Қашан бірыңғай болар екенбіз?!

Газет мақаласы "Айқын" газеті №137

Оқу жылы басталып кетсе де, мектеп формасының жыры әлі бітер емес. «Балам қатардан қалмасыншы» деп, қарапайым ата-ана қалтасының түбін қағып та үлгерді. Көпбалалы аналар мемлекет таратқан тегін форманың сапасының сын көтермейтіндігін айтып дабыл да қақты. Бірыңғай мектеп формасына көшу туралы заң 2003 жылдан бастап енгiзiлген. Арада 16 жыл өтсе де бірыңғай форма республика мектептерінде бірізділікке түскен жоқ.

Қашан бірыңғай  болар екенбіз?!

Ал 2016 жылы Білім және ғылым министрінің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» №26 бұйрығы шы­ғып, бұл мәселеге нүкте қойыл­ған­­дай еді. «Еді» деп екіұштылау сөйлеуіміз негізсіз емес. Осы бұй­рық бойынша бастаманы бірінші болып қолға алған Нұр-Сұлтанның өзінде бұл мәселеге әлі нүкте қо­йыл­­ған жоқ. Ата-аналар мен қоғам белсенділері бүкіл Қазақ­станға ор­тақ форма болса дейді. Көшіп-қонуға бай­ланысты, әртүрлі жағ­дай­лар­мен бір жылда бірнеше рет мек­теп ауыстыратын отба­сы­лар қаншама? Сондайда сол мектептің формасын аламыз деп шығынға шаш етектен бат­пас еді. Әр мектептің фор­ма­сы­ның түрі де, бағасы да әр­түрлі. Бүгінде жұрт арасында желдей ескен әңгімелерге қарасақ, мек­теп формасын бизнеске ай­нал­дырып, бармақ басты, көз қыс­ты­мен жеке тігін цехтарын, сау­да нүктелерін ашып отыр­ған мектептер де жетерлік көрінеді.

Ал біз айтып отырған бұй­рықта оқушылар арасындағы бөлінушілік пен кемсітушілікті болдырмау мақсатында мектеп формасының жалпыға бірдей болуы атап көр­се­тіл­ген. Онда «Зайырлы мемлекеттің жас жет­кін­шектері классикалық үлгіде киінуге міндетті. Мектеп формасы бірыңғай түс гамма­сында жасалады, үшеуден асыр­май түстер­ді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп фор­ма­сы­­ның түсі қалыпты және ашық емес түстерден, яғни қара және қою көк түстерден таң­да­лады. Мектеп формасы білім алу­шылардың жас ерек­ше­лік­те­ріне қарай енгізіліп, күн­де­лікті, мере­ке­лік және спорт­тық болып бөлінеді» делін­ген.

Реформалаудан көз ашпай­тын білім саласының экс-ми­нистрі Ерлан Сағадиев: «Мек­тепте бірың­ғай форма болуы керек. Ол бұй­рықта жазылған. Бірақ ол қан­дай форма болаты­нын мектеп өзі ше­ше­ді. Байқау комитеттері, ата-ана­лар коми­теттері жиналып, үлгі­сін, фор­ма түрін талқылап, бір шешімге келеді. Мәселен, ол форма ұна­маса мектепке барып айту керек. Бізде бұйрық бойынша бір мектепте бірың­ғай форма болуы қажет деп жазылған. Ол қандай форма, қай жер­де шы­ға­рылған, үлгісі қандай де­ген мәселелерді мектеп шешеді», – де­ді кезінде. Бұл бұйрық қабыл­дан­­ғаннан кейін әр аймақ өзім бі­­лемге салынып, мектептер жап­­пай формаланды. Осы­лай­ша, бірыңғай формаға көшеміз деу мектептерді жікке бөлуге алып келді.

Фейсбук желісінің қолда­нушысы Төлеген Құралбаев осы мәселе жөнінде: «Мектеп формасы мектептердің атына (лицей, гимна­зия, дарын, нзм, т.с.с), қарай бөлін­беуі керек. Барлығына ортақ бір үлгіде, қысы-жазы дүкен сөреле­рінде қолжетімді бағада сатылғаны жөн. Бай баласы да, қатардағы жұмысшының баласы да ұял­май киетіндей сапалы, мықты дизай­нер­дің үлгісі болуы ке­рек. Неге КСРО кезіндегі мектеп формасын халық ұмытпайды? Жарасымды, қонымды, әдемі және ұзақ уақыт кие алатындай сапалы болғандық­тан» деген пікір қалдырыпты.

«Балам Нұр-Сұлтан қала­сындағы №78 мектепке барады. Бізге тек Glasman-ның киім­дерін кию керек екенін айтты. Бұл қою көк түсті болғаннан кейін, оны қайдан, қалай алып кисек те бәрібір емес пе? Әркім қалтасы көтергенін алады. Сондықтан мектеп басшы­лы­­ғы мұндай тап­сыр­маны бермеуі керек», – дейді Салтанат Әмір есімді ата-ана.

Ал тағы бір ата-ана Жайсаң Қойшыбаева салмақты себеп­те­рімен баласын Нұр-Сұлтан қа­ла­сындағы №57 мектептен Шым­кент қаласына ауыстырып алу­ға құжат жинап жүр. «Елор­далық оқушылар бірдей қою көк түсті киім киеді ғой. Біз сон­дай оқу формасын сатып алып қойған едік. Ал ендігі ба­ратын білім оша­ғымызда мүл­дем басқа фор­ма екен. Отба­сы­лық жағ­даймен осындай кө­шіп-қонуға мәжбүр болған­дық­тан, алдын ала киім жағын ойлас­тыр­мадық. Енді ол қа­лаға ба­рып, басқа формаға тапсырыс бе­­руіміз керек. Бұл оңай емес», – дейді ол.

Бүгінде бірыңғай мектеп формасы деп жиі айтылғанмен, еліміздің әр өңірінде осындай мәселелер жиі көрініс тауып отыр. Демек,әлі бірізділік жоқ. Оның үстіне орта мектеп, лицей, гимназия боп бөліне­тіндіктен, олардың да киім кию үлгісі бөлек-бөлек.

«Мектебімізде министр­ліктің бұйрығы бойынша, қа­лалық білім басқармасының шешімімен бірыңғай бекітілген форма кию міндеттеледі. Ол – өздеріңізге белгілі қою көк, классикалық үлгідегі форма. Оқушыларымыз осы үдеден шығып киінсе болды. «Бір жер­ден алу керек» деген әңгімені айтпаймыз. Олай айтуға бол­майды. Онсыз да баға мен сапа сан құбылып тұрған мына за­манда, ата-ана осындай мә­се­леге бас ауыртпауы керек. Олар өздері қалаған киімді талапқа сай ете алады», – дейді №7 мек­теп-гимназияның директоры Жанат Тұрысбекқызы.

Расында да, тазалық пен тәр­тіп­тің айнасына айналған мектеп формасы бәріне ортақ болғаны жөн. Оқушы мектепке сән жарыстыруға емес, білім алуға барады. Әлеуметтік тең­сіздік мектеп өмірінде көрініс алмай, Қазақстанның болашақ азаматтары мектеп қабыр­ға­сынан тең құқылы екенін се­зініп өскенге не жетсін.

Әр мектеп түсін өзгертпе­гені­мен, түрін өзгертіп, өз де­гендерін осылай жасай берсе, не болады? Әу баста қалтаны қақпаудың, әлеу­мет­тік теңсіз­дікті жоюдың амалымен жаса­лынған бірыңғай форманың ар­тықшылығы қайда? Олай бол­ма­са, неге кез келген мек­тепке жарай­тын, кез келген жерден сатып ала алатын фор­маны кигі­зе бермейді?

Қалың сұрақтың жұқа ғана жауабын беруі тиіс Білім және ғылым министрлігі бұл мә­се­лені шешуге неге құлықсыз?

 

Көктем ҚАРҚЫН