Бірнеше сағаттық көзбояу керек пе?

Газет мақаласы Айқын газеті №84

Барша қазақстандық түлектер 12 маусым күні мектеппен қоштасу кешін өткізеді. Жыл сайын көтерілетін тақырыптан бұл жолы да аттап өте алмадық. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген бар. Бірақ мектеп бітіру кешін қарапайым өткізу туралы айтып-айтып ақыры бір сең қозғалып келеді. Қарқыны әзірге баяу. Десек те, бірінен бірі көріп, үлгі-ғибрат алса құба-құп. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова да бұл тақырыпқа қатысты пікір білдіріп, ұстаздар мен ата-аналарға ескерту жасады. Қайырымдылық жасап, тал егуге тыйым жоқ. Аста-төк кеш, ұлан-асыр той жасаудан бас тартуға ғана шақырады.

Бірнеше сағаттық көзбояу  керек пе?

Өзімнің мектеп бітіргеніме алты жыл болыпты. Ауылдың жайы белгілі: мектепте не мәдениет үйінде түлектерге аттестат табысталады, артынша шағын дастарқан жайылып, ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар сырласады. Білім алушы мен берушінің арасында бұрын болған қабырға бұзылатын кез. Әдемі әңгіме, ыстық естелік, бастан өткерген түрлі қызық жағдай айтылады. «Алтын белгімізді» облыс әкімінің қолынан аламыз» деп Ақтөбеге бардық. «Әдемі көйлек киіп келіңдер» деген тапсырма бар. Сол кездегі көйлегім ары кетсе 10 мың теңге тұрған. Бірінші рет бетімізді әрлеп, шашымызды сәндедік. Оған дейін кәсіби визаж дегенді білмейтін бізге мұның бәрі қызық. Сыныптасым екеуміз төсбелгімізді жарқыратып, кешке жақын ауылға тарттық. Артынша түлектерге куәлік тапсыру салтанаты өтті. Одан кейін аналарымыз бен жеңгелеріміздің пісірген тәттілеріне толы дастарқанға жайғасып, түнгі үштің шамасында тарқағанымыз есімде. Біздің бітіру кешіміз осылай болған. Бүгінде бұл үрдіске де талай өзгеріс енген шығар. Әйтсе де, ысырапқа жол бермейтін ауылданбыз. Қазір көтеріп отырған тақырыптың өзектілігін қалаға келген соң бір білдік. Онда да жоғары оқу орнына келіп, топтастардың түлектер кешінде түскен суреттерін көрген соң ғана. Сөйтсек, лимузинге міну, мейрамханада тойлау, дизайнердің қолынан шыққан көйлек дегеніңіз кинодағы көрініс емес, шындық екен.

Аяңдап қазіргі күнге келсек. Түлектердің мектеп бітіру кеші жыл сайын дарақыланып барады. Оған кештен кейін әлеуметтік желідегі парақшаға жүктелген видео-фото дәлел. Өмірде бір болатын маңызды іс-шараны мүлдем өткізбеу керек деп жатқан ешкім жоқ. Тек шектен шық­пай, қарапайым ұйымдастырылса деген тілек қана. «Мектеп бітіру кешін өткізу мәселесі жыл сайын көтеріледі. Оқушылар он бір оқыған ордасында жасайтын игі дәстүр бар еді. Ол жерде, расымен, оқушы мен ұстаз арасында әдемі әңгіме өрбиді. Десек те, соңғы кездері кімнің қайда өткізетіні бәсекеге айналды. Мектеп бітіру кештері ата-аналарымыздың кезіндегідей форматта өтуі керек. Түлек шынымен де мектеппен қоштасуы қажет. Ең бастысы, ата-ана баласының қауіпсіздігіне мән берсін. Ұйымдастырылып жатқан кез келген шарада осы бірінші кезекте тұруы тиіс. Сондықтан мектептің аясында, ешқандай артық ысырапсыз өткізуге кеңес береміз. Аста-төк отырыс пен тым қымбат көйлектің ешкімге қажеті жоқ. Қоштасу кеші – киіммен жарысатын жер емес. Онда рухани отырыс өткені дұрыс. Бәлкім, жүрек түкпірінде бір-біріне айта алмай қалғандары бар шығар» деген еді сала министрі Күләш Шәмшідинова.

Артық шығыннан бас тартып, кейінгілерге челлендж жолдап жатқан түлектер де бар. Мысалы Алматы қаласының Жетісу ауданында 16 мектеп осындай игі бастама жасаған. Оның орнына қайырымдылықпен айналысуға шешім қабылдаған.


Түлектердің ата-анасына түсетін салмақ қандай? Әдетте, ұмытылмас кеш өткізетіндер қандай шығынға ұшырайды? Бұл жайлы да зерттеп көрдік. Негізі, шығын оқу жылының ортасынан кейін басталады. Біріншісі – виньетка. Оның түр-түрі бар. Елордада ең қарапайым виньетканы 4-5 мың теңге шамасында жасатуға болады. Қалтаңыз қалың болса, қалауыңызға қарай бетінің санын көбейтіп, мектепте ғана емес, түрлі локацияларда түсіруге тапсырыс беруге болады. Одан кейінгі шығын – түлектің киімі. Қыздарға көбірек қаражат кететіні белгілі. Өйткені көйлек, шаш, макияж, аяқкиім бар. Одан қалса, қызын қуанту үшін бір құшақ гүл алады. Кештерге киетін көйлектер орта есеппен 50 мың теңге шамасында. Оның өзінде қарапайым ғана көйлектер таба аласыз. Егер сатып алмай, жалға аламын десеңіз, көйлектің жарты құнын төлеуіңіз керек. Мысалы, 150 мың теңгенің маржан тастармен көмкерілген көйлегі бір күнге – 75 мың теңге. Әсіресе, қала мектептерінде қыздар арасында қып-қызыл бәсеке бар. Бітіру кешінде ханшайым болу үшін ата-­анасының қалтасына салмақ түсіреді. Мәселен, эксклюзив, дизайнерлік көйлектер 100 мың теңгенің үстінде. Тіпті кей түлектер бір отырыста бірнеше көйлек ауыстырады. Басында ұзын әрі сәндісін кисе, ортасында билеуге ыңғайлы болсын деп басқасын киеді. Аяқкиімнің де бағасы әртүрлі. Базардан ең кемі 15 мың теңгеге табуға болады. Бір жақсысы, мектеп бітіретін кеш жақындағанда сұлулық салондары түрлі акция ұйымдастырып, клиент тартады. Яғни, арнайы пакет ұсынады. Ішіне макияж, шаш және оған қажет аксессуарлар кіреді. Орта есеппен 20 мың теңгеге шығады. Тек киім мен бет-әлпетіңізге 100 мың теңгеден артық ақша кетеді. Ұл балаларға кететін шығын бұдан азырақ. Өйткені костюм, аяқкиім, көйлек, галстук алады. Бір айта кететін тұсы – бұл киімді ұлдар кейін де кие алады. Қыздардың көбі бір күн киген көйлектерін сата алмай әлек болып жүретіні де рас.

«Білім министрінің тапсырмасына сәйкес мектеп бітіру кештері мектеп қабырғасында өтетін болды деген жаңалықты естідік. Көбіміз бұл хабарды түсінбеген едік. Сөйтіп мән-жайды анықтайын деп мектепке бардым. Сөйтсем, ешқандай ақша жиналмайды екен. Жылдағыдай мектепте өтеді деп жауап берді. Өз басым мейрамханаға, лимузин мен асабаға ақша шығындаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оның еш мәні жоқ. Мектеп басшылығы мен ата-ана түлекке дұрыстап түсіндірсе дұрыс болар еді. Сонда қазіргі артық шығын кететін үрдіс азаятын сияқты. ҰБТ-дан соң мейрамханаға отырғызамыз деп ата-аналар 35 мың теңгеден жинаған екен. Оның да жайын анықтадым. Тесті­леуден бұрын аттестат тапсыру және мектеп бітіру кеші болады екен. Мейрамха­надан бас тартып, ақшаны қайтарып алдық. Ұлыма костюм-шалбар, аяқкиіміне 70 мың теңге кетті» дейді Ақтөбе қаласы Жаңақоныс ауылы, Новый орта мектебі түлегінің әкесі Ізгілік Нағиев.

Артық шығыннан бас тартып, кейінгілерге челлендж жолдап жатқан түлектер де бар. Мысалы, Алматы қаласының Жетісу ауданында 16 мектеп осындай игі бастама жасаған. Оның орнына қайырымды­лық­пен айналысуға шешім қабылдаған. Мұндай акцияны әу баста елордалық №29 мектеп түлектері бастаған еді. Ізін басып, еліміздің бірнеше мектептерінде ұсынысты қабылдап жатқандар көп. Сонымен бірге, Жамбыл облысында 200-ге жуық мектеп шығыннан бас тартқан. Көбі ­«Артық шығынсыз кеш» деп акция ­ұйым­дастырып жатыр. Мұндай баста­ма көңіл қуантып отыр. Ысырап пен ынсапты жастайынан біліп өскеннің жаманы болмайды.


Айша ЕРСҰЛТАН