Қыз зорлағанды кешіру мүмкін бе?

Қыз зорлағанды кешіру мүмкін бе?

«Әйгілі» Мақсат Үсенов 2013 жылдың соңында BMW X6 автокөлігімен алты адамды қағып кетіп, бір адам қайтыс болған еді. Жол апатына кінәлі Үсенов 45 тәулікке қамалып, көлік жүргізу құқығынан айырылды. Үсенов­тің бұған дейін де жол-көлік оқиғасымен аты шыққан еді. Ал Алматыда зорланған батысқазақстандық бизнесмен бойжеткен қылмыскерді айыптаудан бас тартыпты. Кінәлінің әйелінің аяғы ауыр, олар бұл сәбиді сегіз жыл күткен екен. Айыптыны ақтап алуына осы оқиға себепкер болып отыр. Ал өз «қайғысын» ішке бүккен ару қаладан да безіп кетті. Қылмыскер болса, өз кінәсін сезінбестен, қалада «тайраңдап» жүр. Біз осылайша, тағы бір қызды «құрбандыққа» шалдық. Ол қылмыскердің екінші рет қыз зорламасына кім кепіл? Жалпы, қыз зорлағанды кешіру мүмкін бе?


Бұл мәселені шешудің жолы қандай?

 

Нұржан ӘЛТАЕВ,
Парламент Мәжілі­сі­нің депутаты:

– Әйелдерге қа­тыс­ты жасалған зор­лық-зомбылықты ауыр қылмыс сана­ты­на өткізу керек. Мұ­ның артықшылық­та­ры өте көп. Егер ауыр санатқа жататын болса, ең алдымен, ол екі жақтың келісімімен шешіле қоймас еді. Істің яғына дейін жетуіне әсер етеді. Одан кейін бас бостандығы жауап­кер­шілігін көтеруіміз керек. Үшіншіден, зор­лыққа тап болған әйел кісілерге сол кезде жағ­дайдың бәрі жасалуы қажет. Тергеу жүріп жатқан кезде кәсіби психолог бөлінуі тиіс. Одан кейін мем­лекеттің қаржы­лан­дыруымен адвокат бөлінуі керек. Жалпы, мұндай жағдайға тап болған әйелдерге жан-жақты көмек көрсетілуі қажет.

Соңғы уақытта әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Бұл – біздің намысымызға тиетін тенденция. Сондықтан да оны орта ауыр санаттан ауыр санатқа өткізуіміз керек деп отырмыз. Аналарымыз бен қарындастарымыздың арын таптатып қойсақ, ол – елдігімізге сын.

Осындай қылмыс жасағаны үшін соттал­ғандардың кейбірі мерзімінен бұрын босап жатады. Олай болмауы керек. Біз дәл осы зор­лық қылмысы үшін сотталған адамдарды мер­зімінен бұрын шартты босату бабын заң­нан алып тастау керек деген ұсыныс енгізбекпіз.


Дина ТАҢСӘРІ,
«НеМолчиKZ» зор­лық-зомбылыққа қарсы 
қоғамдық қоз­ға­лысының жетекшісі:

– Осындай қыл­мыс кесірінен жыл са­­йын Қазақстанда сан мыңдаған әйел зар­дап шегеді. Қан­ша­ма нәзікжандының өмірі тұманға айналып, оның соңы айықпас трагедияға ұласып жатыр. Бұл бізге керек пе? Жоқ. Жалпы, еліміз бо­йынша құқық қорғау жүйесі тым нашарлап кеткен. Көптеген тергеушілердің істі жүргізуге, зерттеуге біліктілігі жете бермейді. Сондықтан зорлау ісіне келгенде, олар жемқорлыққа жол бе­реді. Өйткені заңда тараптардың татуласуы деген бап бар. Олар үшін жәбірленуші тарап­пен және күдіктімен келісіп, екіжақты тату­ластырып, істі жаба салған оңай. Шын мә­нін­де, бұл – қасірет. Жәбірленушіге ақша тө­лейді де, мәселені шеше салады. Не бол­маса, тер­геу­шілер тарапынан жәбірленушіге шектен тыс қысым көрсетіліп, оның тергеу процесінен өз еркімен бас тартатын жағдайға жеткізеді. Ішкі істер жүйесіне түбегейлі ре­форма жасал­майынша, бұл мәселенің шешімін табуы екіталай.

Зорланғаннан кейін әйелдің санасындағы жара ешқашан жазылмайды. Осыны оның жақындары түсінуі керек. Стресс организм­дегі көптеген жасушаларды өлтіреді. Бізде зорлыққа ұшыраған қыздардың көбі 25 жасқа жетпей көз жұмады. Көбі жатыр рагына, сүт безі рагына ұшырайды. Біз жүргізген сауалнама бойынша 200 әйелдің 25 пайызы жыныстық зорлықтан соң онкологиялық ауруға шалдыққан. Еуропада жыныстық зорлық азаптау, қинау ісіне теңестірілген. Ал бізде қыздардың диагнозына жарақаттан кейінгі синдром деп жазып бере салады. Ал қылмыскер болса, 2-3 жыл отырады да, қайтадан босап шығады. Әйелдерге осын­ша­ма залалын, зиянын тигізіп отырған қылмыс­керлерге беріліп жатқан жаза мүлде лайық емес. Жаза, заң әлде де қатайтылуы тиіс.

 

Марат ҮРКЕМБАЕВ, 
Жамбыл облыстық Сарысу аудандық 
сотының төрағасы: 

– Шыны керек, қазір елімізде зорлау, қорлау оқиғаларының көптігі сонша, мұндай қылмыс үрейлі сипат­тан айырылып бара жатқандай әсер қалдырады. Қылмыстық кодекс, яғни оның 120-бабы бойынша «Зорлау» орта дәрежелі қылмыстың санатына жатқызылады. Заңда көрсетілген ең төменгі жаза – үш жылға бас бостандығынан айыру. Сөзбе-сөз келтірсек, онда «Зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау – үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делін­ген. Осы бапта мұндай қылмысты адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, өлтіру қатерін төндірумен ұласқан, сондай-ақ жәбірленушіге немесе бас­қа адамдарға қатысты аса қатыгездікпен жа­салған, жәбірленушінің соз ауруын жұқ­тырып алуына әкеп соққан және бірнеше рет жасалған зорлау болса, кінәлі деп танылған адамның жазасы ауырлай түседі – ол бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бос­тан­дығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген.

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде, ел арасында бұл қылмысты орта дәрежеден, қатаң дәрежеге ауыстыру сөз болып, қоғам­дық талқылауға түсуде. Бұған маман ретінде қосыламын. Бұл – дамыған елдерде бар тә­жірибе. Мысалы, Жапонияда зорлықшылар 30 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылса, Канадада зорлықшыларға ең кемі он жылға жаза кесіледі. Ал әр штатында заңдары ала-құла болып келетін Американың кейбір өңірінде «Зорлау» қылмысы бойынша айыпталғандар өмір бойы түрмеге қамалады. Әрине, жазаны қатаңдату ғана бізді тығырық­тан шығармайды. Өмір бойы бас бостан­дығынан айыру жазасы тағайындалса да, ол бәрібір қылмыстың азаюына кепілдік бол­мауы мүмкін. Сондықтан осындай азғын­дыққа жататын мұндай қылмысты тек отба­сындағы тәрбиенің осалдығымен де байла­ныстыру керек сияқты.

 

Әзірлеген
Ақбота ӘЛІМ