Қазақ жазуын реформалаған тұлға

Газет мақаласы "Айқын" газеті №135

Өз кезеңінде «Қазақтың Ахаңы» деген мәртебелі атқа ие болған Ахмет Байтұрсынұлының ұлтына сіңірген ұлан-ғайыр еңбегі әр саладан көрінеді. Мәселен, ол – ең бірінші қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсаған ағартушы, ең алғашқы «Әліппе» оқулығының авторы, екіншіден, қазақтың  әлеуметтік өмірінің барлық саласына назар аударған ірі публицист, қоғам қайраткері, үшіншіден, өнер иесі – ақын, қазақтың тілін ғана емес, әдебиетін де зерттеген ғалым және халықтың тез сауаттанып хат тануы үшін араб жазуын реформалап, ұлттық деңгейге көтерген бірегей тұлға.

Қазақ жазуын реформалаған тұлға

Ұзақ ғасырлар бойы қол­даныста болған араб жазуының халықты тез әрі жаппай сауат­тан­дыру жолында бірқатар ке­дергілері мен қиындықтары бол­­ды және араб әліпбиін пайда­ланған күллі түркі халқы ортақ орфографиялық заңдылыққа ба­ғынған болатын. Ал мұндай жазуды ұлттық деңгейге көте­ру­дің ең басты тәсілі ретінде А.Бай­тұрсынұлы араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық заңды­лығына сәйкес реформалау деп білді, осылайша, ұзақ ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан араб графикасына өзгеріс енгізу идеясын алғаш көтеріп, оны іс жүзінде реформалады. Араб жа­зуын реформалауға түрткі бол­ған ең басты себептер мыналар еді: бір дыбыс бірнеше әріптер­мен жазыла беретін, дауысты дыбыстар көп жағдайда таңба­ланбай, араб тілінің заңдылы­ғына сәйкес харакаттар арқылы берілетін, қазақ тіліндегі тоғыз дауыстыға үш таңба (а, у, и) ғана арналған болатын. Міне, осымен байланысты жазылған сөздің мағынасын ажыратуда қиын­дық­тар мен кедергілер көп еді және дауыстыларды таңбалай­тын әріптер жеткіліксіз болатын. Араб әліпбиіндегі осындай кем­шіліктер халықты сауаттандыру ісін тежеді. Бұл қиындықтарды шешудің жолын тауып, ұлттық әліпбиді құрастырған және ана тілінде сауат ашудың ең тиімді құралын жасап шыққан А.Бай­тұрсынұлы болды. Ахмет Бай­тұр­сынұлы оқу жүйесіне де ­тү­бегейлі реформа жасады. Өйт­кені соған дейінгі оқыту жүйесі таза араб тілінің фонетикалық ерекшеліктеріне негізделіп, құран сүрелерін жаттауға ба­ғытталатын және жазба тіл араб, парсы, түркі тілдерінің грам­матикалық ерекшеліктеріне сүйенетін. Қарапайым ха­лықтың ұғынуына қиын тиетін бұл оқыту жүйесін ұлттық, жалпыхалықтық деңгейге көтеріп, «жаңа (жәдид) бағытта» дамытқан А.Байтұр­сынұлы болды.

А.Байтұрсынұлы әліпбиі, яғни төте жазу 1912 жылдардан бастап қолданысқа енгені бел­гілі. Төте жазудың ең басты ерек­шелігі мыналар еді:

– қазақ тіліне сәйкес келмей­тін басы артық әріптерді әліпби құрамынан алып тастады;

– араб жазу заңдылығына тән диакритикалық белгілер қолда­нылмады;

– дауыстылар жүйесі қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес таңбаланды.

А.Байтұрсынұлы әліпбиінде 24 әріп, 1 дәйекше белгісі болды. Дәйекше қойылмаған сөз жуан, дәйекше қойылған сөз жіңішке болып оқылатын. Яғни, үш ақ дауыстысы бар араб әліпбиін, қазақ тілінің үндестік заңына сүйене отырып, еш қиындықсыз қазақ жазуына ыңғайлады.

Ұзақ ғасырлар бойы қолда­ныста болған араб жазу жүйесі негізінен үш түрлі сатыда қызмет етті: қадим, жәдид, төте жазу. Осы­лардың ішінде төте жазу, яғни А.Байтұрсынұлының әліп­биі ана тілінде сауат ашудың ең тиімді құралы болды.

 

Гүлфар МАМЫРБЕК,
Ш.Шаяхметов атындағы 
«Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 
Орфография басқармасының басшысы