Алматы қаласындағы №12 емхананың дәрігері, Nur Otan партиясының мүшесі Индира Қалқабаева «Жезқазған – Алматы» арасында қатынайтын пойызда орын алған қызықты оқиғасымен бөлісті. Ол әңгіме барысында түс мезгілінде күпеге жолсерік жүгіріп кіріп келгенін, оның «жолаушылардың ішінде медбике немесе дәрігер бар ма?» деп сұрау салғанын айтты. Көрші вагондағы аяғы ауыр әйелдің халі нашарлап, шұғыл дәрігерлік көмек керек болғанын естіген Индира көмек қолын созуға барады. Аяғы ауыр әйелдің жанына келіп, аты-жөні мен жүктілік мерзімін, бір сөзбен айтқанда, дәрігер-гинекологтар білуге тиіс мәліметтердің барлығын сұрап алғаннан кейін іске көшеді.
– Алғашқыда біраз қобалжыдым. Бірақ бірден есімді жиып алып, толғақтың жиілік уақытын санай бастадым. Толғақтың жиілей түскенін байқағаннан кейін арқасын уқалап, терезені ашып, босанатын әйелге жайлы жағдай жасау үшін қолымнан келгенін істеуге тырыстым. Жолсеріктен таза жайма, сүлгі, спирт, дәрі қобдишасы сияқты керектің бәрін сұрап алдым, – дейді Индира.
Ол дәрігер болса да, әйелдерді қалай босандыратынын өмірінде бір-ақ рет көргенін айтты.
– Жолсеріктен сұрағанымда, ең жақын теміржол бекеті Шамалған екенін, оған әлі 35 минуттай барын білдім. Толғағы қысқан келіншектің стансаға жетпей, пойызда босанатыны белгілі болды. Сол себепті қолымнан келгенінше көмек көрсеттім, – дейді кейіпкеріміз.
Индира дүниеге келген перзентті «Қазақстан теміржолы» деген жазуы бар жаймаға ораған. Пышақты ыстық суға салған соң, жаңа туған сәбидің кіндігін кесіп, шешесінің кеудесіне жатқызады. Шамалғанда оларды жедел жәрдем күтіп алады. Содан соң босанған ана мен нәрсете перзентханаға жөнелтіледі. Ал оларды ажалдан аман алып қалған әйел отбасымен ары қарай Алматыға жол жүріп кете барады.
– Вагоныма жеткенге дейін халық қол шапалақтаумен болды. Менің қолым дірілдеп, біраз уақытқа дейін қобалжумен болдым. Құдайға шүкір, бәрі де жақсы аяқталды. Дүниеге келген қыздың атын Көзайым қойыпты. Қазір олар Ақтауда тұрады. Хат жазысып тұрамыз. Олар маған фотосуреттерін де жіберді. Жолым болып, оқиғаның сәтті аяқталғанына әлі күнге дейін қуанамын. Бұл оқиғадан кейін дәрігерліктің тек тәжірибе мен ой жұмысы ғана емес, адамдарға бақыт сыйлаудың мол мүмкіндігі екенін түсіндім, – дейді Индира Қалқабаева.
Әбілмансұр ЖАСАН