам-жөнелтілімдер фактісі бойын­­ша тергеу жүріп жатқанын» мә­лім етті. Ол тергеудің немен аяқ­­талғаны хабарланбады. Бірақ жө­нелтілімдер сап тыйлды.


2017 жыл басында параце­та­молдың «қауіптілігі» туралы та­ғы да жаппай ескертулер келе бас­тады. Онда «дәріде «Мачупо» бо­ливиялық геморрагиялық безгегі вирусы жасырылғаны» айтылады. «Бұл ақпарат жалған. Қазақстанда сатылатын парацетамолда еш­қан­дай P500 деген жазу жоқ. Мұн­дай таблеткалар ТМД елде­рін­де де, шет мемлекеттерде де кездеспейді», – деді сонда ДСМ Фармация комитетінің бас сарапшысы Ғалымжан Мыр­зах­­метов. Дәл осындай жоққа шы­­ғаруларды Ресей, Үндістан, Ма­­лайзия және басқа да елдер рес­ми жариялады. Онда «Мачупо» вирусы құрғақ ортада, мәселен, таб­летка ішінде өмір сүре алмай­ты­нына екпін түсіріледі.

Мамандар ақпарат құрал­дары­на дәріге қатысты ақпараттың ақи­қатын тексергенде, Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының де­рек­тері мен мәлімдемелеріне жү­гінуді ұсынады.  

Дәріге қатысты фейк жаңа­лық­тарға шынайылық сипат пен салмақ беру үшін оны таратушылар Денсаулық сақтау министрлігіне «сілтеме» жасауға тырысады. Мә­селен, 2017 жылғы қаңтарда атал­ған меморган әлеуметтік же­лілердегі «Қазақстанның денсау­лық сақтау министрлігі» деп ата­латын бірқатар аккаунттың жалған екенін және оны белгісіз тұл­ғалар жүргізетінін хабарлады. Оның үстіне, ол кезде меморган атауы – «Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі» деп аталатын.

Осының алдында, 2016 жылдың қа­занында дәл осы министрліктің бас­шысы Тамара Дүйсенова ғалам­торда орналастырылған дәрі жар­намасына өзінің қатыспағанын мә­лімдеп, жоққа шығарды.

Жалпы, жаңалықтардағы шын­дық­тың қайда, ал өтіріктің неде екенін айыру қиын болып барады. АҚШ-тағы сайлау кезінде ресейлік күштер әлеуметтік желідегі «фейк ньюс» легі арқылы Х.Клинтонның жеңілуіне және «Ресейге оң көзбен қарайтын» Д.Трамптың жеңуіне ықпал етті деген ауыр айыптан кейін Facebook британдық тәуелсіз қайырымдылық ұйымы Full Fact-ке жүгініп, бұған тосқауыл қоюдың амалын тауып беруді сұрады. Өз кезегінде ол фейсбук арқылы таралған посттарға фактчекинг жүр­гізе келе, өз ұсынымдарын ен­гізді. Оның негізінде әлеуметтік же­лілердегі Fake news-бен күрес өрістей бермек.

Сонымен бірге дәстүрлі ақ­па­рат құралдары да елді елең ет­кізу үшін аракідік жалған жаңа­лықтарға жол беріп тұрады. Соның бірі – танымал, белгілі тұл­ғалардың «өлгені» туралы жаңа­лықсымақтар. Кезінде Марк Твеннің: «Менің өлімім туралы өсектер асыра айтылған» деуі, Хемингуэйдің өзіне қатысты нек­рологты шампан толтыра құй­ған бокалды ұстап оқығаны, ал Киплингтің газетке жауап хат жазып: «Әлгінде ғана өліп қал­ға­нымды білдім. Ендеше, мені газеттеріңіздің жазылушылары тізі­мі­нен алып тастауды ұмыт­паңыз­дар!» деуі осыдан.

2018 жылғы қазанда әлеуметтік желілерде тараған «композитор Ескендір Хасанғалиевтің қайтыс болғаны» туралы ақпаратқа тіпті кей­бір республикалық БАҚ-та се­ніп қалып, үн қосқан. 2019 жыл­­­ғы маусым айының соңында Энергетика министрлігі министр Қанат Бозымбаевтың «жол апа­­ты кезінде қаза тапқаны» жөнін­де­гі радиодан хабарланған жаңа­лық­тың фейк екенін, оның өз кабинетінде жұмыс істеп отыр­ға­нын нақтылады. Тізе берсе, мұн­дай «жаңылысулар» толып жатыр.

Сарапшылар «жалған өлімнен көрілім» жимау үшін белгілі тұл­ға­ның жақын-жуық, жолдас-жо­ра­ларына немесе ол қызмет жасай­тын мекемеге қоңырау шалып қой­ған жөн екенін еске салады.

Фейк ақпарат тарату – ерік­кен­нің ермегі емес. Оның теріс ке­сірінің зорлығы, тіпті лаңкестік шара салдарына теңелуі ықтимал болғандықтан, мемлекет онымен қатаң күресуде. ІІМ дерегінше, 2017 үш қазақстандық осы әрекеті үшін қылмыстық жаза тартқан. Оның бірі – 26 жастағы әйел екен. Бар­лығы да жұмыссыздар. 2016 жылы «көрінеу қасақана жалған ақ­парат таратқаны үшін» бұдан әлде­қайда көп – 14 адам сотталған. Оның алтауы – нәзік болмыс ие­лері.

Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, «кө­рін­еу жалған ақпарат таратқаны» үшін адамдар 10 жылға дейін түр­ме­ге отыратынын ескер­теді. Бұған қоса, «Жала жабу» ат­ты 130-бап үш жылға дейін бас бос­тандығынан айыруға жаза­лау­ды қарас­тыра­ды.

«Шын сөзің – бал, жалған сө­зің – жуадай, Жуа сасып бал иі­сін қуады-ай! Шын сөз – шипа, өті­рік сөз – кесел ғой, Ескі сөз­ден осындай ой туады-ай!» деген ХІІ ғасырда түркі ғұламасы, Түр­кістанның тумасы Ахмед Йүгінеки. Бабалар ақылынан жаза баспайық, әдептен аспайық.