АШМ басшысы Сапархан Омаров – тәжірибелі, салмақты саясаткер. Қазақшаға да жүйрік. Бірақ оның өзі Үкімет отырысында дайын баяндаманы оқуда сөзден жаңылып, сүрінумен болды. Әсіресе, ол Қазақстанның онсыз да аз астық экспорты енді бірден 8 миллионға азаятынын айтып қалғанда, министрлер мен журналистер арасында селк еткендер болды. «Ә, 3 млн тоннаға төмендеуі мүмкін...» деп түзетіп қойды оны ұққан министр.
Ауыл шығаратын өнімнің ұдайы өсуіне жауап беретін тұлғаның уайымдап, жүйкесі жұқаратын да жөні бар. «Мұнайлыдан» кейінгі орында «аграрлық мемлекет» деп дәріптелетін Қазақстан биыл астық жинаудан өзіндік бір антирекорд орнатуда.
Үкімет басшысының сөзі де әлдебір күрсініске ұқсап кеткендей болды. Өйткені келесі жаңалықты естісе, саудагерлер «ас атасының» бағасын шарықтатып жіберуі әбден ықтимал.
– Осы жылы ауа райының жайсыз болуына байланысты біз өткен жылмен салыстырғанда, бункерлік салмағында 2 миллион тоннаға кем астық жинадық. Сондықтан нанға бағаны тұрақтандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен бірге астықты уақытылы сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырамын! – деді Премьер-министр Асқар Мамин.
Ол Қазақстандағы ауа райының ерекшеліктерін, соның ішінде қазір күн күрт суытқанын назарға ала отырып, жиналған осы астықтың өзін сақтап қалуға барлық күшті салуды, нан қабылдау кәсіпорындарының астықты уақытылы қабылдауын, сондай-ақ ылғал астықты кептіру мен өңдеуді қамтамасыз етуді жүктеді.
Сонымен қатар Премьер-министр АШМ-ге әкімдермен бірге ауыл шаруашылығы құрылымдарын келесі жылғы егінге қажетті сапалы тұқыммен толық көлемде қамтуды, биылғы астықты экспорттауға дайындық жұмыстары аясында тасымал-логистика мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Тағы бір түйткіл сол, осы жылғы жиналған ауыл шаруашылығы дақылдарының ылғалдылығы жоғары екені анықталуда. Қарапайым тілмен айтқанда, жауынның көп жаууы салдарынан астық «су-су». Сәйкесінше, Энергетика министрлігі қазан-қараша айларында астық пен тұқымды кептіру үшін облыстарға дизельді отынның қосымша көлемін бөлу мәселесін қарастырмақ. Әйтпесе, азын-аулақ астықтың өзі бөртіп, көктеп кетуі мүмкін. Ондай дән тамаққа пайдалану, экспортқа шығару тұрмақ, малдың азық-жеміне де жарамасы сөзсіз.
Министр С.Омаровтың айтуынша, орақ науқаны аяқталып та қалған. Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, дәнді дақылдар 2019 жылы 15,2 млн гектар алқапқа егіліпті. Қазір соның 15,1 млн гектары орылып болды. Бұл 99,2%-ын құрайды.
Одан 19,1 миллион тонна астық бастырылды. Өнімділік әр гектардан 12,6 центнерден ғана айналған. Бұрын мақтан етілетін 14 центнерлік көрсеткіш те жоқ. Неге? Табиғат шырай бермеді. Ыңғай бермеді. Орта ғасыр болса бір сәрі, технологиясы ұшқыр дамып жатқан ХХІ ғасырда бұл тосын естіледі. Бірақ Үкіметте осы алға тартылды.
– Биылғы жаз маусымының ыстық әрі құрғақ болуы дәнді дақылдар өнімділігінің төмендеуіне себеп болды. Нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда, астық өндірісі төмендеуде. Жазғы аптап ыстықтың сыртында, егін жинау жұмыстары барысында ұзақ уақыт, яғни жиынтығында 15-20 күн бойы жауын-шашын жүрді. Бұл астықтың сапасына да, өнімділігіне де әсер етті. Алдын ала есептер бойынша, 2019 жылы дәнді және дәнді бұршақ дақылдарының жалпы ауқымы бункерлік салмақта 19 миллион тоннаны құрауы мүмкін. Бұл 2018 жылғы өнім көлеміне қарағанда 2 миллион тоннаға кем, – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрі.
Келесі дерек Үкімет мүшелерінің қабағын одан әрі түксите түсті. Жедел деректерге сәйкес, элеваторларға келіп түскен бидайдың 80%-ға жуығы ғана азық-түлікке жарайды. Бұл – іру-шіру үдерісі басталмай тұрғандағысы. Қазірдің өзінде астықтың 20%-ы тек мал азығына және техникалық мақсатқа ғана жарайды. Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жылы азық-түліктік бидай үлесі 93%-ға дейін жетті.
Әзірге элеваторларға жаңа астықтың небәрі 2,9 млн тоннасы ғана тасылып үлгерген. Осындай жағдайда Қазақ елі жаһандық «қара базарға» қанша нан шикізатын жеткізе алады?
– 2019-2020 маркетингтік жылда дәнді дақылдар өндірісінің азаюына байланысты Қазақстанның экспорттық әлеуеті өткен жылмен салыстырғанда шамамен 3 миллион тоннаға төмендеуі мүмкін. Бұл ретте 2019 жылдың экспорттық стратегиясы былтырғыдан өзгеше. Себебі 2018 жылғы стратегия экспорттық бағыттарды кеңейтуді көздеді. Ал осы жылғы негізгі мақсат басқа. Ол – Орталық Азия елдерінің, атап айтқанда Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, сондай-ақ Ауғанстан және Иран тәрізді дәстүрлі өткізу нарықтарындағы қазақстандық астықтың орнын сақтап қалу болады. Өйткені бұл елдердің өзінде астық бітік шығуына байланысты олардың сұранысы да төмендеуде, – деді Сапархан Омаров.
Жаңа нарықтарды игеруден амалсыз бас тарта тұратын Қазақстан іргедегі осы дәстүрлі нарығына бидай мен ұнды – екеуін қоса алғанда 5 млн тоннасын сатса да қанағат етуге дайын екен.
Бұдан бөлек, «сенімсіз серіктес» атанбас үшін қол жеткізілген келісімдерді орындап, Қытай бағытында жоғары сапалы Hi-Pro бидайын және арпаны экспорттау қарқынын ұстап тұруға мәжбүр. Әйтпесе, хаттамаға қол қойылып қойған.