Кейбір футуристер келешекте әлемде мемлекеттер жойылып, тек мегаполистер қалады деген болжам айтады. Бұл ойды зерттеушілер де қолдап жатыр. McKinsey Global Institute ұйымы болашақта әлемнің 600 ірі қаласы жаһандық ІЖӨ-нің 60 пайызын береді дейді. Мұның барлығы әлем мен ел дамуында шаһарлардың маңызы мен мәні артатынын көрсетіп отыр. Алайда ол дамудың сапасы қандай болмақ: ретсіз, жоспарсыз, жан-жағына жайыла өсе ме, әлде нақты бір концепцияға сай жүре ме? Біздің қалалар ше?
Елдің миллионер үш қаласын қарасаңыз да өзіндік даму жолы, архитектуралық ерекшелігі бар. Бірақ ортақ дүниесі де жетерлік. Соның бірі – қаланың тысқары жеріндегі ауыл типтес ықшамаудандар, жер үйлер, жертөлелердің шоғыры. Онда көбіне өңірлерден көшіп келген тұрғындар мекендейтіні жасырын емес. Оған қоса, сол азаматтар үнемі әкімдікпен дауласып жүреді, ауызсу жеткізіп, жол салуды, электр желісін, газ құбырын тартуды талап етеді. Алдымен қала орталығын жөндеуді, әрлеуді құп көретін әкімдер шеткері аудандарға баруға асықпайды. Солардың мәселесін шешіп тастап, неге тыныш таппайды екен деп ойлағың да келеді. Бірақ облыстардан орталық қалаларға ағылған көш еш тоқтаған емес.
«Времянканы» кімдер жалдайды? Урбанизацияның жарқын үлгісі – елордамыз Нұр-Сұлтан. Халық саны соңғы 20 жылда жылдам өсті. 1997 жылы тұрғын саны 300 мың болса, биыл 1 млн 78 мыңға жетті. Экс-әкім Бақыт Сұлтанов биыл жыл басында бас қаланың халқы 2030 жылы 2 миллионға жетеді деп болжам айтқан еді. О баста миллионер қала болуға жоспарланбаған еді. Бірақ жыл сайын өңірлерден көшіп келетін жұрт аз емес, 2017 жылы 135 мың кісі астанаға қоныс аударған. Осы уақытта 121 мыңы Алматыға көшкен. Әрине, келгеннің бәріне бірдей пәтер мен жұмыс жетпейді. Жалақысының 70%-ын пәтерақыға жұмсайтын мыңдаған отбасы бар. Екі-үш бөлмелі үйді бірлесіп жалдайтындар да жетерлік. Ал табысы аздар қала шетіндегі Кеңес заманынан қалған тар тамдарды жағалайды. Бөлмелерді 30-35 мың теңгеге жалдайды. Ірі шаһарларда осылай жалға беру үшін арнайы жер алып, 4-5 «времянка» салып тастайтындар аз емес. Тұрақты табыс көзі. Қаланың орталық коммуникацияларына қосыла бермейді. Ресми мекенжай болып есептелмеген соң баласын мектепке, балабақшаға орналастыру оңай емес, жедел жәрдемнің келуі де қиын. Үй мәселесі көпшілікке уақытша болса да, осылай шешілгендей болады. Бірақ өмір сапасы төмен. «Жан бағу» дейді мұны.
Шетелде ше? Қазақстанда урбанизация қазір 58%, яғни халықтың осынша пайызы қалада тұрады және жыл өткен сайын арта түсуде. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «бұл көрсеткішті 62 пайызға жеткізу қажет, себебі дамыған елдерде халықтың 70 пайызы қалада тұрады» деді осы жазда. Рас, өзге елдермен салыстырсақ, жоғары көрсеткіш емес. Мәселен, АҚШ-та – 82%, Оңтүстік Кореяда – 83%, Голландияда – 90%, Жапонияда – 94% халық шаһарға мекен ауыстырған. Аймақ пен қала қатынасын тиімді қолданған елдің бірі – Нидерланды. Халқының 90%-ы қала тұрғындары, 10%-ы ауылда. Дегенмен Нидерланды әлемдік нарыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейін 2 орында, Еуропада көшбасшы, ал территориясы – 41 мың шаршы шақырым. Еліміздегі жер көлемі ең аз Солтүстік Қазақстан облысына екі Нидерланды сыйып кетеді. Яғни, агросекторға инвестиция тартып, жоғары технологияны енгізіп, жерді «жұмыс істетпейінше», кең даланың иесіміз деп мақтанғаннан коммерциялық пайда шамалы.
Алайда урбанизацияның сапасы да маңызды. Мәселен, Қазақстанда ресми түрде 87 қала бар, бірақ оның 70%-ы ұсақ қала, 20-сының ғана халқы 100 мыңнан асады. Шағын қалаларда, әсіресе жалғыз өндіріс орнына қараған моноқалаларда инфрақұрылым (мектеп, балабақша, инженерлік коммуникация, жол) толық шешілмегені мәлім. Осы және өзге де әлеуметтік мәселелер (жұмыс тапшылығы, жалақының аздығы) аймақтағы жұртты ірі шаһарларға жетелейді. Былтыр тек қаңтар-мамыр айларында астанамызға 35 мың адам көшкен. Негізінен Ақмола, Түркістан және Қарағанды облысынан. Ұлттық құрамына келсек, жайлы өмірді қиялдап келгендердің 89%-ы қазақ. Басқаша айтсақ, ішкі миграцияда ең белсенді ұлт қазақтар болып тұр. Жалпы, ішкі миграция жыл өткен сайын артып барады, 2012 жылы 337 мың болса, 4 жылда 610 мыңға жеткен.
Егер бұл процесс ретсіз жүре берсе, нәтижесі не болмақ? Әлемдік тәжірибеде ауылдан қалаға ауа көшкен халық шеткі аудандарда орын теуіп, сонда өзіндік қауымдастыққа айналады. Рио-де-Жанейродағы фавеллалар, Киншасадағы лашықтар, Париждегі мигранттар мекені, Нью-Йорктегі геттолар осыған ұқсас қала бөлігі. Әдетте қылмыс, антисанитария, жұмыссыздық, қараңғы көшелер сондай мекендерді сипаттайтын сөздер. Әрине, еліміздің үш миллионер қаласы әлі мұндай деңгейге жеткен жоқ. Бірақ урбанизация процесі реттелмесе, үш ірі шаһарымызда да өз фавеллалары пайда болуы әбден мүмкін.
Ел қалаға неге көшеді? Урбанизацияның негізгі екі түрі бар. Бірі – индустриялық не табиғи. Елдің бір аймағында ірі құрылыс, өндіріс басталғанда, жұрт сол жаққа қоныс аударады. Екіншісі – амалсыз немесе тұрмыстық. Өкінішке қарай, Қазақстанда екінші түрі жүріп жатыр. Жоғарыда айтылған ауыл-аймақтағы жұмыссыздық. Соның салдары. Неге? Өңірлер әлі экономиканың локомотиві деуден аулақпыз, тіпті қолдаушы компонентіне айналмады. Республикалық бюджеттің көмегімен өмір сүреді. Әсіресе, оңтүстік өңір. Мысалы, сол облыстың қазіргі өндіріс өнімі 1991 жылғы көрсеткіштен 22 есе кем екен. Ақмола облысы 15 есе, Жамбыл облысы 10 есе аз. Ал 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының атауы әлі өзгермей тұрғанда бюджеттің 80%-ы республиканың берген дотациясы еді. Басқаша айтсақ, «екі қолға бір күрек» болатын жұмыс аз. Соның нәтижесінде өзін-өзі жұмыспен қамтушылар деп аталатын үлкен тап шықты (саудагер, құрылысшы, шаштараз, таксист). Бүгінде Қазақстандағы барлық 2 млн 700 мыңдай өзін-өзі жұмыспен қамтушының 45-50%-ы Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарына тиесілі. Яғни, бұл санаттағы азаматтарда тұрақты жұмыс болмағандықтан, оларды ішкі миграцияға дайын ең мобильді топ деп атасақ, қателеспейміз. Олар бүгін Шымкентте жолаушы тасып, ертең Алматыда құрылыста жүруі әбден мүмкін. Әрине, еңбек күшінің елдегі қозғалысына ешкім тыйым сала алмайды. Бірақ қызметтің бұл түрлерінде еңбек шарты жасалып, заңға сай зейнетақы төлемі жүреді деп айту өте қиын.
Аймақтардың халы. Қазақстанда өңірлерді дамытудың түрлі амал-әдістері қарастырылды. Оны жоққа шығаруға болмайды. Ғұмыры қысқа болған Өңірлерді дамыту министрлігі де құрылды. Моноқалалар, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары қабылданды. Ауыл жылы жария ланды. Олардың тиімділігін, нәтижесін оқырман өзі бағалар. Алайда облыстарда жаңа өндіріс орындарын ашып, ауылшаруашылығына жаңа технологиялар енгізбейінше, Үкімет ретсіз урбанизацияның салдарымен күресе беретін секілді. Себебі жыл сайын 100 мыңнан аса азамат Нұр-Сұлтанға, Алматыға ағылып жатқанын естен шығармаған жөн. Бұл сөздің барлығы урбанизация зиян дегендік емес. Қайта әдетте қала халқы өскен сайын көптеген елдің ІЖӨ-сі де артады, экономикасы түрленеді. Себебі қалада білімді мамандар, технология, қаражат, коммуникация, жұмыс орны мол. Олар табысты арттырады. Тіпті, қала халқы 1,5-2 млн-ға жетсе, ол өзін-өзі асырай алатын деңгейге шығады деген ұғым бар. Бірақ тек Үкімет урбанизацияны басқара алса, қалаға көшіп келіп жатқан азаматтарға жағдай жасай алатын мүмкіндікке ие болса. Ал біздің миллионер қалалар ше? Былтыр республика бойынша 473 мың азамат баспана алуға кезекке тұрған. Оның 47 мыңы Нұр-Сұлтанда, 21 мыңы Алматыда. Ал қала әкімдіктері жақын 5 жылда осынша тұрғынды үймен қамтамасыз етуге қауқары жете ме?
Сөз соңында. Урбанизация – тоқтамайтын процесс. Мамандар 2025-2030 жылдарға қарай Қазақстан халқының 63 пайызы қалада тұрады дейді. Бірақ қазіргі ішкі миграцияны ескерсек, бұл сан 10-11 жылда тағы өсуі әбден мүмкін. Қолында Қазақстанның төлқұжаты бар азамат елдің қай жерінде тұрамын десе де құқылы. Дегенмен Үкімет бұл процесті бақыламаса, қаладағы әлеуметтік жарылыс не қақтығыстың болу мүмкіндігін ешкім жоққа шығармайды.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА