Жарнама мәтініндегі И мен У

Газет мақаласы Айқын газеті №74

«И» мен «У» дифтонгоид дыбыстар – ый, ій, ұу, үу дыбыс тіркестерінен тұрады. Осы тұста З.Базарбаева жазуда ол дыбыстар бір әріппен белгіленіп, фонологизация құбылысына бағынатынын ашып айтады: «Тіл иелері бұл дыбыстарды дифтонгоид фонема ретінде қабылдайды, ал жазуда олар бір әріппен белгіленіп, адамның санасына еніп, фонологизация құбылысына бағынған. Осыған байланысты бірнеше қағидаларды ескеру керек. Біріншіден, алфавит өзінің құрамындағы әріптердің молдығымен емес, ықшамдығымен бағаланады. Сондықтан дыбыс тіркестерін кейде бір ғана әріппен таңбалауға болады. Жалпы, графика сөйлеу тілінің дыбыстық жағын, оның ерекшеліктерінің барлығын түгелдей қамтып бере алмайды. Оны фонетикалық транскрипция атқара алады. Сөздердің жазылуы мен айтылуының бір-біріне әрқашан сайма-сай келе беруі шарт емес. Тілдердің әрқайсысының жазылуы мен айтылуының арасында айырмашылықтар бола береді. Орфография сөздердің дыбысталуын дәлме-дәл көрсете бермейді, ал орфоэпияның ең негізгі қызметі – сөздің дыбыстық құрамын дәлме-дәл көрсету. Орфография мен орфоэпияның айырмашылығы осында».

Жарнама мәтініндегі  И мен У

Сөздердің құрамында и мен у дифтонгоид дыбыстар болғанда, біз ойланбай-ақ бару, келу, жуу, қуу, туған, кино, аспирантура, факультет деп жазамыз, олардың дыбысталуын: барұу, келұу, жұуұу, құуұу, тұуған, кійно, аспійрантұура, факүултет түрінде транскрипциялауға болады. Жаңа латын жазуымен: barý, kelý, jýý, qýý, týgan, kɪno, aspɪrantýrа, fakýltet болса, транскрипциясы: baruý, keluý, juýuý, quýuý, tuýgan, kiɪno, aspiɪrantýrа, fakuýltet.

(З.Базарбаева Латын әліп­биі­не көшу: Ғылыми-қоғамдық негіздер, даму процесі және басты мәселелер)

Бұрынғы емледе де и мен у-дың дыбыс тіркесі ретіндегі емлесі берілген болатын. Бұл жолы да олардың дауыссыздан кейін й мен у қосар дыбысты құрап таңбалайтыны ашық көрсетілген. Дегенмен солай тарқатып жазуды ұсынатын ғалымдардың пікіріне профессор Н.Уәли мынадай қарсы дәлелін ұсынады: «У құрамында ұу, үу мен й құрамындағы ый, ій заңды­лығы жазу жүйесіне де енуі қажет деген ұстанымдар да болды. Бұндай жағдайда сүйенетіміз: Тағылым, Дәлел, Уәж. Осыларға сүйеніп, бір тоқтамға келдік. Тағылымға, дәлелге, уәжге тоқтал­масақ, жазу реформасы бітіспес айтыс алаңына айналар еді. Әуелі сөзді тағылымнан, өмір тәжірибесінен бастайық. А.Байтұрсынұлы кезіндегі төте жазуда қиын, тиын, ит, киім деп те, қыйын, тыйын, ійт, кійім деп те жазған.   1930-жылдардағы латын­да да солай: тұу деп те, ту деп те жазылды. Кирилше жазу­да, 1957-жылғы ережеге дейін тұу деп те, ту деп те жазыл­ған бола­тын. Осы қиындықтан тағылым алуымызға болады.   1957 жылғы Ережеден кейін бұн­дай ала-құла, әрі-сәрі жазу біріз­ге түсті. Егер ережеде кемші­лік болса, осы күнге дейін ала-құлалықтан арыла алмай жүрген болар едік. Қай газетті алып қарасақ та, у, и әріптерінің жазылуынан кеткен қатені көрген жоқпыз. Егер өмір сынынан өткен тәжірибеден тағылым алмасақ, күні ертең-ақ баяғы ала-құлалық қайталанбай қоймас. Тағылымға тоқтамасақ, тағы да тайғақ кешуде жүреміз. Тағылым дейтініміз осы.


Дәлел. Дәлел мынау: у да, и де А.Байтұрсынұлы айтқандай, жарты дауысты. [тұу] дегенде у жарты дауысты, ұ қысқа дауысты, екеуі де еріндік. Осы қасиеттері жағынан бірегейленіп, бір бүтін­ге айналған дыбыстық бірлік. Оппоненттерімізге айта­тын дәлеліміз осы. Тұу деп жазса­ңыз да, ту деп жазсаңыз да айтылы­мын­да айырма жоқ. Уәж. Уәж мынау: Әңгіме тек бу, су, ту сияқты, бір буынды сөздер ғана емес. Әдетте орфографиямен шұғылданушылар бірер сөзбен ғана шектелмей, фактологиялық материалдарды кеңінен жинап, соған сүйенеді. Оны саралайды, әр нұсқасын жазып, салыс­ты­рады. Сіз де салыстырыңыз, оқыр­­ман­дарымыз да салысты­рып көрсін: игеру (5 әріп) – ійгерүу (7 әріп) , игерісу (7 әріп) – ійгерісүу (9 әріп); қуу (3 әріп) – құуұу (5 әріп); ауру (4 әріп) – ауырұу (6 әріп); суыну (5 әріп) – сұуынұу (7 әріп)» (Н.Уәли Егемен Қазақстан). Ғалым­ның тал­дауындағы И мен У-ды тара­тып жазғанда сөз тұрқы ұзарып, көзшалымға ауырлығы, оқылым­дағы кедергілері байқалады.

Балаларды оқытудағы тәжі­ри­бемізге сүйеніп айтар болсақ, әріптерді таратып жазуда және оқуда қиындық туындайды. Осын­дай қиындықтар 20-ғасыр­дың басында да орын алғанын 1924 жыл ұйеннің 12 күні болған Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезіндегі Міржақып Дулатұлы­ның мына сөзі дәлелдейді. ««Ұу», «ыу»-лар дыбысқа ұсап естіледі; Оны екі әріппен жазу балаларға түсіндіргенде де, жазғанда да ауыр болады; сондықтан «ұу», «ыу»-ларды бір әріппен жазатұн ереже шығару керек». (Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі, Алматы, 2005. – 144-бет.)

Көріп тұрғанымыздай «И» мен «У» әріптерін екі таңбамен беріп таратып жазар болсақ, оқылым мен жазылымда сөз тұрқының ұзаруы айтарлықтай қиындық туғызуы сөзсіз. Себебі, [ұу], [үу], [ый] [ій] дыбыс тіркестері бір ғана таңбамен таңбалау санамызда бұрыннан қалыптасқан, әрі сынама-сауал­на­ма жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, басым көпшілігі ықшамдап жазуды қолдайды. Жарнама мәтіндеріндегі «И» мен «У» -ды таратып және таратпай жазып, салыстырғанда айырма­шы­лығы 341 мен 355 әріпті құра­д­ы. Жарнама пішіні, идеясы, көркемдігі, адамға ерекше психо­логиялық және эмоциялық әсер ететіндіктен, ондағы сөздер­дің ықшамдылығы басты орында болуы шарт. Сондықтан жарнама мәтінінде «И» мен «У» -ды екі таңбамен таңбалау жағымсыз әсер беруі ықтимал.


Назым ЖҰМАХАНОВА,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық 

ғылыми-практикалық орталығының ғылыми қызметкері