Ұстаздар қызыл кілеммен жүрді

Газет мақаласы Айқын газеті №87

Ғалым да, кенші де алдында бас иген бір топ ұлағатты ұстаздарға бүгін отырарлықтар құрмет көрсетіп, зейнеткерлік­ке шығарып салу кешін өткізді. Өздеріне арнайы төселген қызыл кілеммен жүріп өткен ұстаздарды қолына алқы­зыл гүл шоғын ұстаған шәкірт­тер мен аудан әкімі Ерлан Айтаханов құрметпен күтіп алды.

Ұстаздар қызыл кілеммен жүрді

Мұнан соң ұстаздар мен қонақтар Мәдениет сарайының фойесінде ұлағатты жандардың өмірі мен жетіктерінен сыр шертетін көрмені тамашалап, мол мағлұмат алды.

Мектеп оқушылары жыр-шумақтарынан шашу шашып, үлкен құрмет көрсеткен шарада «Арман» атты сахналық қойылымы ұсынылып, ұстаздарды аудан басшысы арнайы құттықтады. Құттықтау сөзінде «Адам­ның адамдығы – жақсы ұстаз­дан» деп Ұлы Абай айтқандай тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалар­дың көпшілігі ұстазына ерекше құрмет­пен қарап, әрдайым ізет көрсеткен. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғам баланың тәрбиесін мұғалімдерге артып қойды. Бүкіл ұрпақ тәрбиесін ұстаздарға сеніп тапсырып отырмыз. Сондықтан ұстаздарымыз – қандай құрметке болса да лайық жандар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында ұстаздарымыздың мәр­тебесін көтеру мақсатында Үкіметке «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын дайындау керегін тапсырғаны ұстаздар үшін ерекше серпін берді» деген аудан басшысы зейнеткерлікке шыққан жандарға алғысхат пен сый-сияпат тапсырды.

Мерекелік шара одан ары аудан өнерпаздарының концерттік бағ­дар­ламасына ұласып, әуезді әндер шырқалып, жалынды жастар мың бұрала би биледі.


Інжу БАЛТАБАЙҚЫЗЫ