Өткен аптаның соңында Түркияның Измир қаласы маңында қуатты жер сілкінісі болды. Табиғи апат айтып келмегенімен, кейде мұндай жағдайда елдің елдігі сыналып, адамзаттың бір-біріне деген тілеулестігінің деңгейі көрініп қалатыны бар.
Қаза тапқандар саны 90-нан асты
30 қазан күні Эгей теңізінде, Түркия жағалауына жақын аймақта 6,6 балдық зілзала тіркелді. Жер сілкінісінің эпицентрі Измир провинциясының Сеферихисар қаласының тұсына сәйкес келіпті. Түркияның ресми органдары таратқан деректерге қарағанда, зілзаланың артынан қуаты 4 балдан асатын 43 афтершок тіркелген. Сөйтіп, бірнеше күн ішінде аталған аймақта тіркелген қуаты түрлі деңгейдегі афтершок саны 1 148-ге жетті. Апаттың салдарынан 2 қараша күнгі деректерге қарағанда, 92 адам қаза тауып, 994 адам жараланған. Ал қираған және бүлінген ғимараттар саны әлі толық анықтала қойған жоқ. Дегенмен Түркияның қоршаған орта және қала ісі министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 58 ғимарат қирап, 397 құрылыс зақымданыпты, бірақ бұл дерек өзгеруі де мүмкін. Қазір құтқарушылар зілзала салдарын жойып, үйінді астында қалған адамдарды іздестіріп жатыр. Аймақтан жеткен қаралы хабарлар саны мол болғанымен, үмітке толы жаңалықтар да естіліп қалуда. Мәселен, Измирде қираған ғимаратта қалып қойған бір азамат 68 сағаттан кейін құтқарылды. Одан бұрын 3 жастағы бүлдіршін қызды құтқарушылар үйінді астынан 65 сағаттан кейін шығарып алған болатын. Осылайша, Измир зілзаласында адам таңғаларлық оқиғалар да тіркеліп жатыр. Бұл деректер адам баласының өте төзімді һәм ешқашан үміт үзбейтін жаратылыс екенін көрсетіп отыр. Оның үстіне, құтқарушылар да ешқашан үміт үзбейтін мамандар. Соның арқасында талай ғажайып оқиға тіркелген. Мәселен, 2011 жылы Түркияның Ван провинциясында болған жер сілкінісінен кейін 100 сағат өткенде құтқарушылар қиранды астынан бір жасөспірімді құтқарған болатын. Ал 2015 жылы Непалда болған жер сілкінісінен кейін израиль құтқарушылары бір әйелді 125 сағаттан кейін үйінді астынан шығарып алған еді. 125 сағат дегеніңіз 5 күн екенін ескерсек, сөз басында айтқанымыздай, апаттан құтқарушылардың шынымен де ешқашан үміт үзбейтініне көзіміз жетеді. Әрі олардың адамдарды ғана емес, жануарларды да құтқаруға атсалысатыны бар. 2016 жылы Италияның Аматриче қаласында болған жер сілкінісінен кейін құтқарушылар Рокко деген мысықты 16 күннен соң үйінді астынан алып шыққан. Сондықтан Измир зілзаласынан кейін әлі де тірі қалған адамдар қиранды астынан шығарылып жатса, таңғалудың қажеті жоқ.Кім көмек бермек?
Құтқарушылар демекші, әдетте зілзала, топан су, өрт тәрізді табиғи апаттар кезінде әлем елдерінің бір-біріне гуманитарлық және материалдық-техникалық көмек көрсетуге ұмтылатыны бар. Мұндайда саяси ұстанымдар екінші сатыға сырғитын кездер болады. Апат салдарын жоюға әдетте дамыған және ірі елдер ұмтылады. Мұндай қадамдар көбіне адамгершілік үлгісі ретінде сипатталғанымен, кейде оның өзі де «жұмсақ күш» рөлін атқарып кететіні бар. Мәселен, Ресей құтқарушылары дүниенің кез келген жеріндегі зілзала, өрт зардабын жоюға асығып тұратынын көреміз. Өйткені олардың тәуір техникасы бар екенін де мойындау керек. Дегенмен құтқарушы жіберу туралы шешімді билік басындағылар қабылдайды және шетелдік құтқарушыларды апат болған елдің билігі шақырады. Сонымен қатар табиғи апаттан соң дипломатиялық каналдар арқылы көңіл айту дәстүрі бар. Измирде де солай болды. Зілзаладан кейін Түркияға көптеген мемлекеттер қолдау көрсетіп, қажет болса гуманитарлық көмек жасауға әзір екенін білдірді. Масс-медиа таратқан деректерге қарағанда, алдымен Әзербайжан жәрдемдесуге даяр екенін білдірген. Кейін Грекия мен Франция, одан соң Катар, НАТО мен Еуропа одағы Түркияға қолдау білдірген. Әрине, мұндай сипаттағы жеделхаттар мен мәлімдемелер табиғи апаттар кезінде жиі айтылады. Дегенмен Измир зілзаласы саясатта бітіспестей болып отырған елдердің де гуманитарлық мәселеде көңіл жықпайтын қадамға бара алатынын көрсетті. Оған Грекия мен Франция дәлел. Грекия мен Түркия соңғы кездері бір-бірін жиі айыптап, күрең қабақ болып жүрсе, Ердоған мен Макрон тіпті қатты кетіскен еді. Алайда табиғи апаттан соң қырын қарап жүрген саясаткерлер әдептен аспады. Бірақ бұл Грекия мен Түркияның, Франция мен Түркияның арасындағы саяси ерегіс аяқталғанын білдірмейді. Ол әрі қарай да жалғаса беруі мүмкін. Ал түріктерге көңіл айтқан өзге мемлекеттерге келсек, Қазақстан бауырлас елге көңіл айту жеделхатын 31 қазанда жолдады. Режеп Тайып Ердоғанға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көңіл айтты. Ал Түркия президенті көңіл айту жеделхатын жолдап, көмек білдіруге әзір екенін айтқан елдердің тізімін Тwitter парақшасында жариялаған еді. Алғашқы тізімде Қазақстан болмады, екінші жарияланған Тwitter-де Қазақстанның аты енгізілгенін көрдік. Түрік президентінің жазғандарынан ұққанымыз тәуелсіз түркі мемлекеттері апаттан кейін алды бірер сағатта, соңғылары бір тәуліктен кейін хабарласқан. Ал Түрікменстан тіпті көңіл айту жеделхатын алғашқы күндері жолдамаған.Қазақстан тарихта шетелге бір-ақ рет құтқару жасағын жіберген
Бір атап өтер жайт, әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментінде отандық құтқарушылар Түркияға неге жәрдемдеспейді дегенге саясатын мәселені көтерушілер қарасы мол болды. Алайда төтенше жағдай кезінде шетелдерге құтқарушылар жіберудің өзіндік тәртібі бар. Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли құтқарушыларды жіберу туралы шешім зардап шегуші ел көмек сұраған жағдайда ғана қабылданатынын айтты.«Әдетте, зардап шеккен елдер ТЖМ-нен көмек сұрайтын жағдай болады. Ондай кездерде төтенше жағдайдың және оны жою үшін елдің қажеттілігі туралы ақпарат беріледі. Сұраныс негізінде біз осы елге көмек көрсету туралы шешім қабылдаймыз», – дейді ресми өкіл. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі көмек көрсету туралы келіп түскен бірде-бір сұрау салу назардан тыс қалмайтынын айтады. Мұндай өтінішті халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі үкіметтік комиссия қысқа мерзімде қарайды және зардап шеккен елге көмек көрсетеді. «Осы уақытқа дейін Қазақстан бір рет қана құтқарушылар жасағын жіберіп көмек көрсеткен. Бұл 1999 жылы болды. Құрамында 20 маман бар жасақ жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға ұшақпен жіберілді. Сол кезде біздің жасақ зардап шеккендерге медициналық көмек ұйымдастырды. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында бір бала тірі табылған. Ал қираған ғимараттың үйінділерінен қаза болған 57 адамның денесі шығарылған. Сонымен қатар шатырлар мен медициналық құралдар түрінде гуманитарлық көмек жеткізілді. Қазақстандық жасақ Түркияда екі апта жұмыс істеді», – деді Талғат Уәли. «Сонымен бірге Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары Қазақстан көп жағдайда азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, шатырлар, жанар-жағармай, құрылыс материалдары түрінде, сондай-ақ ақшалай гуманитарлық көмек көрсетіп келе жатқанын алға тартты. Соңғы 16 жыл ішінде ішінде, яғни 2005 жылдан 2020 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстан 30-дан астам елге 110 млн АҚШ долларына жуық сомаға гуманитарлық көмек көрсеткен», – деді ол.Қысқасы, Түркия шетелдік құтқарушылардың көмегіне мұқтаж емес сияқты. Оған аймақта шетелдік құтқарушылардың тіркелмегені дәлел. Ал көмек сұрамаған жағдайда Төтенше жағдайлар министрлігі өз бетінше құтқарушы жібере алмайды.
Амангелді ҚҰРМЕТ