Ол қазан айының басында абақтыда отыр еді. Қапасқа жабылғанына 3 жыл болған. Алайда айдың ортасында бір елдің жаңа басшысы атанып шыға келді. Сырттай қарағанда оны баз біреу қырғыздың Манделасы деп ойлар. Алайда ол апартеидке қарсы күреспеді. Кезінде митинг ұйымдастырып, адамды тұтқындамақ болғаны үшін сотталды. Міне, Жапаров енді Қырғыз Республикасының келесі президенті атануы мүмкін. Қазірше мемлекет басшысының міндетін атқарушы, сәйкесінше бар билік соның қолында. Енді ол өзі уәде берген таза қырғыз елін құра ала ма?
Садыр Жапаровты қатардағы қырғыз азаматы деуге келмес. Жастайынан көзге түскен. Кеңес армиясының үздігі атанған. Елге оралған соң совхоз басқарған. Тіпті, 1 жылдай милиция қатарында болған. Кейін мұнай компаниясына жетекшілік етті. Алайда алған арнайы білімі терең деп айтуға келе қоймас. 1991 жылы денешынықтыру институтын тәмамдаған. Кейін 2006 жылы парламент депутаты кезінде заң факультетін сырттай оқып алған. Жапаров саясатқа экс-президент Құрманбек Бәкиевтің жақтасы ретінде келді. 2005 жылы төңкерістен соң ол Жогаргу Кенеш депутаты атанды. Бірнеше комиссия мүшесі болды. Ал Бәкиев парламентті таратқан соң 2007 жылы оның кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Алайда 2010 жылғы талай жанның қаны төгілген төңкерістен соң басшысының артынан ермеді. Елде қалды. Кейін берген сұхбаттарында Бәкиевтің жақтасы емес едім деп одан бас тартып шыға келді. 2010 жылы қырғыз елінің оңтүстігінде болған қырғыз-өзбек қақтығысында ол ерекше белсенділік танытып, көзге түседі. Бірақ қос тарапты табыстырушы ретінде емес. Куәгерлер Жапаров қырғыз ұлтшылдығын қоздыруға үлес қосқан деседі. Ондаған кісі көз жұмған қайғылы оқиғадан соң Садыр Жапаров саясаткер ретінде қырғыз халқының арасында абырой жиып, қолдауына ие болды. Сол жылғы парламент сайлауында ол жетекшілердің бірі болған Ата-Жұрт партиясы (төрағасы Камчыбек Ташиев) 16% дауыс жиып, заң шығару органындағы 28-орынға иелік етті. Аталған депутаттық тізімде Садыр Жапаров та болды. Дегенмен Жапаров заңға жай дауыс беріп отыратын депутат болмай шықты. Ол өзінің туған жері – Ыстық-көл облысындағы «Құмтор» кен орнын мемлекет қарамағына қайтару керегін айтып, бірнеше митинг ұйымдастырды. 2012 жылы осы мақсатта Бішкекте ереуілге шығып, Ақ үйді басып алмақ болды. Бұл әрекеті үшін 1 жылдан соң Ташиев, Жапаровты Бішкектің аудандық соты 18 айға бас бостандығынан айырды. Алайда үш айдан соң қалалық сот оларды сот залынан босатты. Бір қызығы, сол 2013 жылы оларды бостандыққа жіберген судьялардың бірі алдыңғы аптада президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып тағайындалды. Жапаров өзіне жақсылық жасағандарды ұмытпайды екен. Алайда «Құмтор» кен орны оны мазалауын қоймады. Бостандыққа шыққан соң 2013 жылы шілде айында Ыстық-көл облысының орталығы Қаракөлде кезекті митинг өткізіп, облыс басшысы Эмилбек Қаптағаевты кепілдікке алмақ болған. Яғни, Жапаров осы шабуылы арқылы өз мақсатына жету үшін қылмыстық әдістен таймайтынын дәлелдеген. Көп өтпей осы әрекеті үшін айыпталады. Оның жақтастары тұтылса, өзі Кипрге қашып кетеді. Тек 2017 жылы Отанына оралған тұста құрықталып, 11 жылға сотталады. Аталған кен орны шетелдіктердің иелігінде еді. Жапаров оны үкіметтің бақылауынан бұрын өз қарамағына алғысы келгендей. Сол үшін де талай ереуіл ұйымдастырған сыңайлы.Әлихан ИСМАН