Тоқжанов 200 маңғыстаулық оқушыға грант бөлді

Биыл маңғыстаулық 200 мектеп бітірушіге облыс әкімінің гранты тағайындалады.

Тоқжанов 200 маңғыстаулық оқушыға грант бөлді

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді.

Маңғыстау облысында биыл  мектеп бітіретін 5579 түлектің 4298-і  Ұлттық Біріңғай Тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Биылғы ҰБТ облыстағы 4 тестілеу пунктінде 20-маусым мен 5-шілде аралығында өткізіледі. Білім деңгейін анықтаудың биылғы ерекшелігі оқушылар жылына 4 рет тест тапсырады. Мәселен қаңтар, наурыз, тамыз айларында тестілеуден өтіп, шектік балды жинай алған талапкерге сертификат беріліп, ЖОО-ның тек ақылы бөлімдеріне ғана оқуға түсуге мүмкіндік алады. Ал алдағы маусым айындағы сынақтан жоғары балл алғандар мемлекеттік грантқа ие болады.  

Сондай-ақ жылдағы дәстүрмен биыл да түрлі санаттар бойынша мектеп бітірушілерге жоғарғы оқу орнына түсуге  облыс әкімінің гранты беріледі. Өткен жылы жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 175 жас жоғарғы оқу орындарында оқуға мүмкіндік алды. Олардың тоқсан пайызы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім және жартылай жетім, сондай-ақ аз қамтылған отбасынан шыққан балалар. Қазіргі таңда олар еліміздің 13 жоғары оқу орындарында кәсіби білім алуда. Ал биылғы мектеп бітірушілер үшін облыс әкімінің 200 білім гранты тағайындалып отыр және бұл мүмкіндікке әлеуметтік қолдауды талап ететін отбасылардың балалары қол жеткізеді.