Президенттің қатысуымен тамыз конференциясы өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Тамыз конференциясы басталды.

Президенттің қатысуымен тамыз конференциясы өтіп жатыр
Фото: Интернеттен алынды

Президенттің қатысумен өтіп жатқан дәстүрлі іс-шараға Қазақстанның барлық аймағынан 2 мыңнан астам ұстаз қатысып отыр. Педагогтар конференция барысында білімді жаңғырту бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірлеп, білім беру жүйесінің мазмұнын жаңғырту аясында оны дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын болады. Сонымен қатар мұғалімдер білім сапасын арттыру және тәлім-тәрбие басымдықтары негізінде білім беру жүйесін жаңғыртудың проблемалы мәселелері мен келешегін талқылайды.

Бір айта кетерлігі, осы жиын шеңберінде отандық білімді дамытудағы ерен еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар педагог «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, ҚР Президентінің алғыс хатымен, «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталады. 2019-2020 оқу жылында 4, 9 және 10 сынып оқушылары жаңартылған мектеп бағдарламасына көшеді. Сонымен қатар биыл 10 сынып оқушылары «Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері» пәнін оқи бастайды. Білім және ғылым минитрлігінің мәліметінше, оқушылардың бұл пәнді оқуы оларға болашақта мамандық таңдауына септігін тигізеді.