Терроризм: қорқыныш пен қатыгездік

Терроризм: қорқыныш пен қатыгездік

Қазіргі таңдағы «заманауи терроризм» ұғымы, біріншіден, саяси феномен екенін мойындауымыз қажет. Жаңа заманда соғыс, яғни қарулы әскери агрессия халықаралық құқық нормалары бойынша заңсыз тыйым салынған әрекет болып саналады. Сондықтан бүгіндері астыртын, қарусыз соғыстың жаңа форматтағы әдістері дамып жатыр. Ал осы әдістердің айқын көрінісі «терроризмді» саяси құрал ретінде пайдалану болып отыр.

Бүгінгі заманауи терроризм­нің ерекшелігі – оның артында кім тұрғаны, қандай мақсатты көздегені жасырын болуында. Әдетте бұл адамзатқа қауіпті, зиян іс-әрекеттің «орындаушы­лары» өздерінің не істеп, не қойып жатқанын түсінбейтін, білмейтін «діни догмалардың» арбауына түскен қуыршақтар болады. Мұндай террорлық акті­лер­дің нақты қандай мақ­сатты көздегені жылдар өткеннен ке­йін ғана, сарапшы мамандар­дың зерттеу жұмыстарының көмегі­мен ашылып жатады.  

Қазіргі саяси-құқықтық құн­дылықтар жүйесі ақпараттық қо­ғам формациясының экспан­сия­­лық әсерінен өзгерістерге ұшырап, қайта бағамдалып жат­қан сәтте заманауи терроризм құбылысы өзі пайда болған бар­лық жерде мультипликативтік эффект тудырып жатыр. Қоғам­дық пікір мен саяси билік ара­сындағы байланыста әдетте тікелей бағытқа ие манипуляция­лық әдістерде жанама атқару­шы­лық табиғатқа ие болып, түр өзгертуде. Мәселен, «қорғау», «қауіпсіздендіру» желеуімен терро­ризмнің «жасырын» саяси-эко­номикалық мақсаттарға қыз­мет еткен іс-әрекеттерін ақтау. Осындай жасырын мақсаттарды көздеген террорлық актілерді орындау үшін алғышарт ретінде «құрастырмалы қауіп», «секью­ри­­тизация» әдісі қолданылады. Яғни, әлеуметтік, мәдени немесе саяси құбылыс пен тақырыпты «өзекті ішкі немесе сыртқы қауіп­сіздік» деңгейіне дейін көте­ру. Батыстық бірқатар сарап­шылардың пікірінше, «құрас­тыр­малы (конструктивті) қауіп, үрей» көпшілік жағдайда қауіп­сіздікке қатысы жоқ тақы­рып­тар­ды «қауіпті», «қорқынышты» етумен байланысты дейді.

Мәсе­лен, әлемде жол үстінде көлік апатынан қайтыс болған адам­дар­­дың саны халықаралық тер­ро­­ризмнің салдарынан қай­тыс болған адамдардың санынан мың есе артып түседі. Алайда сіздің санаңызда жол мен авто­кө­ліктің қауіптілігінен гөрі, тер­ро­ристік актінің қауіптілік үрей тудыру перспективасы басым. Бұл медиа мен саяси құралдар арқылы сіз бен біздің санамызға салынып жатқан «үрей» мен «қор­қыныштың» проекциясы. Терроризм қауіпті және қорқы­ныш­ты. Алайда мәселе әрбір террордың артында жасырынған үлкен террор бар екенінде.

Заманауи терроризм құбы­лысы ашық манипулияциялық табиғатынан бөлек, азаматтар­дың санасына және саяси ре­жим­дерге әсері арқылы өз кезе­гінде секьюритизациялық эф­фект тудырады. Мәселен, кезін­де дәл осындай мысалмен АҚШ саяси авантюралар жасап, Ауған­стан мен Ирак, кешегі Сирия мемлекеттерінің жеріне басып кіріп, Таяу Шығыс аймағында саяси-әлеуметтік балансты бұз­ған болатын. Кез келген мем­ле­кет пен саяси күштен жасанды құбыжық – «Левиафан» жасау заманауи терроризмге тапсырыс берушілерге таптыр­мас құрал.

Мысалы, біздің бүгінгі ақпа­раттық кеңістігімізде Орта Азия елдеріне халықаралық террорис­тік ұйымдар тарапынан төнетін қауіп-қатері жиі жазы­луда. Кешегі Сирия жерінде күйреуге ұшыраған «ДАИШ» секілді ұйым­дардың Орта Азия мен Орта­л­ық Азия аймағына локация ауыстыруы – халықаралық қауіп­­сіздіктің күн тәртібінде тұр­ған мәселелерінің бірі. Деген­мен Орта Азиядағы діни экстремизм мен терроризмнің қауіп-қатері туралы ақпараттар­ды сараптасақ, олар да біржақты ақпараттық табиғат, бірсарын­ды­лық басым екені байқалады.

Мына бір статистикалық мәліметке қарайтын болсақ, 2000-2016 жылдар аралығындағы заманауи терроризм кесірінен әлемдік деңгейдегі келтірілген шығын көлемі берілген. Соңғы жылдардағы Сирия жеріндегі қарулы қақтығыстарды ескеретін болсақ, бұл көрсеткіштер артпа­са, кемімегені анық. Дін атын жамылған терроризм мен экстре­ми­зммен күресуге бөлініп жат­қан қаржы мен одан келіп жатқан қаржылық зардапқа қарасаңыз, терроризм тақырыбы өз алдына «нарық» қалыптастырып отырға­нын көреміз. Және де осы терро­ризм­мен күресіп жатқан саяси күштердің ешбірі күресті өз тер­ри­ториясында жүргізіп жатқан жоқ. Халықаралық терроризм­мен күрес, бұл жаңа геосаяси мүд­де­лер мен энергетикалық ресурстарға салынған «инвести­ция» болып отыр.

 

Таңат МЫҢБАЙ