Журналистік білім берудің инновациялық форматы

Газет мақаласы Айқын газеті №66

Шетелдік және отандық медиа сарапшылар мен журналистер өзекті ойларын ортаға салған «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту моделдері» (МТIJ) атты IV Халықаралық ғылыми-тәжіри­белік конференция биыл төртінші мәрте өткізіл­ді. Бұл медиа алаңда ком­му­­ни­кациялық саланың да­муын­дағы жаңа тенден­ция­ларды, диджитал-техно­логия­лар мен білім берудегі әлемдік тренд­терді талқы­лау дәстүрге айналды.

Журналистік білім берудің инновациялық форматы

Конференцияда белгілі ғалым­дар мен халықаралық институттар­дың өкілдері, медиа-тренерлер, журналистер және блогерлер «ақыл­ды журналистика» ре­дак­ция­дағы жасанды интеллект, BigData, виртуалды шындық жаңалықтары, бейнеконтенттің рөлі, омниканал­дық, Humantohuman форматын­да­ғы адам­дардың қарым-қатынасы, скриптердің күрделенуі, әлеуметтік желілер мен мес­сенждерлердегі чат-боттар т.б. медиа тех­нология­лар­дың көз ілеспес жылдам­дықпен дамып жатқандығы туралы әсер­лері­мен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жур­налистика факультетінің дека­ны С.Ме­деубек «Қазіргі жас­тар жаңа техно­ло­гияларды мамандық­тың рухани құрамдас бөлігі гума­нис­тік базиспен үйлестіре білуі керек», – деп мұндай кездесулердің ма­ңызын атап өтті.
ЮНЕСКО, халықаралық жур­на­­лис­тика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Н.Шың­ғысова коммуни­кативтік сала­дағы мамандарды оқытудың отан­дық бәсекеге қабілетті білім беру моделін қалыптастырудағы оқы­тушылар мен практик-ма­ман­дар диалогының маңызын атады.
Алматы қаласындағы ЮНЕСКО­ Кластерлік бюросының ком­муникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов конференция қатысушыларына сапалы репортаждар негізінде бейбітшілік пен дамуды қолдауға және Орталық Азиядағы білімге қол­же­тімділікке бағыт­талған «2018-2019 жылдардағы Орталық Азия­да­ғы коммуникация және инфор­ма­ция» атты ЮНЕСКО бағ­дар­ла­ма­сын та­ныстырды. Бағдар­ла­ма­ның басым ба­ғыттары ретінде интер­нет және оффлайн­дағы пікір еркін­дігіне, журналис­тер­дің қауіп­сіздігіне жәрдемдесу, тәуелсіз БАҚ-тарды қолдау т.б. аталды. 
Проректор – Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму инсти­туты­ның директоры Рафис Абазов тыңдаушылардың назарын әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ-дың «жа­сыл» коммуникацияны ұйым­дас­ты­рудағы, АКТ дамытудағы және тұрақты даму мақса­тында білім берудегі рөліне аударды. «Біз ҚазҰУ кампусын бұдан да жасыл­дан­дыра аламыз, университетті де, Алматыны да жасыл қала жасауға болады және ол біздің міндетіміз. Бұл қадам Қазақстанды өңірлік орталық ретінде бұдан да жасыл, тұрақты және өмір сүруге қолайлы етеді», – дей келе, келесі мәселе­лер­ге баса көңіл ауда­руды ұсынды: білім беру концепциясын тұрақты даму мүддесі тұрғысынан талқы­лау; ең үздік білім беру модельдеріне бағыт­талу, креативтілік, түрлі мә­де­­ниеттер мен мамандықтар қоғам­­­дастықтарымен жұмыс істей білу; ҚазҰУ ғалымдары әлемдік ғылым мен техниканың дамуына үлестерін қосуы тиіс, бұл бағытта шет­елдік мемлекеттердің тәжіри­белерін жете білу. Осының барлығы ҚазҰУ-ды бұдан да та­нымал, бәсе­кеге қабілетті етеді және әлем­дік аренадағы университеттің мәрте­бе­сіне тікелей ықпал етеді.
ОА Internews өкілдігінің кеңес­шісі Гүлнар Асанбаева медиаса­уаттылықты дамытудағы жастар­мен үнемі жұмыс істеудің, сыни ойлаудың маңызына тоқ­талды. 
Ал «Әділ сөз» сөз бостандығын қор­ғау халықаралық қорының сарап­шысы Ғалия Әженова аза­мат­тық журналистиканың маңы­зы­на назар аударды. Конфе­рен­ция­да сөз алған Қазақстанның түрлі жоғары оқу орындарының оқытушылары да өзекті ойларын ірікпей ортаға сал­ды. Аязби Бей­сен­­­құлов (АТХУ про­фес­соры) медиа­ ландшаф­тың жылдам өзгеріп жатқанын тілге тиек етсе, Мадияр Сауд­баев (С. Деми­­рель атын­дағы СДУ) пен Зәу­реш Қой­гел­­диева ( М.Дулати атын­дағы ТМУ) журналистердің кәсіби құзірет­ін күшейту қажетін баса айтты. Бүгінгі аудитория кеңіс­тік пен уақытқа бағынбайды, тұты­ну­шы жаңалықты өзіне ыңғай­лы жер­ден қай кезде болмасын ала береді. Сондықтан бәсекеге қабі­лет­­ті болу үшін журналист жылдам, са­уатты әрі қызықты ақпарат бере білуі тиіс.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профес­соры Жетпісбай Бекболатұ­лы халықара­лық журналистиканы оқытудың модель­деріне тоқталды. «Халықаралық журна­лис­терді келе­сі бағыттарда оқыту қажет: бірін­шіден, тілдік дайындық, екін­ші­ден, құқықтық, яғни, шетел­дегі журна­лист қызметін құқықтық рет­теудегі негіздерін үйрету, үшін­шіден, жур­на­листік дайын­дық, мақала жазу машығы, сыртқы саяси сарап­та­ма жасай білу т.б. қазақстандық педа­гог­тарға өзінің жеке моделін жасау қажет», – деді Ж.Бекболат­ұлы.
Конференцияның қатысушы­лары білім беру мен журна­лис­ти­каның да­муындағы көкейкесті тақы­­р­ып­тарды дер кезінде талқы­лаудың маңызын атады. Кездесу эдью­тон және жаңа білім­нің инно­­ва­циялық үдеріс­те­рін бағалау фор­матында өтті. 


Назгүл Шыңғысова,
Филология ғылымдарының докторы,
ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі
 
Елена Дудинова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті