Бішкекте тағы да төңкеріс...
4 қазанда өткен парламенттік сайлауға 16 партия қатысты. Президент Сооронбай Жээнбеков олардың ешбірін ресми түрде қолдамаса да, президентті жақтайтындары аз емес. Мәселен, «Биримдик» (Бірлік) партиясында президенттің інісі бар. Кейбір партияларды экс-президент Алмазбек Атамбаевтың социал-демократтар партиясынан бөлініп шығып, жаңа президентті қолдағандары құрды. Оппозиция да, жаңадан құрылғандары да жоқ емес. Сонымен, соңғы мәлімет бойынша, қырғыз парламентіне додаға түскен 16 партиядан 4-і ғана өткен. Олар «Биримдик» (24%), «Мекеним Кыргызстан» (23%), «Бутун Кыргызстан» (7%) және «Кыргызстан» (9%). Сарапшылар алғашқы үшеуі Сооронбай Жээнбековті жақтаушылар деген пікір айтады. Яғни, президент соңғы жылдары билік олимпін қарсыластарынан тазалап болған соң парламентті өзіне қарасты етпек болғаны көрініп тұр. Бірақ енді «жоспар» да, сайлаудың нәтижесі де жарамсыз болып қалды. Неге?
Сайлаудың алғашқы нәтижелері жарияланған соң 7 пайыздық межені аттай алмаған партиялар оппозициялық блокқа бірігуді жөн санап, жақтастарын Бішкек алаңына шығуға үгіттеді. Олар нәтиже бұрмаланған деп есептейді. Наразы электорат милициямен қақтығысты. Ереуілшілерді басу үшін көзден жас ағызатын газ, су, резина оқтар, дыбыс шашкалары қолданылды. Соған қарамай милицияның бірнеше көлігі өртенді. Жедел жәрдем көліктеріне де шабуыл жасалған. Жараланғандар да жетерлік, 160-тан астам адам ауруханаға жеткізілген, бір адам көз жұмды. Оған қоса, саны көп наразы топ бірнеше мемлекеттік ғимаратқа басып кірді.
Азамат Атамбаев. Олардың қатарында парламент, президент резиденциясы, ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараты бар. Жиналған жұрт соңғысынан экс-президент Атамбаевты, экс-премьер Сапар Исаков және басқа да түрмедегі шенеуніктерді босатты. Осы әрекеттен-ақ екі нәрсені түсінуге болады. Біріншісі, ереуілшілердің басым бөлігі Атамбаевтың жақтастары, олар о бастан оны еркіндікке шығаруды жоспарлаған болуы ғажап емес. Екіншісі, бұл кек қайтару актісіне ұқсас жағдай. Яғни, сайлаудағы заңсыздыққа қарсы шыққан оппозиция сотталғандарды түрмеден шығарып, өздері басқа заңсыздыққа барып отыр. Осы тұста ереуілшілер қалайша ғимараттарды оңай басып алды деген сауал туындайды. Бірден-бір себеп – милиция ғимаратты қорғауда жиналған жұртқа аса қатты қарсылық көрсетпеген. Тіпті, кейбір видеоға қарасақ, біршама құқық қорғау органдарының өкілдері наразы топтың қатарына қосылып кеткен.
Жалпы, Қырғыз Республикасының тарихында 2000 жылдан бері ешбір сайлау тыныш өтпеген. Бұрынғы төңкерістер де сайлаудан кейін басталды. Бұл жолы парламентке кіре алмай қалған оппозициялық партиялар жеңіске жеткен билікшіл партиялардың дауысты сатып алуға кіріскеніне наразы болды. Әлеуметтік желі, интернетте әр дауыс 1500-5000 сом аралығында бағаланғаны жазылған. 6 млн халқы бар елде 1,5 млн тұрғын кедей саналады. Яғни, әлеуметтік жағдайы төмен қоғамда мұндай заңсыз әдістің жеміс беруі әбден мүмкін.
Бұдан бөлек, коронавирус пандемиясында қырғыз елі қатты зардап шекті. Науқастардың вирустан қайтыс болу фактісі жоғары болды. Шарасыз қалған медицина саласын волонтерлер алмастырып жатты. Карантин бизнестің ісін тоқтатып, елдегі ІЖӨ-нің бестен бірі қысқарды. Мұның барлығы президент Сооронбай Жээнбековтің халық арасындағы абыройын түсірген. Осы факторлар наразы жұрттың қатарын қалыңдатқан сыңайлы.
Алма-кезек ауыс-түйіс. Сырттай қарасақ, бұл кезекті қырғыз елінің мемлекеттік төңкерісі секілді. Өйткені бүгін Қырғыз Республикасының заңды сайланған, тағайындалған көпшілік лауазымды тұлғалары (премьер-министр, үкімет мүшелері, Бішкек қаласының басшысы, бас прокурор) қызметінен кетіп, олардың орнына уақытша міндетті атқару үшін жаңа азаматтар тағайындалуда. Мәселен, үкіметті түрмеде отырған экс-депутат Садыр Жапаров басқаруы мүмкін. Ал бұған дейін істі болып, үйқамақта жатқан Құрсан Асанов Бішкектің жаңа комменданты атанды.
Елдегі жағдайды бақылау үшін оппозиция үйлестіру кеңесін құрды. Оның құрамына ҚСДП, «Ата Мекен», «Республика», «Бир бол», «Замандаш», «Бутун Кыргызстан», «Реформа» және «Ордо» секілді партиялар кірген. Төрағасы «Бутун Кыргызстан» партиясының төрағасы Адахан Мадумаров. Комитет өкілі, Жогаргу кенеш депутаты Алтынбек Сулайманов қазіргі үкімет тарап, жаңасына қазіргі ешбір министр кірмейтінін мәлімдеді.
Ал өз кезегінде президент пен үкімет мәлімде жасап, азаматтарды заңды сақтауға шақырды. Әзірге С.Жээнбековтің қайда екені белгісіз. Баспасөз хатшысы ол Бішкекте, елдегі жағдайды бақылауда ұстап отыр деп хабар таратты. Ал расталмаған мәлімет бойынша, ол Ош өңіріне аттанған. Қысқасы, республикадағы билікті оппозиция өкілдері ақырын қолына ала бастады. Егер жағдай осылай өрби берсе, Жээнбековтің орнынан кетуі ғажап емес. Егер ондай сценарий жүзеге асса, қырғыз саяси өмірінің ең әлсіз тұсы – саяси элитаның оңтүстік және солтүстік болып бөлінуі тағы да көрініс табады. Себебі бұған дейінгі қақтығыс, төңкерістерде де баррикаданың қос тарабында сол оңтүстік және солтүстік өкілдері болған еді.
Бәрі қайта басталмақ. Бас прокурордың міндетін атқарушы Алмамбет Шыкмаматов 4 қазан күні өткен парламенттік сайлаудың нәтижесін жоққа шығарды. Оған қоса, заң бұзған лауазымды тұлғалар жауапқа тартылады деді. Сәйкесінше, жақында жаңа сайлау тағайындалады. Ал егер заң бұзғандарды жазалау операциясы басталса, онда Жээнбековті қолдаушы талай азамат түрмеге тоғытылуы мүмкін деген сөз. Себебі 2018-2019 жылдары қазіргі президент Алмазбек Атамбаевтың жақтаушыларын біртіндеп қызметтен қуып, абақтыға апарған еді. Жағдайға қарасақ, кезек Атамбаевқа келген сыңайлы.
Өкініштісі, әр төңкеріс сайын қатардағы азаматтар, бизнес, ел бюджеті зардап шегеді. Саяси серкелердің мүддесін қорғаймын деп талай қырғыз оққа ұшты, жараланды. Жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, кәсіпкерлердің дүкендеріне шабуыл жасалады. Бұл жолы ондай бассыздық болмаған. Есесіне, Талас облысында ереуілшілер бірнеше алтын қазушы компанияға шабуыл жасап, олардың мекемелерін, ғимаратын тартып ала бастаған.
Аузы күйген үрлеп ішеді. Алдыңғы төңкерісте билік қолынан сытылып бара жатқан шенеуніктер қашып бара жатып, мемлекет қазынасын талай тонаған. Осы жолы қаржы министрлігі жүзеге асыратын қаржы операциялары тоқтапты. Банкоматтар жұмыс істемей тұр.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА