Бірнеше жылдан бері ет сатумен айналысатын келіншекті қала тұрғындары да жақсы таниды. Ақтаудағы «Қайырымды жандар» еріктілер тобының белсенді мүшесі болған ол енді тағы бір сауапты істі қолға алды.
Алсұлу Утешқалиева жұма сайын әлеуметтік жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін ет таратуды қолға алды деп жазады qazbrand.info.«Менің ет сатумен айналысқаныма алты жыл болды. Анам базарда, мен қала ішіндегі дүкенде тұрамын. Түрлі мал еттерінен бөлек, біз жартылай фабрикаттарды да өзіміз дайындап, сатамыз. Бұл ісім өзіме ұнайды. Ал қайырымдылық жасағанды жаным сүйеді. Бұрын біздің «Рабия» ет дүкенінде «Мейірім сөресі» болатын. Дүкенге келетін мұқтаж адам сол жерден өзіне қажетті азық-түлікті алып кететін. Енді ойлана келе, жағдайы төмен және денсаулығында ақау бар адамдарға ет таратсам деген шешім қабылдадым», – дейді Алсұлу.Ол қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырып, мұқтаж жандарға қол ұшын береді. Мақсаты – етті шын мұқтаж адамдарға беру. Қазір қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Әрбір үйде қазан қайнап, ет асылып жатқаны қандай жақсы?!
«Бір апта бойы қайырымдылыққа кететін еттерді өзім іріктеп отырамын. Оның ішінде сүрленген еттер де бар. Бір пакетте шамамен 3-4 келі ет болады. Тағы бір айта кетерлігі, етті тек шынымен де мұқтаж адамдарға беремін. Алдымен өзімнің айналамдағы, таныстарым мен туыстарымның арасындағы жағдайы төмен жандарға ет алып кетуін өтінемін. Кейін телефонымдағы түрлі қайырымдылық чаттарына жазба жіберемін. Әлеуметтік желі арқылы да жарнама жасап, тегін ет алып кетуді ұсынамын. Өзім қаладағы мұқтаж адамдарды бірден танимын десем, артық емес. Өйткені, талай рет олармен кездескенмін. Арбада отыратын қаншама таныстарым бар. Соларға хабарлап айтамын. Бұл істен менің жаным ләззат алады», – дейді ол.