Бастауыш партия ұйымдары бақ сынады

Бастауыш партия ұйымдары бақ сынады

Қызылордада «Бастауыш ұйым – партия тірегі» атты тақырыпта ұлттық спорт түрлерінен бастауыш партия ұйымдары арасында турнир өтті. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған сайыста қатысушылар «Тоғызқұмалақ», «Қол күресі», «Асық ату», «Бес асық», «Арқан тарту» спорт түрлері бойынша бақ сынады.

Облыстық деңгейдегі сайысқа ау­мақ­тық кезеңде жеңімпаз деп танылған 11 бастауыш партия ұйымдары қатыс­ты. Жарысты облыстық партия фи­лиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова ашып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Өздеріңізге белгілі, бастауыш ұйым­­дар – кез келген саяси партияның түп не­гізі. Елбасы, Nur Otan партия­сы­ның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің ке­ңей­тілген мәжілісінде жария еткен «Се­нім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan пар­тиясының 7 серпіні» атты партия жұ­мысын жүйелі жаңғырту бағдарламасында партия алдындағы негізгі міндеттерді атап өтіп, оларды табысты жүзеге асыруда партияның «ядролық» электоратын қалыптастыру­ды айтқан болатын.

Еліміздегі басты саяси күш Nur Otan партиясының өкілдері ретінде алды­мызда, Елбасы атап өткендей, халыққа жақын болып, оның мұң-мұқтажын білу мен оған қолдау білдіру, қоғамда туын­дайтын мәселелерді шешуге көмектесіп, халықпен кері байланыс орнату құрал­дарының тиімділігін арттыру міндеттері тұр. Сондықтан бастауыш ұйымдар заман талабына сай жаңашыл болып, саяси бәсекеде өмірді жақсартуға барынша қабілетті болуы керек. Бастауыш партия ұйымдары белсенді қоғамдық-саяси жұмыстың орталығына айналуы тиіс. Сондықтан бүгінгі ұйымдастырылып отырған турнирдің негізгі мақсаты біріншіден, ұлттық спортты дамыту мен партия­ластарымыздың саламатты өмір сүруін көздесе, екіншіден партия мен бас­тауыш ұйымдар арасындағы кері бай­ланысты орнату, бір-бірімізбен тәжірибе алмасу, алдағы міндеттерді дәл осындай ауыз­біршілікте жүзеге асыру, – деді Ақмарал Әлназарова.

Әр айналым талас-тартысқа толы болды. Командалар өздерінің мықтылы­ғын сайыс кезінде барынша дәлелдеп бақты. Жалпыкомандалық есепте мықты ойын өрнегін көрсеткен Қазалы аудандық пар­тия филиалының «Жанқожа» бас­тауыш партия ұйымы жарыс жеңімпазы атанып, 150 мың теңге қаржылай сый­лыққа және партия кубогына ие болды. Ал екінші орынды иеленген Арал аудан­дық партия филиалының «Сарыбұлақ» бастауыш ұйымы 100 мың теңге ақшалай сый­лықпен марапатталса, Қызылорда қа­лалық партия филиалының «Ша­ңырақ» бастауыш партия ұйымы 50 мың теңге қаржылай сыйақыны қанжығалап, үздік үштікке кірді.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар әрбір сайыс түрлері бойынша жеңімпаз бастауыш партия ұйымдарын мара­пат­тады. Сайыс қорытындысына сай, жеңімпаздарға алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.


Әбілмансұр ЖАСАН