Білімді жетер мұратқа

Газет мақаласы "Айқын" газеті №105

Кипрде өткен жасөс­пірімдер арасындағы 23-ші Балқан матема­тика­лық олимпиадасын­да Атырау «Білім-Иннова­ция» лицейінің оқушысы Айбек Мырзатаев абсолюттік жеңімпаз атанды. Ал жалпыкомандалық есепте Қазақстан командасы екінші орынға ие болды.

Білімді жетер мұратқа

Кипр елінің Ларнака қа­ласында Кипр Республи­ка­сы­ның матема­тиктер ода­ғы­мен ұйымдастырылған 23-ші жа­сөс­пірімдер арасындағы Бал­кан математикалық олим­пиа­дасы өтті. Оған 17 ресми ко­ман­­дадан құралған 112 адам қа­тыс­ты, олардың ішінде 10 ко­­манда Балкан айма­ғы­нан болса, қал­ған 7 қонақтық ко­ман­далар, оның ішінде Қазақ­стан құра­масы да болды.Қа­зақстан ко­мандасы бірнеше жылдар бойы қо­нақ ретінде үздіксіз қатысып келеді. Бал­кан Жасөспірімдер Олимпиа­дасының тарихында тұңғыш рет Қазақстан құра­масы бей­ресми командалық жарыста 17 қатысушы коман­далар ара­сында екінші орынға ие болды. Олимпиада нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы екі алтын, үш күміс және бір қола ме­дальді жеңіп алды. Алтын ме­даль­дің бірін Аты­раулық оқу­шы Айбек Мырза­таев жеңіп алды.

Кеше аймақ басшысы Нұр­лан Ноғаев Кипрде өткен білім дода­сын­да ел намысын қорға­ған «Бі­лім-Инновация лицей-интерна­ты­ның» оқушысы Ай­бек Мырзатаев­ты, оның әке­сі Исатай Сабитовты және Білім-Инновация лицей-ин­тер­натының директоры Эльма Ис­маилды қабылдап, жас дарынды құттықтады.

– Сіздерді шын жүректен құт­тық­таймыз және осындай табысқа жеткеніңізге қуаныш­тымыз. Бұл сіздің ата-ана­ңыз­дың және мұға­лім­деріңіздің еңбегі. Қазір сен бас­қа оқушы­ларға үлгі болдың, олар саған қарап бой түзейтін болады. Бар­лық өмірлік сынақтарда бі­рінші орындарда тұруыңа тілектеспін, – деді Нұрлан Ноғаев.

«Адамның табысқа жетуі оның тегіне тікелей байла­нысты емес» – деп Forbes.kz тілшісіне сұхбат бер­ген «Аты­рау Білім-Инновация» ли­­цейінің 9 сынып оқушысы Айбек Мырзатаев «Мә, мына бала вун­дер­кинд болды немесе мына баланың тегінде білімді адам жоқ, ол дарын­сыз деген түсінік өте қате. Бір па­йыз та­лант, дарын болса, қалған 99 па­йызы таза еңбекпен, жатты­ғумен, дайындалумен келеді. Егер оқушы ерінбей ізденіп, дайындалса ол сөзсіз жетіс­тік­ке жетеді» – дейді.

Математика пәнінен абсо­лютті чемпион болып, қатар­ластарына үлгі болып жүрген Айбек болашақ мамандығы да осы салада болуы ықтимал еке­нін айтты. Жас дарын­ның мақсаты – өзі туған елге пай­дасын тигізіп, Отанымыздың жаңа технология бағытында дамуына атсалысу.

 

Атырау облысы