Білім саласы мамандарының басын қосқан форум

«Өрлеу» Біліктілікті Арттыру Ұлттық Орталығы Акционерлік Қоғамы филиалы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлері біліктілігін арттыратын республикалық институты базасында «ХХІ ғасырдағы ересектерге білім беру: заманауи үрдістер» тақырыбында Ресей, Қырғызстанның білім беру саласы ғалымдары, республиканың біліктілікті арттыру институттарының басшылары мен профессор-оқытушылық құрамы, облыстық(қалалық) білім басқармасының мамандары, ЖОО, техникалық және кәсіптік білім беру, жалпы білім беретін мектеп, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары басшылары мен педагог кадрларының қатысуымен республикалық форум өтті. Келелі мәселелер талқыланған форумға 140-қа жуық мамандар қатысты.

Білім саласы мамандарының басын қосқан форум

Форумның мақсаты Қазақстан Республикасында педагогикалық қызметкерлерге қосымша кәсіби білім беру жүйесінде педагогтердің кәсіби құзыреттілігін, әлеуметтік беделін арттыру және қосымша кәсіби білім беру жүйесінің мәселелері, даму болашағы мен білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудың тиімді практикалық тәжірибесін көрсету болды.

Іс шараны «Өрлеу» БАҰО АҚ Басқарма төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гульнас Кенжетайқызы Ахметова кіріспе сөзімен ашып, бүгінгі шараның XXI ғасырдағы ересектерге білім берудегі заманауи сын-қатерлер мен трендтерді анықтауда маңызды екендігін атап айтты.

Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлері біліктілігін арттыратын республикалық институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жансауле Әлиқызы Мақатова форумның жұмыс кестесі мен спикерлерді таныстырып, табысты нәтиже тіледі.

Форумның алғашқы баяндамасында Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі, профессор А. Жанабекова қазақ жазуын латын қарпіне көшірудің алғышарттарын атап, бүгінгі жүргізіліп жатқан шаралармен таныстырды. Мәскеу қаласы «Кәсіби қосымша білім беру ғылыми-зерттеу институтының» ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Л.О. Андропова заманауи қажеттіліктерге сай қашықтықтан оқыту форматында педагогтердің біліктілігін арттырудың инновациялық технологияларын таныстырып, тәжірибесімен бөлісті. Қырғызстандағы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау республикалық институтының ғылыми хатшысы А. Элебесова Қырғыз Республикасының кәсіби қосымша білім берудегі тәжірибесі мен даму болашағы туралы баяндама жасады. Мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының Республикалық Ассоциациясының  төрайымы, "Zerdesh"   зияткерлік мектебінің директоры  Р.Садықова  Қазақстан Республикасы білім беру жүйесіндегі табысты өзара ынтымақтастық пен шығармашылық жасау тәжірибесімен бөлісті. Қазақстан Республикасы педагогикалық ЖОО қосымша білім берудің мәселелері жайында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универтитетінің Біліктілікті арттыру және қашықтықтан білім беру институтының директоры А. Семченко сөз сөйледі. ISO 9001 — Білім беру сапасы менеджментін басқарудың халықаралық ережелері мен сала жаңалықтарымен «Сапа менеджменті қазақ академиясының» президенті, профессор В.И. Соловьев. Қазақстандағы инклюзивті білім беру жағдайында ата-аналардың дайындығы және әлеуметтік-психологиялық рөлі жайында ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі, психология ғылымдарының докторы, профессор Р. Б. Каримова бөлісті. ХХІ ғасырдағы адами капиталды дамытудың өзекті мәселелерін EDTECH білім беру орталығының директоры, PhD докторы Ғ. Бейсембаев қозғады. Inventive робот техникасы академиясының директоры, BOZBALA робот техникасы жиынтығының негізін қалаушы Д. Т. Рахатов Қазақстандағы білім беру робот техникасының даму болашағы мәселесіне тоқталды. Сонымен қатар форумда STEM-білім беру: мәселелері және болашағы, Қазақстан Республикасында педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесінің заманауи тренді қарастырылды.

Қорыта айтқанда, Республикалық форум білім беру саласындағы көшбасшыларды біріктірді, жаңа форматтағы педагогтардың біліктілігін үздіксіз арттырудың жаңа моделінің мәнін ашуға мүмкіндік берді, XXI ғасырдағы ересектерге білім берудегі заманауи трендтерін анықтап, болашағын айқындады.

Ағима Маханбетова,
«Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасының»
меңгерушісі, педагогика ғылымдарыың кандидаты