Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Қырғызстан астанасы Бішкекке келді. Сапар барысында Мемлекет басшысы Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының сессиясына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Өзара тиімді диалог
Бішкек қаласында өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Арменияның премьер-министрі Николай Пашинян, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы Валерий Семериков шағын құрамда кездесу өткізді. Содан кейін делегация мүшелерінің қатысуымен келіссөздер жалғасты.
Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде пікір алмасты. ҰҚШҰ-ның 2019 жылғы басым бағыттарының іске асырылуын қорытындылап, алдағы жоспарын анықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын форматта өткен кездесуде қатысушы мемлекеттер басшыларына Қазақстанның ҰҚШҰ форматындағы өзара іс-қимылдардың өзекті мәселелері жөніндегі ұстанымын жеткізді.
– Біз ҰҚШҰ аясындағы саяси ынтымақтастықты дамытуға, ұйымның әскери-күштік әлеуетін нығайтуға және заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимылдар жасауға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Халықаралық қауіпсіздік саласындағы саяси диалогты күшейту қажетін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кіндігінде орналасқан аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі ҰҚШҰ-ның атқаратын жауапкершілігіне назар аударды. Оның пікірінше, ұйым Еуропа мен Азияны қауіпсіздіктің бірыңғай Еуразиялық платформасында байланыстыра отырып, өз позициясын қазіргіден де нығайта алатыны жөнінде пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар міндетті қарастыру керек екенін айтты. Атап айтқанда, ҰҚШҰ-ның халықаралық беделін арттыру үшін жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталды.
– Біз ешкімге қарсы шықпаймыз, керісінше, өзара тиімді диалогқа дайынбыз. Бұл ұстанымды ілгерілету маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай, Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің НАТО-дағы әріптестеріне биылғы мамыр айында жолдаған Ашық үндеуінің маңызын атап өтіп, оның өзара сенімді нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ жанындағы Серіктес және Бақылаушы институттарды одан ары дамытудың маңызын атап өтті. Институттарды құру туралы шешім былтыр Қазақстан астанасында қабылданған болатын. Президенттің пікірінше, бұл институттар жұмыстарының алғашқы нәтижелері де айтарлықтай.
Президент ҰҚШҰ аясындағы сараптамалық-диалогтық инфрақұрылымды кеңейтуге шақырды. Мемлекет басшысының айтуынша, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің алдағы сессияларының бірінде министрлер, Қауіпсіздік кеңесі хатшылары, ірі сарапшылар мен шетелдік қонақтар деңгейінде халықаралық конференция ұйымдастыру туралы ойланған жөн.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен конференциясын мысалға келтірді. Оның пікірінше, бұл жиын бастапқыда НАТО-ға мүше елдердің қорғаныс ведомстволары өкілдерінің бейресми кездесуі ретінде ұйымдастырылған еді, ал бүгінде Еуропаның қауіпсіздігіне қатысты проблемаларды талқылайтын беделді форумға айналды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер аумағындағы, соның ішінде Ауғанстандағы терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері туралы айтты.
– Бүгінде ресми билік ел аумағының жартысынан астамын ғана бақылайды. Онда халықтың 65 пайызы тұрады. Ауғанстанның қалған аймақтары – террористік ұйымдардың қолында. Оңтүстіктен төнетін осындай қауіптің бар екенін ескере отырып, ҰҚШҰ халықаралық терроризм мен басқа да қатерлерге қарсы күресу үшін қарулы күштер мен құралдарды сақадай-сай ұстауы қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы саммит қатысушыларына «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясының нәтижесі туралы айтып, осы шара барысында Қазақстан мен Сирияның салалық органдары 595 азаматты, оның ішінде 400-ден астам баланы қақтығыс аймағынан алып шыққанын жеткізді. Президент жуырда ғана Ирактан бір топ баланың құтқарылғанын хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз есірткі айналымымен күрес, ақпараттық және киберқауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударды.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында ҰҚШҰ-ға төрағалық еткен қырғыз тарапының жетістіктері үшін Сооронбай Жээнбековке ризашылық білдіріп, ұйым төрағалығын қабылдап алған ресейлік әріптестерін құттықтады.
Саммит қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мақсатында халықаралық іс-қимылдар мен ынтымақтастықты жетілдіру туралы саяси мәлімдеме қабылдады.
Бішкекте қабылданған құжаттар ҰҚШҰ аясындағы ықпалдастықты одан ары нығайтуға бағытталған. Құжаттар ұйымның ашықтығын және оның өзге елдермен және халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын кеңейтуге бейілдігін көрсетеді.
Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бойынша 17 құжатқа, соның ішінде жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мақсатында халықаралық өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастықты жетілдіру туралы мәлімдемеге және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 14 шешіміне қол қойылды.
Бішкекте Абай ескерткіші
бой көтермек
Қазақстан Президентін «Ала-Арча» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін «Ақсақалдар» залында шағын құрамдағы келіссөздер өтті.
Тараптар екіжақты стратегиялық серіктестік бойынша, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы көптеген мәселені қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сооронбай Жээнбековке қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, оның қазақ-қырғыз ынтымақтастығын нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалады.
Қазақстан Президенті өзінің Бішкекке жасаған мемлекеттік сапарына зор мән беретінін атап өтіп, екі бауырлас халық арасында ешқандай қарама-қайшылықтың жоқ екенін айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сооронбай Жээнбековті 2020 жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бесінші отырысын өткізді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде осындай форматтағы отырыстың 2014 жылы Қазақстан астанасында өткеніне тоқталды.
– Кеңес жұмысының біраз уақыт кідіріп қалғанына қарамастан, аталған жиын екіжақты қатынастардың барлық бағыты бойынша маңызды саяси шешімдер қабылдауға септігін тигізетін ынтымақтастықтың жоғары органы болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қырғызстан – Қазақстан үшін тату көрші, одақтас және бауырлас мемлекет. Мемлекет басшысы көлік-транзиттік инфрақұрылымы қалыптасқан ортақ шекараның болуы, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серіктестігі – екі елдің экономикалық байланыстарының басымдығы деп атап өтті. Осының арқасында Қазақстан Қырғызстанның жетекші сауда серіктестерінің біріне айналып, көрші елдің сыртқы сауда айналымында үшінші орынға берік орнықты.
Сооронбай Жээнбеков алдағы уақытта қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы екі ел халықтарының игілігі жолында одан ары нығая түсетініне сенім білдірді.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы байланыстарды қалыптастыру және дамыту ісіндегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өтті.
Келіссөздер барысында қырғыз тарапы 2020 жылы Бішкекте Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылатыны туралы шешім қабылданғанын айтты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы екі елдің көпжақты құрылымдар аясындағы табысты ықпалдастығын және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелер жөнінде көзқарастардың ортақ екенін атап өтті.
Қазақстан мен Қырғызстан делегацияларының арасында өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.