Өмір өрнегі

Газет мақаласы "Айқын" газеті №119

Мектеп – қашанда ақыл-ойдың, парасат пен пайымның ордасы. Адамның адами болмыс-бітімінің қалыптасуына мектептің қосар үлесі орасан. Осы өмірге өрнек салып, бояуын құбылтып, білім тамшысын себелейтін білім ордасына қарыздар емес адам жоқ шығар, сірә.

Өмір өрнегі

Менің ұғымымда адам бала­сының жүрегінде қадір тұтып құрметтейтін екі қасиетті ұғым болса, соның біріншісі – Ана, екіншісі – Ұстаз! «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі ұғым болған. Жақсы жанды көргенде «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы», «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер «ана тәрбиесін алған» деген сөзбен ұштасып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгер­шілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін балапандай аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады.

Қаншама жыл өтсе де менің 63 жыл бұрын мектепке барған кезім, алғашқы ұстазым, сы­ныптас достарым туралы үзік-үзік есте қалған жағдайлар ұмы­тылған емес. Алғаш мектеп та­балдырығын аттағанда бір қа­батты төрт сынып орналасқан мектепке келдік. Мектебіміз қолдан құйылған кірпіштен салынған екі бөлмелі үй болатын. Бір бөлмесінде 1 мен 3-сынып, ал екінші бөлмеде 2 мен 4-сынып оқушылары болды. Алғашқы ұстазымыз бізді сыныпқа кір­гізіп, партаға отырғызып, қам­қорлық танытты. Ойын қуып жүргенде балақты түре шаңдатып қасынан өткен сол бір шаңы­рақтың, уақыты келгенде, біздің де киелі ордамызға айналатынын ойладық дейсіз бе?

Енді міне, ішіне еніп, партаға қызыға қарап, ұстаздың әр айт­қан сөзіне аузымызды ашып қа­рап қалған сәт те күні кеше­гідей елес береді. Сол кездегі тәрбиенің қуаты шығар, мектеп қасиетті орын, ұстаз ерекше тұлға еді. Ұcтаздың әрбір айтқан сөзін, берілген тапсырмасын орындауға тырысатынбыз. Көп уақыт өтсе де, алғаш қолымызға қалам ұстап, әріп танытқан бас­тауыш сынып мұғалімі Мұхаммед ағай (есімде осылай қалыпты) туралы есте қалған естелікті уақыты ескірсе де санада қайта жаңғыртудың орайы келген сыңайлы.

Ғұмырын ұлағатты жолға арнаған ұстазымыз Мұхаммед ағай бір қарағанда (сол кез үшін) қатал болған сияқты. Сол қа­талдықтың аясында: білсін, үй­ренсін, сауаттансын, дұрыс жазсын, білімді болсын деген ой тұрғанын уақытында сезбесек те, өсе келе оның мәнін терең тү­сінгендейміз. Мұғалім шәкіртке тәрбиеші ұстаз болса, оқушы мұғалімнің киім киюі, жүріс-тұрысы, әңгімесіне қарап, өзіне үлгі болатындай жақсы жақтарын іздейді. Ал Мұхаммед ағай сол кездегі өзінің қара кителімен, аяғындағы етігімен ерекше көрі­нетін. Өте ұқыпты, тазалықты жаны жақсы көретін. Тақтаға жазған әріптері баспа қарпіндей түсетін және сондай әдемі жа­зуды бізден талап ететін. Қо­лы­мыздан келгенше тапсырмасын орындауға тырысып бағатынбыз. Ол кісінің мәтінді оқуы, оны түсіндіріп жеткізуі, өте жайлы түсінікті әрі көркем болушы еді. Көп жыл өтсе де еске түскен естеліктерді қағаз бетіне түсіріп жазып отырып, ұстазымның жарқын бейнесін көз алдыма елестетіп отырмын.

Ең алғашқы мектеп табал­дырығын аттаған кездегі бірінші қыркүйек күні айтқан әңгімесі әлі есімізде: «Ертеректе әкесі мен баласы келе жатып, әкесі жолда жатқан сынық тағаны кө­ріп, баласына тағаны алғын десе, бала ерініп алмайды, әкесі үнсіз тағаны алып, ұстаға сатып, ақ­шасына шие алады. Әкесі шиені өзі жеп және жерге бір талдан тастап отырады, бала тастаған әрбір шиені еңкейіп, теріп жейді. Сондағы айтпағы бір рет еңкеюге ерінген, жүз рет еңкеюге тура келеді. Сондықтан ешуақытта еріншек болмаңдар», – деген еді. Сол ғибратты әңгіменің жемісін көріп, әрбір шәкірттері өз жолын тауып, әртүрлі мамандық иесі атанды. Дәрігер, экономист, қаржыгер, мұғалім, қаламгер, ме­ханик, зоотехник, агроном сияқты мамандықтарды таңдап, өз елінің дамуына үлестерін қосты. Отау құрып, балалы-ша­ғалы, немерелері болып жатқан жайы бар. Бұған ұстаздарынан алған білім мен берген тәрбиесі арқылы қол жеткізіп отыр.

Бастауыш мектепті бітірген соң ауылымнан 60 шақырым жердегі Карл Маркс (қазіргі Ақтүйесай) шаруашылығындағы мектеп-интернатқа 5-сыныпқа оқуға қабылдандым. 1966 жылы осы мектеп-интернатты бітіріп шықтым. Бастауыш сынып емес, орта буын, жоғары сыныптарда да өз мамандығына берілген, саласын жетік меңгерген ұстаз­дар сабақ берді. Олардың әрбір сөзі, айтқан ақылы, сілтеген жо­лы жадымда сақталды. Сондай ерекше үлгі болған ұстаздарымды да айтпай кету мүмкін емес. Химия пәнінің мұғалімі – Тө­леубай ағай, математика пәнінің мұғалімі – Балта ағай, физика пәнінің мұғалімі – Еслям ағай, орыс тілі пәнінің мұғалімі – Әйіш апай. Балта мұғалімім бе­сіншіден бастап оныншы сы­ныпты бітіріп шыққанша сынып жетекшісі болды. Қабілетіме қарай математика пәніне құш­тарлығымды арттырып, көптеген сырларымен таныстырды. Шах­мат ойнауға үйретті. Астро­но­мияға баулыды. Қосымша кі­таптар әкеліп, оқуыма мүмкін­шілік жасады. Содан болар, мұғалімдерге байланысты мате­матика, физика және химия пәндерін ұнатып оқыдым. М­ұ­ғалімдер де сабақтарын қызықты қылып өткізетін.

 А.Фердинанд айтқандай, «Кісінің бойындағы үйрену құ­марлығын оятқан адам, ең жақсы мұғалім» десе, аталған ұстаз­дарым жастарға білім беруде шаршамай, талмай, еңбек етіп, өз шәкірттерінің қызығу­шы­лы­ғын оятып, өмір деген үлкен жолға аттандырған адамдар. 

А.Фердинанд айтқандай, «Кісінің бойындағы үйрену құ­марлығын оятқан адам, ең жақсы мұғалім» десе, аталған ұстаз­дарым жастарға білім беруде шаршамай, талмай, еңбек етіп, өз шәкірттерінің қызығу­шы­лы­ғын оятып, өмір деген үлкен жолға аттандырған адамдар.

Менің ауылымдағы «Жам­был» атындағы бастауыш мектебі өмірдің ағымына сәйкес кемелді келешегінде сегізжылдық, ке­йіннен онжылдық орта мектеп­тің деңгейінде өмір сүріп жатыр. Осы мектебім биыл, яғни 2019 жылы 80-оқу жылының есігін ашқалы отыр. Мерейтойы құтты болсын! Мектебімнің: «Бо­сағасы берік, шаңырағы биік, керегесі кең болып», әлі де ғасырлық өмірі болсын демекпін. Ұжымына абыройлы және нә­ти­желі, жемісті еңбекті тілеймін!

Мектепте сапалы білім мен саналы тәрбие қалыптастыру, ұжымда ынтымақтастық орнату әрине, сол мектептің басшысына байланысты. Сол себепті, осы мектептің түлегі, елдің қалаулы азаматы, туған жердің түтінін түтетіп, мектептің гүлденуіне өз үлесін қосып жүрген Жамбыл орта мектебінің директоры Қай­ролла Мешелұлының еңбегін айта кету керек. Білімі, іскерлігі, біліктілігі, жаңашылдығы, ізде­німпаздығы, ұстамдылық қа­сиеттері педагогикалық әкім­ші­лік міндеттері мен мәселелерді шешуде, мамандардың міндет­терін айқындауда, қолдауда, дұрыс шешім қабылдауда оң нәтижесін беруде деген тұжы­рымды ойларды естіп жүрміз.

Қайролла Мешелұлының бас­шылығымен мектептің педа­го­гикалық ұжымы мен шә­кірт­тері білім шыңдау мақсатында пәндік олимпиадалар мен ғы­лыми жоба жарыстары, спорт­тық және көркемөнерпаздар байқауларын ұйымдастырып жүр. Мәселен, Қайролла Ме­шелұ­лының бас­тауымен Ұлы Отан соғысына қатысқан Мыр­зағұл ауылының азаматтарына арнайы ескерткіш орнатылды. Ауыл жастарының басын бірік­тіріп шағын стадион салуда да осы кісінің еңбегі зор. Сонымен қатар ауыл тұрғын­дарын, ауылда туып-өскен, бірақ шетте қызмет­те жүрген ел аза­маттарын жұ­мылдырып ауылға мешіт тұрғызды.

Ескендір Зұлқарнайын жо­рықтан оралғанда, ең әуелі ұста­зына, кейін ата-анасына сәлем беруге баратын көрінеді. Мұның сырын сұрағанда ол: «Ата-анам менің аспаннан жерге түсуіме, дүниеге келуіме себепкер. Ал ұста­зым жерден аспанға, яғни жән­натқа кіруіме себепші», – де­ген екен. Сондай санаулы ұстаз­дардың қатарынан көрініп жүр­ген, ерен еңбек пен төзімділікті биік мақсат етіп ұстанған ди­рек­тор Қайролла Мешелұлының алар асулары әлі де алда екеніне кәміл сенемін.

 

Еслямбек БЕКПАЕВ