Шоқанға саяхат

Биыл Шоқан Уәлихановқа 184 жыл толып отыр.

Шоқанға саяхат
Қазақтың көрнекті ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, саяхатшы, ағартушы Шоқан Уәлиханов 1835 жылы 3 қарашада дүниеге келген. Биыл 184 жыл толып отыр. Ғылым саласында зор табысқа жеткен ғалымның қайталанбас жолын «Балдәурен» орталығы республиканың әр аймағынан келген демалушы балғындарға насихаттауды назардан тыс қалдырмады.
Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының 14-ауысымындағы бір топ демалушылар Шоқан Уалиханов атындағы «Алтын емел» мемориалдық мұражай кешеніне танымдық жорыққа барды. Мұражай қызметкерлері жылы қабақпен күтіп алып, ұлы тұлғаның өмір жолына қатысты құнды жәдігерлермен балаларды таныстырды. Кешен ішінде ғалымға арналған ескерткіштің артында оның әйгілі саяхатының сызбасы көрсетілген қолдан жасалған гобелен орын алған.

 Балалар тарих қойнауына сүңгіп саяхатшы Шоқан образына еніп, ол жүрген жолмен өткендей әсер алды. Ш. Уәлихановтың зерттеу кезінде жазған еңбектерін, алған орден, медальдарын өз көздерімен көріп танысты. Әлем кезіп жасаған саяхаттары мен зерттеу жұмыстарында кездескен адамдары мен жақын араласқан достарының кім болғанын біліп, киген киімдерін, пайдаланған заттарын да тамашалай алды.
Өз халқының болмысын боямасыз суреттеп, өзге елдер алдында мәдениетіміздің озық үлгілерін насихаттай білсе, керек кезінде халықтың тұрмыс жағдайына да көңіл бөле білген. Өзін-өзі дамытып, ізденіп оқып, жаңа көрген нәрсесін зерттеп жақсысын насихаттай білген өз замананың - жарық жұлдызы. «Шоқаны бар ел, шоқтығы биік ел» деп айтқан Ғабит Мүсіреповтің тамаша сөзін бүгінгі жас буын алдында тағы бір рет дәлелдей алдық. Терең ғылыми ой мен тың пікірлерге толы еңбектері - рухани мұра болатын ғалымды танып білу, оны ұлықтау әр қазақтың міндеті деп ұғынған балаларға бұл саяхат керемет әсер, рухани азық сыйлады.

Адия Каиржанова