Аймағамбетовтің айы оңынан туа ма?

Газет мақаласы Айқын" газеті №94

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы лауазымына ресми кіріскеннен кейін Үкіметті толықтай отставкаға жіберген жоқ. Тек ішінара ғана өзгерістер жасауға кірісті. Соның бірі – Білім және ғылым министрі қызметіне Асхат Аймағамбетовтің келуі. Қарағандыға қызмет ауыстырар алдында (облыс әкімінің орынбасары) ол Ерлан Сағадиевтің орынбасары болып тәжірибе жиған. Ал Күләш Шәмшідинова ведомство басшылығында небәрі 3 айдан астам уақыт қана отырды. Ал Асхат Аймағамбетов – осы саладағы – 13-министр.

Аймағамбетовтің айы оңынан туа ма?

Осы ретте бар-жоғы үш ай ғана жетекшілік еткен Шәм­ші­динова ханымның қандай уәде бергенін, қай шаруаға білек сыбана кіріскенін аз-кем барлап өтсек. 25 ақпанда министр атанғаннан кейін, көп ұзамай баланы мектепке 6 жастан бастап беру туралы мәселе көтерген еді. Тиісінше, ата-аналарға қандай жағдайда айыппұл салынатынын да айтқан. Сөйтіп, қоғамда шу тудырған.

«Балаларын мектепке жі­бермейтін ата-аналарға айыппұл салынады. Өкінішке қарай, тек 1 сынып емес, басқа да сынып­тарда осындай проблема бар. Әрине, айыппұл бәріне бірдей емес, жекелеген жағдайлар бойынша салынады.

Алты жасар балаларға келетін болсақ, заңда мектепте білім алу­дың 6 жастан басталатыны анық жазылған. Сондықтан ата-ана­лар балаларын мейлінше осы жастан мектепке беруі тиіс. Әри­не, әр адам – жеке тұлға. Бұл тұр­ғыдан алғанда, ата-ана ба­ласының мектепке қаншалықты дайын екеніне де мән беруі тиіс. Бірақ бұл – олар қаламаса оқуға бермей қоюына болады деген сөз емес. Заңда бұл мәселені шешуді қарастырып жатырмыз» деген еді сол кезде.

Наурыз айында Үкіметте өткізген баспасөз мәслихатында білімді бағалауға қатысты пікір білдірді.

«Мұғалімнің бағасы оқушыға тиісті ақпаратты жеткізуі керек. Нені түзеу керек екенін бала білгені дұрыс. Сол себепті, қазір мұғалімнің баламен кері бай­ланыс орнатуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бағалау және өзін-өзі бағалау жүйесі оқушыға да, ата-анаға да ұғынықты болуы керек», – деді ол.

Айтпақшы, министр мектепті күрделі жөндеуден өткізу және құрылысын салуды қаржы­лан­дыру әдіс-тәсілдерін де өзгерт­пекші болған. Бұған қатысты ол «Болашақта мектеп құрылысына ақша бөлген кезде ол оқу ор­нында қанша бала оқитынын есептеп барып бөлеміз. Ал білім ордасының қай жерге және қалай салынатынын жергілікті атқарушы органдар шешеді» деп мәлімдеген.

Ол, сондай-ақ ҰБТ жүйесін өзгертуге де аса құлықты емес екенін аңғартты. «Балалар әне-міне мектеп бітіргелі жатыр. Тура осы сәтте жүйені өзгертіп, олар­дың басын қатырмау керек. Де­генмен тест сұрақтарын же­тіл­дірумен жұмыс істейміз» деді.

Күләш Шәмшідинова мектеп бітіруші түлектердің қымбат кафе-мейрамханаларда той­латуына ашық қарсылық біл­дірді. «Түлектер кеші баяғы біз­дің ата-аналарымыз жасағандай, шын мәнінде, мектеппен қош­тасу мазмұнында мектеп терри­ториясында өтуі керек. Асып-тасып дастарқан жаюдың керегі шамалы. Қымбат көйлек сатып алудың да қажеті жоқ. Түлектер кеші бір-бірімен бәсекеге түсу үшін емес, ұстаздар мен оқу­шылардың қоштасуы үшін жасалады» деген сәуір айындағы брифингте.

Тағы да сол сәуір айында... Экс-министр Шымкентте өт­кізген кездесуде елдегі үш ауы­сымды мектептер проблема­сының біржола шешілетінін жариялады. «Тәуелсіздік алғалы бері елімізде 1 672 мектеп салы­ныпты. Алдағы 2019-2021 жыл­дары Қазақстанда 190 мектеп салынып, үш ауысымды мектеп­тер проблемасы шешімін таппақ. Қазір апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер жайы қарастырылып жатыр» деген еді. Оның айтуынша, алдағы уақытта пайдалануға берілетін 190 мек­теп – үш ауысыммен оқып күн көріп жүрген – 89, апатты жағ­дайда тұрған – 13 және оқу­шы­ларға орны жетпейтін 72 мек­тептің мәселесін шешеді.

Экс-министр 1 маусымнан бастап білім саласы қызмет­керлерінің жалақысы 30 пайызға артады деп мәлімдеді. «Нақты 500 мың жұмысшының жала­қысы көбейеді. Оның ішінде мұғалім, тәрбиеші және олардың көмекшілері, әдіскер, әлеуметтік педагог, балабақша және кол­ледж психологы, кітапханашы, бухгалтер, іс жүргізуші, техни­калық қызметкер және басқалар бар. Сонымен қатар 144 мың мұғалім, 82 мың сынып жетек­шісі мен психологтар және ЖОО мен колледждердегі 18 мың мұ­ғалім білім жетілдіру курста­рынан өтеді» деп хабарлаған.

Экс-министрдің соңғы мә­лімдемелерінің көбі қарама­ғындағы қызметкерлердің жем­қорлық дауымен ұсталуына бай­ланысты болды. Вице-ми­нистр Эльмира Суханбердиева мен екі бірдей шендінің пара­қорлық бабы бойынша тұтқынға алынуы – әрине, министр үшін оңай жағдай емес. Сонда да ол бұған бола қызметінен кеткісі келмейтінін, ұсталғандарды қызметке бұрынғы министрдің қойғанын айтқан еді.

Оның бастамалары жалғай ма, әлде жас министр бәрін жаңадан бастай ма, оған алдағы бірер айда куә бола жатармыз. Әзірге, жұрт дабырласа айтып, сыртынан мақтау жаудырып жатқан Асхат Қанатұлы кім? Жалпы, оның өмірбаяны мен қыз­мет жолы туралы БАҚ әлде­қашан ресми хабардар еткен. Білетініміз, министр жастайынан қызметке араласып, Қарағанды жерінде мол тәжірибе жинаған. Облыстың білім саласын бас­қарып та көрген. 2017-2018 жыл­дары вице-министр орынтағында да отырды. Министрлікте жүрген кезінде мектептердің жаппай есеп беруі мен рейтингке ұмты­луына қарсылық танытқан.

«Мектептердің белсенділігін бағалайтын рейтингтер цифр­ландыруға кері әсерін тигізеді. Осы мәселені бір ізге түсіру үшін қазір мектеп басшыларымен сөйлесіп жатырмыз» деген бір сөзінде. Ол ҰБТ нәтижесіне орай рейтинг құруға қарсы болды. Тестілеу тек грант бөлу мәселесін ғана шешуі қажет деп есептейді.

Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ дарынды балаларға арналған арнайы мектептерге қабылау конкурстарын да сынға алған.

«Баланың оқуға түсуіне сыртқы факторлар әсер етпес үшін мұндай мектептер (да­рынды балаларға арналған) Назарбаев интеллектуалдық мектептерінің үлгісін пайда­лануы қажет. Іріктеу әділ өтуі керек. Әйтпесе, таныстардың ха­барласуы, көкелердің қоңы­рауы бәрін бұзады. Шынымен дарынды балаларды таңдап алып, соларды оқыту қажет. Бұған ешкім сырттан әсер етпеуі тиіс. Әр адам алдаудың мүмкін еместігін түсінетін кез келді. Ал бұл үшін арнайы шара қабыл­даған жөн» деген болатын.

Ол, сондай-ақ жемқорлық­пен күресу үшін – олимпиада өткізу, бірінші сыныпқа қабыл­дау, мектептен мектепке ауысу, аттес­тация, мектепке жұмысқа қа­былдау процестерінің бәрі әділ әрі шынайы болу керек деген ұстанымда.

Вице-министр кезінде, ол мектептегі іс-шараларды ата-аналар есебінен өткізуге де қарсы шыққан.

«Бұрын шаралар мектептің күшімен өтетін. Балалар ертең­гіліктерге белсене қатысып, тіпті мұғалімдердің өзі атсалысатын. Ал қазір көптеген мектеп түрлі event-агенттіктерді шақырып алатын болған. Мерекелік ша­раға балалар да қатыспайды, жай залда көрермен болып отырады. Біз мұның дұрыс емес екенін айттық. Осыған орай, алдағы уақытта нормативтік-құқықтық базаны өзгертеміз» деген еді.

Былтыр өткен Ортаазиялық халықаралық форумда Асхат Қанатұлы университеттерді бағалау жүйесін өзгертуге байланысты пікірін айтқан.

«Түлектерді бітіртіп, дип­ломын беріп отырған универ­ситет студенті ертеңгі күні нарыққа қажетсіз болып, еңбек нарығындағы бәсекеге шыдай алмаса онда оны оқытқан жоға­ры оқу орнында қателік бар деген сөз. Сондықтан былтырдан бері білім беру бағдарламасын бағалау бойынша көлемді жұмыс атқарудамыз» деген еді.

Вице-министр кезінде жасаған батыл мәлімдемелерін желі қолданушылары үнемі қолдап отыратын. Оның қоғам­мен ашық диалогқа барып, білім саласындағы түйткілді мәселерге орай ашық пікір білдіруі де қуантады. Алайда жап-жас күйінде керемет «мансап» бас­палдағына көтерілу, Facebook желісінде белсенді болу, қол­данушылардың ықылас-пейілін сезіну бір басқа да, шын мәнінде, жақсы министр бола алу мүлде басқа дүние екені белгілі. Оның үстіне, бұл – басынан дау арыл­майтын, үнемі күрмеуі көп проблемалар мен айғай-шудың отанына айналған білім саласы болса. Әрі министрлік аясы бі­ліммен шектелмейді, аты айтып тұрғандай, елдің бүтін бір ғылым саласы да енді Аймағамбетовтің аузына қарайды. Ал ғылым саласын елдегі ажары кіріп, айы оңынан туған сала деп айтуға келмес. Оның мәселелерін тар­қата жазу үшін сірә, бөлек мақала арнаған абзал. Әзірге, жас әрі жаңа министрге сәттілік тілейік. Айтқан сөзін, істеген ісін бақы­лайық. Бәлкім, ай аралатып бұл тақырыпқа қайта ораламыз.

Еске сала кетсек, Білім және ғылым министрлігін әр жылдары Ғалым Әбілсейітов, Владимир Школьник, Қырымбек Көшер­баев, Нұралы Бектұрғанов, Шәмшә Беркімбаева, Жақсыбек Құлекеев, Бірғаным Әйтімова, Жансейіт Түймебаев, Бақытжан Жұмағұлов, Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев секілді азаматтар басқарды.


Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ