Келер жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда Парламент сайлауы жоспарланса, қырғыз халқы дәл осы күні президентін сайламақ. 14 қарашада құжат өткізу аяқталды. Көршімізде ел басқарамын деген үміткер көп. Арасында депутат, редактор, студент, жұмыссыз, мұғалім, кәсіпкер де бар. Алайда фаворит қазіргі премьер-министр Садыр Жапаров есептеледі. Өткен айдың басында түрмеде отырған кісі енді екі айдан соң заңды мемлекет басшысына айнала ма?
Қырғыз Республикасында 4 қазан күні өткен парламенттік сайлаудың нәтижесі кезекті мемлекеттік төңкеріске алып келгені мәлім. Экс-президент Сооронбай Жээнбеков Бішкектегі ереуілден соң он күннен кейін өз қызметінен бас тартты. Бұл көрші елде саяси дағдарыс туғызды. Себебі бұған дейін қызмет етіп тұрған заңды мемлекеттік қызмет аппаратының өкілеттілігін саяси күштер мойындамай қойды. Тіпті, түрмедегі экс-шенеуніктер бостандыққа шықты. Бірақ көп өтпей экс-президент Алмазбек Атамбаевты қапасқа қайта жапса, ал экс-премьер-министр Сапар Исаков сол күйі ізін көрсетпей тайып тұрды. Бүгінде оған және Бішкек қаласының экс-мэрі Албек Ибраимовқа халықаралық іздеу жарияланды. Осылайша, айналдырған бір-екі аптада Қырғыз Республикасының билік басына 2017 жылы сотталған Садыр Жапаров келді. Келді де бірден үкімет басы атанды, ал Жээнбеков отставкаға кеткен бойда бірден оның қызметін қоса атқара бастады. Қысқасы, көршімізде қазір ресми сайланған президент жоқ. Міне, сол мемлекет басшысын анықтау үшін 2021 жылдың 10 қаңтарына сайлау тағайындалды. Соңғы мәліметке сүйенсек, 14 қараша күні түнде аяқталған құжат қабылдау кезеңінен кейін 63 үміткер президенттікке таласпақ. Олардың қатарында қоғамның түрлі өкілдері бар. Мәселен, 18 кандидат жұмыссыз, 3 кандидат зейнеткер, 3 кандидат мұғалім, 3 кандидат парламент депутаты, 1 студент және 1 редактор бар. Үкіметтік емес ұйым өкілдері мен кәсіпкерлер де жетерлік. Сондай-ақ қазіргі премьер-министр Садыр Жапаров та бар. Көпшілігі өзін-өзі ұсынған үміткерлер. Тек үшеуі ғана ресми түрде партия атынан сайлауға қатыспақ. Ол «Бутун Кыргызстан» партиясының атынан Мадумаров Адахан, «Улутман» партиясының өкілі Сазықбай Турдумалиев және «Чындык» партиясының жетекшісі Кубанычбек Кадыров. Енді сайлауға қатысу үшін әрбір тіркелген кандидат 3 желтоқсанға дейін 1 млн сом төлеп, 30 мың азаматтың қолын жинауы керек. Бұл сайлауға қазіргі премьер-министр тыңғылықты дайындалып жатқан секілді. Өйткені президент креслосына көптен бері үміттеніп жүрген тағы бір саясаткер бұл жолы додаға қатысудан бас тартты. Ол – Омурбек Бабанов. Бабанов бұған дейін Атамбаевпен тіл табыса алмай, елден кеткен. Бірақ осы жолы оның ел басшылығына таласуға мүмкіндігі бар еді. Неге? Біріншіден, ол кезінде «Республика» партиясының жетекшісі болды. Яғни, саяси жақтастары табылар еді. Екіншіден, Бабанов қырғыз еліндегі ең бай азамат есептеледі, 1,5 млрд доллардың иесі. Қазіргідей жағдайда ол қос ресурсын пайдаланып, президенттік үшін күресуіне әбден-ақ болар еді. Дегенмен Садыр Жапаровпен келісімге келген сыңайлы. Сөйтіп, алдағы сайлауға қатысудан бас тартып отыр. Таяуда ол: «Біз жақында терең тақырыптарды ашық талқыладық. Садыр Нұрғожаұлы бұрынғы басшылардың қателіктерін қайталамайды және ірі өзгерістерге дайын» деп пікір білдіріпті. Мақаламызда Садыр Жапаровқа неге мән беріп отырмыз? Себебі қазір ол президенттікке негізгі фаворит кандидат саналады. Жақында сол үшін президент міндетін атқарушы лауазымынан да бас тартып, оны Жогаргу Кенеш спикері Талант Мамытовқа тапсырды. Өйткені қырғыз заңы бойынша бұл қызметтегі адам президенттікке таласа алмайды. Тіпті, орталық сайлау комиссиясына құжаттарын екі рет тапсырған, алғашқысында құжаттары толық болмапты. Қазақстан тарапы да Садыр Жапаровпен тіл табысу керек деп шешім қабылдағандай. Себебі әдетте төңкеріспен билікке қолы жеткен саясаткер сайлауда жеңіп шықпайынша, онымен ресми байланыс орнатылмайды. Алайда жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевты қабылдады, кейін Садыр Жапаровтың өзімен телефон арқылы сөйлесті. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп, қырғыз еліне гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Яғни, Қазақстан басшылығы 2 ай бойы ресми сайлау нәтижесін күтпей, онсыз да биліктің барлық тетігін қолына жиып алған кандидатпен қазірден жұмыс істеуді құп көрген секілді. Сонымен, Қырғыз Республикасының президенті атануға тым сонша асығып, түрмеден Ақ үйге бір-ақ секірген Садыр Жапаров деген кім? Ол саясатқа экс-президент Құрманбек Бәкиевтің жақтасы ретінде келді. 2005 жылы төңкерістен соң ол Жогаргу Кенеш депутаты атанды. Кейін Бәкиевтің кеңесшісі болды. Ал 2010 жылғы қан төгілген төңкерістен соң басшысының артынан ермеді. Елде қалды. Сол жылы қырғыз елінің оңтүстігінде болған қырғыз-өзбек қақтығысында ол көзге түскен. Куәгерлер Жапаров қырғыз ұлтшылдығын қоздыруға үлес қосқан деседі. Ондаған кісі көз жұмған қайғылы оқиғадан соң Садыр Жапаров саясаткер ретінде қырғыз халқының арасында абырой жиып, қолдауына ие болды. Кейін парламент сайлауында оның Ата-Жұрт партиясы (төрағасы Камчыбек Ташиев) 16% дауыс жинап, қайта депутат атанды. Дегенмен Жапаров жай жатпады. Бар ойы Ыстық-көл облысындағы «Құмтор» кен орнында болды. Оны мемлекетке қайтарамын деген сылтаумен бірнеше митинг ұйымдастырды. 2012 жылы осы мақсатта Бішкекте ереуілге шығып, Ақ үйді басып алмақ болды. Бұл әрекеті үшін 1 жылдан соң Ташиев, Жапаровты Бішкектің аудандық соты 18 айға бас бостандығынан айырды. Алайда үш айдан соң қалалық сот оларды сот залынан босатты. Бір қызығы, сол 2013 жылы оларды бостандыққа жіберген судьялардың бірі жақында президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып тағайындалды. «Құмтор» кен орны үшін кейін қайта күресті. 2013 жылы шілдеде ол Ыстық-көл облысының орталығы Қаракөлде тағы митинг өткізіп, облыс басшысы Эмилбек Қаптағаевты кепілдікке алуға ұмтылды. Осы әрекетіне бола тұтылмау үшін Кипрге қашып кетті. Тек 2017 жылы Отанына оралған тұста құрықталып, 11 жылға сотталады. Аталған кен орны шетелдіктердің иелігінде еді. Жапаров оны үкіметтен бұрын өз қарамағына алғысы келгендей. Сол үшін де осындай қауіпті қадамға барған сыңайлы. Биыл 6 қазан күні жаппай тәртіпсіздік барысында жақтастары оны түрмеден күшпен босатты. Оған дейін Жапаров қапаста 3 жыл жатты. Осылайша, ол бірер күнде түрмеден билік басына топ ете түсті. Кейін бірден өзінің жақын үзеңгелестерін лауазымды қызметтерге тағайындай бастады. Мәселен, қазан айында «Ата-Жұрт» партиясының жетекшісі Камчыбек Ташиев мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы атанды. Ал партияластары Курманкул Зулушев елдің бас прокуроры болып бекітілсе, Талант Мамытов парламент спикері орындығына отырды.