Макс Планк атындағы биология институтының ғалымдары мутацияланған сестрин ақуызының өмір сүру ұзақтығына әсер етуі мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері phys.org порталында жарияланды. Диеталық шектеулер көптеген жануардың өмірін ұзартатыны және адамның денсаулығын жақсартатыны белгілі. Сонымен қатар кейбір тағамдық компоненттерді, әсіресе кейбір ақуыздар мен аминқышқылдарды пайдалануды азайту ағзаның реакциясы үшін калорияның төмендеуінен гөрі маңызды. Бұл әсердің негізіндегі молекулалық механизмдер әлі күнге дейін түсініксіз, сол үшін сарапшылар шыбындарға сынақтар жүргізді. «Біздің шыбындарға жасаған зерттеу нәтижелеріміз сестриннің қартаюға қарсы жаңа әлеуетті фактор екенін көрсетті», - деді зерттеу тобының жетекшісі Линда Партридж. Оның айтуы бойынша, ғалымдар сестрин ақуызының кейбір аминқышқылдарын байланыстыратынын және бұл байланыс басылған кезде шыбындардың ұзақ өмір сүретіндігін анықтады. Ал аминқышқылдарын байланыстыра алмайтын мутацияланған сестрин шыбындардың қартаюын тежеген. Зерттеушілер сестрин ақуызы адамдардың қартаюына да осылай әсер етуі мүмкін деп болжап отыр.