Қызылорда облысында алғашқы ұжымдасып концерт қою жұмысы Сырдың ұлы перзенті, ақын, әншілігімен танылған Нартай Бекежановтан басталды. Нартай шығармашылығына үлкен шабыт берген 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі еді. Осылайша, Нартайдың өнері Қызылордада филармонияның негізін қалауға түрткі болғаны бар. Бүгінде облыстық филармония өңірдегі өнердің қара шаңырағына айналған. Филармония Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттауға да үлес қосып келеді.
1938 жылы Қызылорда қаласында Шымкент облыстық драма театрының филиалы есебінде филармония ашылып, оның жанынан эстрадалық концерт бригадасын жасақтау Нартай Бекежановқа жүктеледі. Нартай облыс көлеміндегі ақын, жыршы, әнші, бишілерді жинап, есепке алып, сыннан өткен таланттыларын өз бригадасына қабылдайды. Көптеген өнер майталмандарының қанатын қатайтып, тарихта қалуына ықпал еткен өнер ордасы 1972 жылы 16 қарашада Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің №253 бұйрығымен Қызылорда облыстық филармониясы болып ресми түрде құрылып, өз жұмысын жүргізе бастады. Қазіргі таңда Сыр елі мәдениеті мен өнерін дамыту, халықты рухани азықтандыру, өнер иелерінің жаңа буынын насихаттау, көнекөз әндер мен аға буын әртістердің шығармашылығын жаңғырту мақсатында филармонияда барлығы 7 шығармашылық өнер ұжымы жұмыс істеп келеді. Олар: Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі (оркестрдің көркемдік жетекшісі – С.Аблаев), «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі (көркемдік жетекшісі – Н.Нұрбай), «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі (көркемдік жетекшісі – Ә.Мұстафаев), камералық оркестр (көркемдік жетекшісі – А.Жаңбырбаева), «Томирис» би ансамблі (көркемдік жетекшісі – Г.Мырзабаева), «Тұран» триосы (топ мүшелері – А.Өтеуов, Қ.Заитов, А.Қожахметов) және мектеп оқушылары мен бүлдіршіндердің мәдени іс-шараларға қолжетімділігін жүзеге асыру және облыстық филармония көрермендерінің контингентін кеңейту мақсатында 2016 жылы «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы ашылды. Сонымен қатар дәстүрлі орындаушылықты насихаттап келе жатқан жыр, терме, халық әндерінің орындаушылары мен эстрадалық вокал жанры бойынша жеке орындаушылар жұмыс істейді. 2013 жылдан бастап Қызылорда облыстық филармониясының өнер ұжымдары өңірдегі мерейлі мерекенің, елең еткізер жақсы жаңалықтың басы-қасынан табылып қана қоймай, алыс-жақын шетелге шығып, қазақ өнерін насихаттай бастады. Қызылорда облыстық филармониясы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға да өз үлесін қосуға асық. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының облыстық жобалық кеңсесі аясында 2018 жылы «Ля-ля-фа» балалар мюзикл студиясы құрылды. Аталған жоба облыс әкімдігі мен облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен талантты балалардың мүмкіндіктерін көрсетіп, сахналық тәжірибе жинап, шығармашылығын шыңдау мақсатында ұйымдастырылып, Т.Бекарыстановтың «Таусылмасын ертегім» қойылымын сахналады. Сонымен қатар биылғы жылы филармония Елбасының мақаласы аясында жыршы-термешілердің «Аталы сөзден ал кеңес!» атты мысал орындау концертін, қазақтың халық ақыны, композитор, әнші, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері К.Әзірбаевтың 135 жылдығына арналған «Ән кемеңгері» атты концертін және тағы да басқа көптеген ауқымды шара ұйымдастырды. «Ән кемеңгері» концертіне абыз атамыздың қызы, әке өнерінің жанашыры, Қазақстанның Халық ағарту ісінің үздігі, Мәдениет қайраткері, ұлағатты ұстаз Төрткен Кененқызы құрметті қонақ болды. Халықаралық би күніне орай Сыр елінде алғаш рет І республикалық «Ақ кербез» би фестивалі ұйымдастырылып, төрт облыстың би ансамблі қатыстырылды. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қорқыт мұраларын насихаттау мақсатында «Қорқыт мұрасы – мәңгілік дастан» атты «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің концерті, Қазақстанның мәдениет қайраткері Мүсілім Әмзенің дирижерлеуімен Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрі, «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі және камералық оркестрдің «Мәңгілік сарын» атты біріккен концерті өтті. Өзбекстан Республикасы Навои қаласында мемлекетаралық достықты нығайту және бауырлас халыққа қазақ жұртының мәдени мұрасын, ұлттық өнерін насихаттау мақсатында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі және жеке орындаушылардың «Сырдария – достық арнасы» атты концерті ұйымдастырылды. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде киелі ортаның қалыптасып, аяғынан тік тұруына талай өнер майталмандары табанды еңбегі мен тынымсыз ізденісін, қажыр-қайратын жұмсады. Бүгінде сол қара шаңырақтың туын жықпай, биікте желбіретіп келе жатқан өнер ұжымының жеткен жетістіктері айтарлықтай. Өнерпаздар халықаралық, республикалық байқауларда елдің абыройын асқақтатып жүр. Биылғы жылдың өзінде жоғары деңгейдегі байқау-фестивальдардан жүлделі орындарды иеленді. Атап айтқанда, классикалық орындаушы А.Иманжаппаров Алматы қаласында өткен К.Бәйсейітова атындағы ІХ республикалық вокалистер конкурсынан ІІ орын, күйші Абылайхан Сқақов Атырау қаласында ұйымдастырылған «Саз пернелі Сарайшық» атты халықаралық домбырашылар фестивалінде жүлделі I орын, Кетбұға жырау атындағы «Ақсақ құлан» халықаралық күйшілер байқауында ІІІ орынды иеленді. Жырау Б.Төлеубаев халық ақыны К.Әзірбаев атындағы «Шырқа, дауысым!» атты республикалық әншілер конкурсынан және «Ән-дария» атты республикалық дәстүрлі орындаушылардың байқауында ІІ орын, дирижер Р.Балмасов Б.Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» атты республикалық дирижерлер байқауында ІІІ орынды иемденді. Сондай-ақ «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Ақтөбе қаласының 150 жылдығы және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығына орай өткен «Жұбановтар әуені» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері және ансамбльдердің фестиваль-байқауынан бас жүлдені еншіледі. Өз кезегінде камералық оркестрдің шағын құрамы «ӘУЕН FEST» қазақ камералық музыка фестивалінде ІІІ орын, оркестр әртісі, скрипкашы О.Раджапов Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен ІІІ халықаралық Jumeirah Sounds конкурсында ІІ орын иеленді. Сыр елі – әуелден өнердің ордасы. Мұнда келгенде жыршымын деп айту да – қателік. Баба өнері балаға дарыған. Сондықтан болар облыстық өнер мекемелерінің қай-қайсысы болмасын, жетістікке жетуін араға күн салып та тоқтатар емес.Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы