Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) жылдық есеп беру баяндамасында биыл 42 журналистің қаза болғанын жазды. Сондай-ақ 235 тілші кәсіби жұмысына байланысты әлемнің 34 елінің түрмесінде жатқанын жариялады.
Соңғы төрт жыл бойы тізімді Мексика бастап тұр. Биыл ол елде 13 журналист жұмысын орындау барысында мерт болды. Одан кейін Пәкістан журналистері көп зардап шеккен. 2020 жылы 5 пәкістандық тілші қаза болды. Ауғанстан, Үндістан, Ирак және Нигерияда үш адамнан қайтыс болған. Баяндама IFJ
сайтында Халықаралық адам құқығы күнінде жария етілді.
IFJ жүргізген есебі бойынша 1990-2020 жылдар аралығында 2658 журналист өлім құшқан.
– Соңғы жылдары журналистер өлімі азайып жатыр. Алайда кәсіби жұмысын орындау барысында журналистердің басым көпшілігінің әлі де өміріне қауіп төніп тұрғанын жасыра алмаймыз, – деді Халықаралық журналистер федерациясының бас хатшысы Энтони Белланджер.
Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) әлемдегі ең ірі БАҚ қызметкерлерінің ұйымы. Штаб-пәтері Брюсселде орналасқан. Бүгінде 140 елде 600 мыңнан астам мүшесі бар ұйым 1926 жылы негізі қаланған. ХЖФ журналистердің кәсіби және әлеуметтік құқықтарын қорғайды.