Онлайн университеттің ерекшелігі неде?

Еліміздегі білім жүйесі бұдан былай біртіндеп онлайн жүйеге көшуі мүмкін. Онлайн университеттер негізінің қалануы осының дәлелі. Бұл – әлемде кеңінен тараған тәжірибе. Біздің елімізде енді ғана тәй-тәй басып жатыр.

Онлайн университеттің ерекшелігі неде?
Фото: Интернеттен алынды

Жастар жылының салтанатты ашылуында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қашықтықтан оқыту үрдісін қалыптастыру туралы айтып, тиісті тапсырма да берген болатын.  Президенттің айтуынша, Қа­зақ­стан жастарының сауатты­лық деңгейі әлемдегі 155 елдің ішін­­де 15-орында екен. Ал жас ұрпағы­мыз­дың білім деңгейі Швейцария, АҚШ, Норвегия және Финлян­дия­ны артта қалды­ру­ға қабілетті болып шықты. Әрине, бұл қарқы­нын жоғалтпаса Қазақстан жақын арада «жаңа интеллектуалды дер­жа­­ва­ға» айналудан үмітті. – Еліміз технологиялық және цифрлы болашаққа дайындалып жатқандықтан білім саласындағы маңызды тенденциядан сырт қал­мау керек. Барлық табыс пен же­тістіктің кілтіне айналатын тиіс­­ті білім мен дағдыны Қазақстан жас­тарына бере білуі тиіс. Бұл рет­те қашықтықтан оқыту жүйесін тәжірибеге енгізу өте маңызды. Мәселен, АҚШ-та 20 миллион сту­­денттің үштен бірі онлайн фор­матта білім алады. Сондықтан біздің елімізде де бұл тәжірибенің кеңінен қанат жаюына өріс ашуы­мыз керек, – деді Мемлекет бас­шы­­сы. Расымен, әлем елдері әлде­қа­шан онлайн университеттер құ­рып, сол арқылы жастардың көкі­рек көзін ашуға кірісіп кет­кен. Қазіргі таңда онлайн форматта білім берумен белсене айналысып жатқан оншақты университет әлемде кеңінен танымал. Мәселен, әлемге әйгілі Массачусетс техно­ло­гиялық институты интерак­тивті онлайн оқыту форматында 1 800-ден астам тегін курс ұсынады. Институт курстан сәтті өткендерге арнайы сертификат та табыстайды. Британиялық Open University болса, негізінен, гуманитарлық салаға басымдық береді. Стэнфорд университеті де қашықтан оқимын деушілерге онлайн жүйе арқылы мүмкіндік береді. Тек үміткерлер iTunes U сервисіне жазылу арқылы түр­лі интерактивті курстарды, видео және аудио дәрістерді тың­дай алады. Интернеттегі деректер арқылы түсінгеніміз, әлемдегі ал­ғаш­­қы ақысыз онлайн уни­вер­ситет – 2009 жылы құрылған АҚШ-тағы University of the People деп аталатын бейкоммерциялық онлайн білім ордасы екен. Онда іскерлік басқару, компьютерлік ғылымдар, медициналық зерттеу және есептеуіш техника/инфо­р­ма­­тика бойынша бакалавр дәре­же­сін иеленіп шығуға болады. Бұл ретте университет атақты профес­сор, академиктермен келісімге келген. Ал білім алушылар әлемнің әр түкпірінен жиналады. Сондай-ақ бұл университеттің білімін игерген студенттер Microsoft және HP сияқты әлемге танымал компа­ния­ларда іс-тәжірибеден өте алады. Осындай университет 2017 жылы Қазақстанда да ашылып, алғашқы қадамын бастап кеткен. WikiBilim қоры және Kcell компа­ния­сының қолдауымен ашылған OpenU.kz – Астана ашық универ­си­теті, негізінен, төрт санат – ақпа­раттық технология, бизнес, гу­ма­ни­тарлық және жаратылыс­тану ғы­лым­дары бойынша білім береді. Уни­верситеттің ресми сайтында «OpenU –еліміздің жетекші жоға­ры оқу орындары мен мамандары бірлесе әзірлеген онлайн-курс­тар­ға тегін қол жеткізу мүмкіндігін ұсына­тын білім беру платформасы» деп жазылған. – Қазақстандық студенттер оқып жатқан оқу орнына, тұрып жатқан жеріне қарамастан, жақсы маман­дардың қатысуымен жасал­ған сапалы курстарды көріп, со­ның негізінде білім алса деген ойдан туындады бұл идея. Өзім аймақтарда көп жұмыс істедім. Аймақтағы оқу орындарының мүм­кіндіктері шектеулі. Ал бұл он­лайн университет өз бетінше білім іздеген жас мамандарға тама­ша мүмкіндік береді, – дейді идея авторы, «Ұлттық аударма бюро­сы­ның» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алын­­ған әлемдегі үздік «100 жаңа оқу­­лықты» қазақ тіліне аудару ісі­нің қарқынды һәм табысты жү­ріп жат­қаны белгілі. Рауан Кен­же­ханұлы­­ның айтуынша, әлем елдері құны­ға оқитын, қазақ тілінде оқыр­­ман қауымға жол тартып жат­қан осынау құнды кітаптардың мазмұнын баяндайтын арнайы курстар да осы онлайн университет жобасы аясында ұсынылуда. – Әу баста осы оқулықтарды аударып қана қоймай, онлайн курстар жасаймыз деген ұсыныс айтылды. Ұсынысты Білім және ғылым министрлігі қолдады. Қазір аударып жатқан оқулықтар негі­зінде аудармаға араласқан немесе сол пәнді жақсы білетін еліміздегі бе­делді оқытушыларды тарта оты­рып, онлайн курстар жасалып жатыр. Бүгінде аударылған 47 оқу­лықтың негізінде, орыс және қазақ тілдерінде 94 курс жасалды. Бар­лық онлайн курстар OpenU.kz плат­формасына жинақталып жатыр. Өткен жолы Президентке таныстырғаннан кейін Парламент депутаттары шақырып, қызығу­шы­лық танытты. Біз бұл жобаны таныстырып, бұл жұмыс әлемде қандай деңгейде, бізде қалай жүріп жатыр, осының бәрін баяндап, білім беру туралы заңға да қашық­тан оқыту, онлайн оқыту деген ұғымдарды енгізіп, онлайн курс­тар­ға қойылатын талаптарды бекі­ту керек деген ұсыныс айттық, – деді идея авторы. Жастар жылының салтанатты ашылуында Елбасы да осы онлайн университет жайында сөз қозғап, ризашылық білдірген болатын. – Бүгін таныстырылған Open University біздің жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Үкіметке бұл бағытқа қолдау білдіріп, еліміздегі барлық жоғары оқу орындары мен колледждердің аталған жобаны қолдануына мүмкіндік жасауын тапсырамын. Бұрын айтқанымдай, алғашқы жұмысшы мамандығын игеру өте маңызды. Сол себепті, сапалы техникалық және кәсіби білім алу басты басым бағыт ретін­де сақталуы керек, – деген еді Мемлекет басшысы. Болашақта еліміздегі барша жоғары оқу орындары мен онлайн білім беру жүйесі тығыз қарым-қатынас жағдайында тізе қосып жұмыс істеуі мүмкін. Яғни, белгілі бір деңгейде студент еркіндігі пайда болады. Мұны бізге «Ұлттық аударма бюросының» басшысы жақсылап түсіндіріп берді. – Біз білетін білім беру жүйесі басқа заманда, басқа міндеттер үшін жасалған. Бұл жүйенің басты ұстанымы – стандарт. Барлығы ортақ талапқа сай, бір қалыпқа сал­ғандай, бірдей жылдамдықпен оқуы тиіс. Бірақ сол жүйеде оқыған адамдардың барлығы бірдей үлге­рім көрсетіп, бірдей тамаша нәти­жеге қол жеткізе бермейді. Біреуі ілгері, біреуі кейін, енді біреу­лер мүлде артта қалып қояды. Бұл бәріне бірдей талап қоятын, оқу­шы­­лардың жеке ерекшеліктерін ескермейтін жүйеге тән нәрсе. Демек, сынып немесе аудиторияға 20-30 оқушыны отырғызып, оларға бір мұғалім сабақ беретін жүйеге балама керек. Қазір оқытушының сабағы не лекциясын видеоға түсі­ріп, онлайн таратуға болады. Сту­дент оны өзіне ыңғайлы уақыт­та, жер­де қанша рет көрем десе де өзі біледі. Бұл өте маңызды. Себебі, оқу, білім алу дағдысы әр адамда әртүрлі. Біреу таңертең оқығанды қаласа, біреу түнде отырып оқы­ғанды дұрыс көреді дегендей. Әр адамның қабілеті де әркелкі. Яғни, технологиялардың көмегі­мен білім беру, онлайн оқыту дегеніміз – білім беру процесін әр адамға жекелеп бейімдеуге мүмкіндік сыйлайды. Мұндай тәжірибені әлемде personalization деп атап жүр қазір. Әр адам өзіне ыңғайлы жер­де, ыңғайлы уақытта, өзіне қо­лай­лы жылдамдықпен білім алуы тиіс. «Астана ашық универ­си­теті» деп аталатын біздің жобамыз соған жағдай жасайды. Осы бастама аясында қазір халықаралық әріп­тес­терімізбен ақылдасып, қашық­тан оқытуға арналған курстары­мыз­ды мемлекеттік бағдарламаға сай өңдеп, әзірлеп жатырмыз. Ойымыз – еліміздегі барлық уни­вер­ситеттер осы курстарды өздері­нің студенттеріне ұсына алса. Егер сіз аймақтағы оқу орнының сту­денті болсаңыз және филосо­фия немесе тарихты онлайн өтемін деп таңдау жасасаңыз, университет сізге ондай мүмкіндікті беруі тиіс­ті. Алайда бұл – сабаққа келмей, жыл соңында бір-ақ көрінуге бола­ды деген сөз емес. Онлайн оқи­тын студент те тапсырмаларды қашық­тан орындап, емтихан тапсырады. Тек оның өз ережесі, өз әдістемесі бар, – дейді идея авторы. OpenU онлайн университетінде дәріс беріп жүрген оқытушылардың бірі – белгілі математик Асқар Жұмаділ­даев. Ғалымның айтуын­ша, мұндай жүйенің отандық білім мен ғылымға тигізер пайдасы орасан. – Шетелде онлайн түрде тегін білім алу кеңінен тараған. Он­лайн университет дамып кет­кен. Алайда ол университеттерде дә­ріс ағылшын немесе орыс тілінде жүргізіледі. Қазақ тілінде алғаш рет Рауан Кенжеханұлы, Нұрбек Мәтжани сияқты батыс көрген, ақылды жігіттер жасап отыр. Сон­дық­тан бұл жобаға атсалысуға көмек бердім. Жобаның бір жақ­сы­сы студенттер жұмыс істеп жүріп те, басқа жерде жүрсе де он­лайн оқи береді. Ғылымды попу­ляризация жасауымыз керек. Егер мен сабақ беретін универден аптасына бір күн осындай жоба­лар­ға мені босатса, видеоға түсе беремін, сабақ үйретемін, – депті Асқар Жұмаділдаев. Мемлекет басшысы онлайн оқыту жүйесін қолдады. Тиісті тапсырма да берді. Президенттің сөзіне сүйенсек, жақын бірнеше жыл көлемінде еліміздегі барлық ЖОО мен колледждер онлайн білім беру дәрежесін енгізуі керек. Бірақ бастама қаншалықты сәтті жүзеге асады, Үкімет пен оқу орны басшылығының реакциясы қандай болмақ, бұл енді басқа тақырып.