«Жас ұрпаққа қамқорлық, оның қазіргі өмірі мен болашағы үшін қам жеу қашанда менің саясатымның басты мағынасы болған. Әрбір жас қазақстандықтың жақсы білім алатын, отбасын құратын, жеке тұрғын пәтерге ие болатын мүмкіндігі бар. Сондықтан ер адамның бойына жұмыс істей білу, оқып-үйрене білу, өмір сүре білу, қазіргі әлемде өмір сүре білу қасиетін сіңіру керек» деген Елбасы Жастар жылын жариялаған болатын. Соның аясында жастарға мол мүмкіндіктің қарастырылуы да заңдылық. Ал биылғы іс-шаралар жаңа буынды волонтерлік жұмысқа тартуға ұласады.
Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жастар жылының игілігін, ең алдымен жастардың өздері көруі қажетін, қолжетімді баспанамен қамтуды тапсырған еді.
– Міне, Үкіметтің бастамалары, ең алдымен осы міндетті назарға алуы тиіс. Бірақ мынаны ұмытпауымыз керек. Ең басты міндет, «дайын асқа тік қасық» дегендей, жастарға бақытты өмірді жасап беру емес, оларға өз бақытын өздері тауып, мақсатына жетуге жағдай жасау өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Қызылорда облысында атқарылып жатқан жұмыс ұшан-теңіз. Өйткені Сыр елінде «болам» деген жасқа бағыт беретін бастамалар, жөн сілтеп, мүмкіндік беретін жобалар бар. Облыста Байқоңыр қаласын қоса есептегенде, 177 мыңға жуық жас тұрады. Онда 14 пен 28 жас аралығындағылар санатқа алынды. Барлық өңірдегі секілді басты мәселе – жастар арасындағы жұмыссыздық. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 5,1 пайыздан 4,2 пайызға төмендеген. Облыс жастарының кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру мақсатында Kyzylorda Business Hub жаңа жобасы қолданысқа енді. Былтыр Жаңақорған үшін табысты жыл болды. Әсіресе, кәсіпкерлік саласындағы жастардың саны өсіп, жұмыссыздық деңгейі азайды. Былтырғы жылдың қорытындысына сай, Жаңақорғанда жас кәсіпкерлердің саны 530-ға жетті. Өткен жылы 247 жас жұмыспен қамтылды. Биылғы меже – бұдан да биіктен көрініп, елдің өркендеуіне үлес қосу. Біз жастарға сенеміз, өйткені жастар біздің – болашағымыз.
Жастарды қолдау, олармен қоғамдық-идеологиялық жұмыс жүргізу қашанда маңызды. Бүгінгі буынның ертеңгі болашақты қалыптастыратыны да айқын. Сондықтан Сыр елі «білекке емес, білімге сенетін» жаһандану заманында жастардың елдің ғана емес, шетелдің айтулы оқу орындарында оқуына мүмкіндік жасады. Мысалы, 2013 жылдан бастап аймақта сұранысқа ие мамандықтар бойынша облыс әкімінің 100 гранты тағайындалып келеді. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасынан шыққан балаларға жоғары оқу орындарында білім алуына жақсы мүмкіндік жасалған. Өткен жылдан бастап грант саны 200-ге артты. Осы кезге дейін 878 мектеп түлегі облыс әкімінің грантына ие болса, қазір оның 400-ден астамы диплом алған.
Сондай-ақ Қызылорда – көрші елдің қаржысы есебінен беделді ЖОО-да жүздеген түлек оқытуды ұйымдастырған бірден-бір облыс. Иә, 2014 жылдан бастап мектеп түлектері үздік отандық және ресейлік жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуда. Осы кезге дейін аймақтың 500-ден аса мектеп бітірушісі Ресей Үкіметі бюджеті есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербордағы маңдайалды инженерлік жоғары оқу орындарында білім алуға аттанған. Былтыр алғашқы түлектер елге оралды. Биылға дейін 181 жас маман диплом алды. Ал оның 40-тан астамы туған жерде қызмет етуде. Жартысынан астамы Ресейде білімін жалғастыру мақсатында магистратураға түскен. Оған қоса, аймақта тұрмысы төмен отбасынан шыққан студенттерге көмек көрсету ісі жолға қойылған. Облыс әкімінің қолдауымен соңғы 10 жыл көлемінде күндізгі бөлімде білім алатын 3 533 студентке қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге мүмкіндік қарастырылған. Бұл жеңілдік қазірдің өзінде 3 500-ге жуық студентке берілген.
Былтырдан бастап облыста екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ыбырай Жақаевтың жолымен жастарды еңбекке баулу мақсатында «Жақаев ізбасарлары» еңбек лагері өткізіліп келеді. Мысалы, өткен жылы жастар 3 күннен егін алқабында жұмыс істеген. Биыл күрішке орақ түскен кезеңнен бастап 7 күндік еңбек лагері болды. Сөйтіп, жастардың еңбекке араласуы да қарқынды дамуда.
Жаңа буынға биылғы жылдың ең басты тартуы – Сырдарияның сол жағалауынан зәулім ғимараттың ашылуы. Ең бастысы, бұл – жастарды біріктіретін, батыл бастамалары мен тың идеяларын талқыға салатын орын. Бұл орталықта IT park, антикафе, кітапхана, коуоркинг, фитнес-орталық, жастарға әдістемелік қызмет көрсету бөлмесі, 330 адамға арналған көпфункционалды зал, 50 орынды конференц залында соңғы үлгідегі техниканың игілігін көруге болады. Сонымен бірге Жастар жылы аясында Қармақшы, Жалағаш, Сырдария ауданындағы жастар ресурстық орталығы қайта жаңғыртудан өткізілді. Ал Байқоңыр қаласында жастар орталығын ашу үшін жаңа ғимарат беріліп, жаңарту үшін қаржы бөлінген.
Қорыта айтқанда, Жастар жылында Қызылорда облысында жүзеге асуы тиіс шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде. Мәселен, түркітілдес елдері жастарының қатысуымен халықаралық фестиваль, халықаралық деңгейдегі тренерлерді тарта отырып IT эшелон жобасы, 100 жасты қамтыған республикалық лагерь өткізілді. Облыс әкімінің жүлдесі үшін өткен жайдарман ойыншыларының республикалық әзіл кеші, облыстық ауыл жастарының слеті де жаңа буынның бір мақсатқа бірігіп, белсенді болуына жол ашты. Сондай-ақ жастар арасында еріктілікті кеңінен насихаттау, еріктілік қызметтің әлеуетін арттыру мақсатында тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй салып беруді ұйымдастыратын еріктілер тобы жобасы жұмысын бастады. Болашақ осы жастардың қолында.
Миуа БАЙНАЗАР
Қызылорда облысы