Қытайдан қатер күту керек пе?

Қытайдан қатер күту керек пе?

Соңғы жылдары елімізде синофобия қатты таралып кетті. Синофобия ғылыми түсінікте Қытайға күдікпен қарап, ұнатпау мағынасында сипатталады. Бұл құбылыс Қытаймен шекаралас аймақтарда кең таралған. Қытай туралы айтылатын аңызға бергісіз аса қатерлі әңгімелерді қоғамның кез келген бұрышынан естуге болады. Базарда да, таксиде де, автобуста да, үйде де. «Қытайлар бақа-шаян жейді екен», «қытайлар қыздарымызға қырғидай тиеді екен», «қытайлар 51 зауыт салғалы жатыр екен» деп басталатын әңгімелер тұрмыстық деңгейден медиа-деңгейге әлдеқашан көтерілді. Мұның себебі неде?


Нұр-Сейіт ЖАНАТАЕВ, 
қытайтанушы:

– Синофобия Қытаймен шекараласатын 14 елдің бар­лығында бар синдром. Бұл синдромға қарсы антиқытай­лық қозғалыстар осы елдердің барлығында, тіпті Ресейде де бар. Ал енді Қытай әл-ауқаты артып қаржы донорына айналғанда, Батыс та Қытайдан сескене бастады. Өйткені Қытай коллективті Батысқа қарсы 2015 жылы құны 8 трлн болатын «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бағдарламасын іске қосты. Бұл жоба екі тармақтан тұрады: Silk Road Economic Belt – Жаңарған жібек жолы( Қазақстан осы жоба ішінде), екіншісі – Maritime Silk Road – Теңіз тасымалы. Осы бастамадан кейін синофобия өрши түсті. Батыс әлемді ақпараттық шабуылдың астына алып жатыр.

Қазақ-Қытай қатынасы жақсарған сайын, синофобия да өршіп барады. Әрине, бұл сыртқы манипуляторлардың ойыны екені белгілі. Қазақтың қытайға қорқынышын, жеккөрінішін оятатын сыздауықтар:

• Генетикалық жадымызда қалған жоңғар-қытай соғыстары;

• Еңбек мигранттары (қытайлықтардан басқа мигранттарды біз санамаймыз. Мысалы, орыстар екі есе көп);

• Қытайдан алған қарыздар мен жоспарланған жобалар (құны 27,7 млрд доллар болатын 51 жоба);

• Шыңжандағы қазаққа тиген ұйғыр мәселесі;

• Қытайдың алпауыт державаға айналуы;

• Қыздарымыздың қытайлықтарға тұрмысқа шығуы;

• Ең бастысы – біздің Ресей және Батыс ақпарат алаңынан шыға алмауымыз.

Мұнай-газ саласында Қытайдың үлесі 23-25 пайызға жетті. Біздің табиғи байлықтарымызды тікелей өндіре алатын мүмкіндіктер берілген оларға. Халық осыны біліп, ел мен жерді саттық па деп қорқады. Менталитетіміздің әркелкі болуы да қорқыныштың туындауына әсер етіп отыр. Яғни, халыққа тәптіштеп түсіндірілмейтін болса, түсінбестік алдағы уақытта да алдымыздан шыға береді. Билік қандай да бір екі ел арасындағы жобаға қол қоймас бұрын халықпен ақылдасып, кеңесіп барып шешім қабылдағаны дұрыс болады. Әйтпесе, билік халықты қиын жағдайға қалдырмақ. Ал жалпы, өзіміздің тәуелсіз зерттеулеріміздің болмауы, көбіне Батыс ақпаратының ықпалынан шыға алмауымыз елдегі синофобияны өршітіп отыр. Шын мәнінде, Қытайдан қорықпау керек

 

Ерзат КӘРІБАЙ,
тарихшы, зерттеуші:

– Қазақстанда Ресей сая­са­тының, Ресей ақпараты­ның ықпалы басым екені белгілі. Ресей өзінің Қазақстандағы ықп­алын Қытайға беріп қой­ғы­сы келмейді. Сол үшін ақпарат құралдары арқылы Қытайдан келетін қауіп жай­лы түрлі өсек-аяң, дақпырт таратуға, ел-жұртты сол елге қарсы қоюға үндеп отырады. Олар, әрине мұндай саясатын өте астыртын жүргізеді.

Қазақстан Қытай үшін үлкен шикізат көзі іспетті. Олар түрлі кен байлықтарын, шикі ресурстарды өзіне импорттап, түрлі тұрмыстық технологияларын Қазақстанға экспорттайды. Әлбетте, Қытай сияқты алып ел үшін Қазақстан соншалықты үлкен базар емес. Дегенмен Орта Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарайтыны белгілі. Өйткені біздің елдегі аса алпауыт кен орындары олардың мойнын бұрғызбай қоймайды


Ауыт МҰҚИБЕК,
ақын:

– Екі елдің достығына дә­не­кер болып тұрған қазақтар еш жазықсыз саяси лагерлерге жабылып, сотталып жатыр. Бұдан бүкіл дүние жүзі хабар­дар болды. Жиырма жылдан астам уақыт бойы бұлжымай орындалып келген Қытай заңдары солқылдай бастады. Екі ел арасындағы барыс-келіс бәсеңдеді, шақырту алдыру мәселесі күрделеніп кетті. Бұл қарым-қатынасқа сызат түсіреді. Қытай қазақтарына қысым жасалып жатыр екен деген ақпараттың өзі-ақ ел арасында үрей мен қорқыныш тудырды. Негізінде Қытай түркі тектес елдердің бірлігінен қатты қорқады. Осыған байланысты түрлі қысым жасап жатқан сияқты. Әйткенмен Қытай Қазақстанмен де, Орта Азиямен де стратегиялық ұзақмерзімді әріптестікті сақтауға ниетті. Сондықтан қандай да бір қауіп күту бекершілік.

Бұл ретте көршіміздің бізге қатысты түпкі ниетінің қандай болғанын біліп жүргеннің де артығы болмас. Егемендік алған соң, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көпвекторлы саясат жүргізуі, бірте-бірте рухани құндылыққа маңыз беруіміз, Қазақ­станның әлемдік аренада өз орнын алуы мұндай қатерлі шабуылдан құтқарып қалған секілді.


Дайындаған Абай АЙМАҒАМБЕТ