Осы аптада Астана клубына жиылған отставкадағы әлемнің экс-беделді саясаткерлері Еуразия құрлығына келер жылы төнетін негізгі қатерлер жайлы өздерінің долбарын жасағандай болды. Былтыр жасаған болжамдарының тек жартысы биыл іске асқанын ескерсек, бұл саяси пікірлерге назар аудару дұрыс па?
Сонымен, кезінде президент, премьер-министр, халықаралық ұйымның жетекшісі және тағы басқа лауазымды қызметті атқарған азаматтар Еуразияны 2020 жылы келесідей қиындықтар күтіп тұр деген қорытындыға келіпті.
1. 2020 жылы АҚШ-тағы президенттік сайлаудан кейінгі ахуал. АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп жаңа мерзімге қайта сайлану кампаниясын бастап кетті. Алайда қарсыластары оны импичментпен қорқытуда. Әлемнің жетекші державасының саяси дамуындағы белгісіздік бүкіл Еуразия үшін елеулі сын-қатерге ұласуы мүмкін екен. Жақсы болжам. Дегенмен бұл сценарийдің жүзеге асуы күмәнді. Неге? Себебі АҚШ заңы бойынша президентке импичментті Конгрестің жоғарғы палатасы – Сенат жариялайды. Ал қазіргі күні онда Республикалық партияның өкілдері басым. Украинаға заңсыз қысым жасады деп айыпталған Д.Трамп сол партия мүшесі екенін ескерсек, онда республикалық сенаторлар Трампты жыға қоюы екіталай.
2. Жаһандық экономикалық құлдырау. Дүниежүзіне ықпал ететін кезекті экономикалық дағдарыс дамушы елдердегі экономикалық мәселелердің салдарынан туындауы мүмкін. Бұл болжамның шындыққа жанасуы, меніңше, 50:50. Өйткені соңғы жылдары дамушы мемлекеттердің экономикасынан шетелдік валюта дамыған елдерге ағыла бастады. Соның жарқын мысалы – Түркия. Бұл процесс жергілікті ақшаның құнсыздануына әкелді. Бәлкім, Қазақстан да сондай мысалдың бірі шығар. Алайда осыған қарамай, кезекті әлемдік қаржылық дағдарыс орнай қояды деуге негіз аз. Себебі 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан соң көптеген елдер экономикасын сақтандырудың шараларын қабылдап тастады.
3. АҚШ пен Қытай текетіресінің ушығуы. АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің күшею қаупі былтырғы рейтингтің алдыңғы қатарында еді. Мәселе 2020 жылы да өзектілігін жойған жоқ. Вашингтон мен Бейжің шиеленісін толыққанды стратегиялық қарсылық деп атауға болады. Астана клубына жиналған сарапшылардың бұл болжамына нық сену қиын. Себебі кикілжіңнің өршу әлде өршімеуі 2020 жылғы АҚШ-тағы президент сайлануына тікелей байланысты. Егер республикалықтардың өкілі –
Д.Трамп сайлауда қайта жеңсе, онда Қытаймен сауда қақтығысы жалғаса түседі. Ал егер демократтардан, айталық Джо Байден бәйгеде оза шауып келсе, онда Американың сыртқы саясаты күрт өзгеруі ғажап емес. Яғни, сауда соғысы бәсеңдеп қалар. Сондықтан АҚШ-Қытай жанжалы келер жылы жалғасады, жағдай қиындай түседі деп айту – дүдәмал ой.
4. Жаһандық қарулану жарысының жаңа кезеңі. 2019 жылы қырғи-қабақты бәсеңдетуде бәсі жоғары болған Жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою жөніндегі келісімінің күшін жойғанын көз көрді. 2020 жылы әлем стратегиялық қару саласындағы «ойын ережелерінің» жаппай жойылу ықтималдығына тап келеді. Бұл – жоғарыда айтылған сарапшылардың пікірі. Бірақ дәл солай болады деп айту қиын. Неге? Биыл АҚШ пен Ресей әлгі атауы ұзақ құжаттың күшін жойып, 500-ден 5 500 шақырым қашықтыққа ұша алатын зымырандарды өндіруге, қолдануға мүмкіндік алды. Қауіп. Халықаралық қауіпсіздік жүйесіне қатер. Дегенмен мұндай зымыран қазір әлемнің біраз елінде бар. Мысалы, еуропалықтарда, Қытайда. Оған қоса, бұл АҚШ пен Ресей арасында тікелей зымыран қолданатын жанжал жүріп жатқан жоқ. Басқаша айтса, бұл ұзақмерзімді қатер, бірақ 2020 жылы әлем бетпе-бет келетін қауіп емес.
5. Технологиялық үстемдік жарысының үдеуі. Технологиялық кеңістіктің геосаяси астары айқын бола түседі. Қытайлық Huawei және ZTE компанияларының мысалдары IT нарықта бәсеке өрши түсетінін көрсетті. Бұл оймен келісуге болады. Өйткені АҚШ өзінің технологиялық көшбасшылығын Қытайға бермеу үшін әкімшілік ресурстарын да қолданып жатыр: америкалық компанияларды қытайлықтарға сатуға тыйым салды, қытайлық ұялы телефондардың АҚШ-та саудалануын шектеді және т.б. Алдағы уақытта IT нарықтағы бәсеке чип, бағдарламалау және 5G бағытында жүруі әбден мүмкін. Себебі біріншіден, олар – ұзақ интеллектуалды еңбектің жемісі. Екіншіден, аталған технологиялық өнімдердің құны өте қымбат. Үшіншіден, бұл үш бағыттың да перспективасы жоғары. Осы себепті әр ел осы бағыттағы нарықта үстем болуға барын салады.
6. Иранға қарсы әскери соғыс. Ядролық келісімді жою Иран төңірегіндегі қарама-қайшылықтардың одан ары ушығуына ұласуы мүмкін. Иранның геосаяси қарсыластарымен текетіресі киберкеңістікке кең таралады. Бұл болжаммен келісу қиын. Оған себеп жетерлік. Алдымен, Иранның бас қарсыласы – АҚШ қазір 2020 жылғы президент сайлануына дайындық үстінде. Яғни, сайлауалды кезеңде ешбір саналы президент Иран секілді мемлекетке соғыс ашпайды. Екіншіден, Ауғанстан, Ирак, Ливия, Сирияда қатар соғыс жүргізген елдің тағы басқа мемлекетке әскер кіргізуі ақылға сыймайды әрі АҚШ экономикасына қауіп. Үшіншіден, Иран оңай шағылар Ирак емес. Армиясы айбатты, қару-жарақтың түр-түрін Ресейден жеткізіп жатыр. Төртіншіден, осы жолы Қытай мен Ресей Иранды Америкаға оңай «азық» ретінде беріп қоя салмас. Қос ел Венесуэланы Вашингтонның құрығынан аман алып шықты. Ресей Сирияны қорғап қалды. Осыдан-ақ Мәскеу мен Бейжің Тегеранды қорғауы үшін барын салары белгілі. Сондықтан АҚШ-тың Иранға толыққанды соғыс жариялауы неғайбыл.
7. Корей түбегіндегі ядролық дағдарыс. Солтүстік Кореяның бейбіт келісімге келу және АҚШ-пен қарым-қатынасын қалыпқа келтірудегі қадамдары баяу қарқынмен жүруде. Екі тарап арасындағы келіспеушіліктер артқан сайын келісімдердің құрдымға кету қаупі күшейеді. Аталған болжамды теріс шығару не қолдау оңай емес. Өйткені Солтүстік Кореяның ядролық арсеналы – әзірге уақытша сең болып қатқан мәселе. Ким Чен Ын ара-тұра зымырандарын атқылап, көршілерінің мазасын алғанымен, ол Трамппен екі рет кездесіп, АҚШ-пен арақатынасын түзеуге мүдделі екенін көрсетті. Сондықтан Солтүстік Кореядағы ядролық қақтығыс туралы айтып, әлемді шошытудың қажеті шамалы секілді.
8. Терроризмнің жаңа толқыны. ДАИШ-тың талқандалғанына қарамастан, террористік топтар дамудың жаңа сатысына көтеріліп, әрекет ету ауқымын кеңейте түсуде. Жалғыз өзі күрес ұйымдастырғандардың қатары көбеюде. Бұдан бөлек, әлем мұсылмандар мен мигранттардың өзге конфессиялар терроризмі мен «ақ» терроризм аталған топтардың құрбаны болғанына куә болды. Бұл ойға қосылуға негіз бар. Не себепті? Өйткені ДАИШ террористік ұйымы басшысынан айырылып, әскері жойылғанымен, оның қалдықтары шартарапқа жайылып кетті. Кәлләсында террористік ойды пісіріп жүрген 1 адамның өзі қоғамға үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Оған қоса, ДАИШ қалдықтары Сирия мен Ирактың өзінде, Ливия мен Йеменде, Ауғанстанда, тіпті Африка елдері мен Мьянмаға баруы мүмкін. Заңсыздық орнаған жерде терроризмнің жайылуына жағдай жасалады. Бұған қоса, Африка мен Таяу Шығыстан Еуропаға бет алған миллиондаған мигрант арасында терроршы жоқ деп ешкім айта алмайды. Осы факторларды ескерсек, келер жылы да біраз террактілердің дүмпуі жайлы хабар кешкі жаңалықтарға шығуы мүмкін.
9. Басқыншы ұлтшылдық пен популизм толқыны. Популист саясаткерлердің күрделі мәселелерді оңай шешуге деген ниеті қиратушы әлеуметтік қақтығыстарды күшейтеді, сондай-ақ этникалық және діни араздық қаупін тудырады. Рас. Қолдауға тұрарлық пікір. Өйткені популизм арқылы жылдам жеңіске жету саяси трендке айналды. Мексикамен шекараға қабырға салам деген Трамптың президент сайлануы, Еуроодақтан елді шығару керек деген Б.Джонсонның Британияда премьер атануы популизмнің мүмкіндігін көрсетті. «5 жұлдыз» партиясы Италияда жеңіске жетіп, Еуропа тарихындағы алғашқы популистік үкімет атанды. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди да биылғы сайлау алдында біраз ұлтшыл бағыттағы ұран тастап, саяси додада топ жарды. Яғни, саясаткерлердің жеңіске жету үшін арзан уәде, оңай жол ұсынып, билікке келуі әдетке, қалыпты жағдайға алып барады. Алайда оларға сенген жұрт уәделердің соңы қандай қақтығысқа әкелерін салмақтап жатқан жоқ секілді.
10. Климаттың өзгеруі тудыратын ауқымды мәселелер. Ірі державалар арасындағы кикілжіңдер мен келіспеушіліктер 2020 жылы климаттың өзгеруіне қарсы күресті түбегейлі тоқтату қаупін тудырады. Бұл басқа мемлекеттердің ұлттық мүддені желеу еткен өзімшілдік саясатын жүргізуін жеңілдетеді. Аталған долбардың жүзеге асуы – 50 пайыздың төңірегінде. Себебі АҚШ-тың әлемдік климатты қорғауға бағытталған Париж келісімінен шығуы теріс тренд қалыптастырды. Ауаға зиянды қалдықтарды азайту туралы Еуроодақтың жоспарына Польша вето қоюы мүмкін. Себебі бұл экостратегияның іске асуы көптеген елдің экономикасына үлкен шығын әкеледі. Ал Польша сияқты дамушы елдердің бюджеті оған дайын емес. Сондықтан экономикасы әлсіз елдер жаһандық жылынумен күресуден гөрі жаңа зауыт салуды құп көріп отыр.