Корпоративті университетте оқуға дайынсыз ба?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №139

Apple университетін естуіңіз бар ма? Стив Джобс университетінің ішкі құрылымы Coco-Cola-ның құрамына ұқсай­ды. Құпия. Сондық­тан да оны құпия білік­тілікті арттыру орталы­ғы деп атайды. Әлемде корпоративті универси­теттер баршылық. Көп­ші­лігі бағытын белгіле­ге­ні­мен, ішкі оқыту жүйесін айт­пайды.

Корпоративті университетте оқуға дайынсыз ба?

ХХ ғасырдың 20-30 жылда­рында АҚШ-та бизнес мектеп­тер қалыптасты. Бұл корпора­тивтік университеттің бас­тап­қы түрі еді. Мұнда қызмет­кер­лерді жұмыс жүйесіне, техно­логияны меңгеруге үйретті. Кейіннен 1961 жылы McDonalds компаниясы Humburger University атауымен алғашқы компоративтік университет құрды. Disney University, Coca-Cola, Morotorla, Procter & Gamble, General Electric University қатарға қосылды.

Корпоративті университет дегеніміз не? Ол – компания дамуы үшін қызметкерлерді кәсіби түрде дайындау жүйесі. Университет бағдары компа­нияның даму стратегиясына тығыз байланысты. Барлық классикалық университет сияқ­ты кез келген корпора­тив­тік оқу орнының негізі оқыту үдерісіне тәуелді. Оқыту жүйе­сінде фирманың көздеген мақ­сатына жетуі үшін бизнес-білім берудің барлық дәстүрлі нысаны пайдаланылады. Мұнда білім беру процесінің негізгі құрамдас бөлігі: бизнес-тренингтер, қызметкерлердің білігін арттырудың қысқа­мер­зімді және ортамерзімді курсы, проблемалық-жобалық семи­нарлар, ұстаным бойынша нұс­­қаулық, компания ұсына­тын тауар мен қызмет нары­ғында бағдарлау.

Мұндай университет не үшін қажет? Қызметкерді кор­по­ративті университетте оқы­ту – әлемдік тренд. Негізгі мақ­­­сат – қызметкерлердің білі­гін көтеру, оқыту, қайта оқыту. Бі­лім беру арқылы компания стан­­­дарты­на сай маман даяр­лау.

Білуімізше, корпоративтік университеттегі оқыту акаде­мия­лық білім беруден ерекше­ленеді. Онда қызметкерлер жалпы теориялық немесе жал­пылама-тәжірибелік дайын­дықтан өтудің орнына, компа­нияның стратегиялық мақса­тын іске асыру үшін не қажет екенін үйренеді.

Сондай-ақ оқытудың мәні – компанияның бәсекеге қабі­летін көтеру, жоғары білікті қызметкерлерді жалдау және ұстап қалу. Корпоративтік мә­дениетті қалыптастыру, ком­пания құндылықтарын қыз­мет­керлерге түсіндіру және ор­тада қолайлы психоло­гия­лық климат қалыптастыру.

Басқаша айтқанда, іс тек қана оқытумен шектелмейді. Оқыту өзін-өзі бағалау емес, компанияның жан-жақты да­муы мен өсуіне, оның жалпы экономикалық саясатына сай ұйымдастырылады.

Бұл не үшін маңызды? Се­бебі, компанияның имиджі, ба­ғыты бәрінен жоғары. Қыз­меткер корпоративті мәде­ниет­ті меңгеруі керек. Компа­нияның ішкі-сыртқы саясатын, базасын, жұмыс тәртібін сақ­тағаны жөн. Арнайы ереже мен ұжымдық қарым-қатынас та маңызды.

Әлемдік компаниялар кор­­­по­­ративті білім беруге 130 млрд доллар бөледі. Соның ішінде АҚШ 70 млрд доллар қа­рас­ты­рады. Технологиялық ком­па­ниялар бір қызметкердің білім алуы үшін айына 1 800 доллар жұмсайды. Орташа есеп­пен әр компания бюд­жет­тің 0,11-3 пайызын корпо­ра­тив­ті білім беруге арнайды. Сіз­ге аз көрінуі мүмкін. Алайда компанияның үлкен-кішісіне қарай бюджет көлемі өзгере­ді. Миллиардтар айналымға түседі.

Жаһандағы жетекші корпо­ративті универси­тет­тердің тә­жірибесін талдап көрейік. Бәрі­не ортақ дүние – техно­логия, ме­неджмент, бюджет. Құры­лы­мы, жүйесі, страте­гия­сы бөлек.

Мысалы, Джобс универ­си­теті компанияның бизнес-мә­дениеті мен стратегиясы ту­ралы білім береді. Мұнда Йелл, Гарвард, Калифорния техно­логиялық университеті, Берк­ли, Стэнфорд, Массачу­­сетс­тен келген атақты ға­лымдар дәріс оқиды. Лекцияға қатысу-қатыс­пау қызметкердің өз еркінде. ЖОО-дан корпо­ра­тивті уни­верситеттің айырма­шылығы – оқу үдерісі жыл бойы жүреді. Қызметкерге қо­йы­латын та­лап – технологияны игеру, Apple-дің ішкі саясатын мең­ге­ру. Корпоративті универ­ситет жұмысын People team қадаға­лайды.

Оқыту жүйесін әр құрлық өзінше пайдаланады. Мәселен, АҚШ-та мұндай оқу орны кү­шін бизнес пен технологияны ілгерілетуге жұмсайды. Ал Еу­ропада корпоративті универ­ситет негізі – жоспарлау мен жобаны іске асыру. Азия елдері серіктестік пен одақ құруға мән береді. Яғни, корпоративті оқу орны жергілікті жердің мәдениетіне сай қалыптасады.

Корпоративті универси­тет­тің компанияға тигізер пай­дасы көп. Мысалы, Motorola University – корпоративті білім берудің озық үлгісі. 21 елде 90 бөлімше ашып, 400 қызмет­кер­ді жұмыспен қамтыған. Төрт бағытта жұмыс істеген. Еуропа, Африка, Таяу Шығыс – алғаш­қысы. Келесі нысан – Азия мен Тынық мұхит аймағы. Сол­түс­тік Американы жеке дара зерт­теген. Аталған бағытқа жоға­рыдағы теореманы қолданған. Еуропа елдерінде жобалауды дамытса, Азия аумағында серіктестік құруды көздеген.

Корпоративті универси­тет­тің тиімділігі – компания шығынын азайтуында. АҚШ-тағы персоналды білім сапасы ұлттық орталығы компания шығынын азайту бойынша зерт­теу жүргізген. Нәтиже­сін­де, қызметкердің білім дең­гейін арттыруға бөлінген қар­жының 10 пайызға көбеюі, еңбек өнімділігінің 8,6 па­йыз­ға артқанын көрсеткен. Мы­са­лы, Motorola University бизнесті дамытудың дұрыс және та­бысты экономикалық құры­лы­мын жете меңгереді. Дағдарыс­тан шығу үшін «Алты сигма» бағдарламасын ойлап табады. Тұжырымдаманың мәні – әрбір үдерістің сапасын жақсарту. Операциялық жүйедегі ақауды жөндеп, статистиканы жіті қадағалау. Басшылық компа­ниядағы әр кем-кетікке мән беріп, мәселені шешуге жұмыс тобын құрады. Топты әдіснама бойынша оқытады. Компания қызметкерін оқытуға салған әр доллар 30 доллар болып қай­тады. Осылайша, компанияның жылдық табысы 100 млн дол­ларға жетеді.

Жоғарыда корпоративті уни­верситеттің бағыты бір бол­ғанымен, әдісі бөлек екенін айттық. Оқыту жүйесімен ерек­шеленетіндердің бірі – Danone. Қарамағында 10 функ­цио­нал­ды академия мен көш­басшылық және менеджмент академиясы бар. Орталығы – Парижде.

Danone әр қызметкерге бір жылдың ішінде 3 құзырет жүктейді. Білікті менеджерлер қызметкерге диагностика жүргізеді. Мысалы, компанияға жұмысқа тұрған қызметкер дарынды болуы мүмкін. Бе­рілген тапсырманы тиянақты орындауы, көппен араласуы қабілетін көрсетеді. Қызмет жолы түрлі кезеңнен тұрады. Үздік қызметкердің өзі топпен жұмыс істеуде қиналады. Осындайда корпоративті уни­верситет көмекке келеді. Danone-ның университет қалыптастырудағы мақсаты – мінсіз менеджер тәрбиелеу.

Корпоративтік универ­си­теттің білім беру бағдарламасы үнемі модульдік принцип бо­йынша құрылады. Әрбір мо­дуль мазмұны бойынша бірік­тірілген тренинг-семинарлар циклын қамтиды. Оқытудың интерактивті әдістерін қол­данады. Тіпті, рөлдік ойындар құрылымы бар.

Шетелде корпоративті білім беру – жетекші орында. Ал елі­мізде бірді-екілі компания атал­ған оқыту жүйесін қол­да­нады. Қазақстанда «Самұрық-Қазына», BI Group сияқты же­текші компаниялардың кор­поративті университеті бар. Экономиканы жаңғырту мен корпоративтік басқаруды же­тіл­діру мақсатымен 2010 жы­лы «Самұрық-Қазына» кор­по­ративті университеті құрыл­ды. Оқыту жүйесі HR-сарап­та­ма орталығы мен HR-консал­тинг, виртуалды оқыту және вебинарлар мен кәсіби стан­дарт әдіснамасынан тұрады. 167 мың қызметкер аталған оқу орнында білім алған.

Бұдан бөлек елімізде шетел компанияларының корпора­тивті университеті бар. Солар­дың бірі – «Арселор Миттал». Компания Теміртауда кампус университет ашқан. Негізгі ор­талығы – Люксембургте. Қазақ­стандағы орталық 2015 жыл­дан бері жұмыс істейді. Кор­по­ра­тивті университет еңбек өнім­ді­лігін көтеріп, компания әле­уе­тін арттыруға жағдай жасайды.

Қазір электронды дәуір болғандықтан, корпоративті университеттер де жан-жақты дамыған. Көпшілігінде e-learning жүйесі бар. «Самұрық-Қа­зына» мен BI Group-те элек­тронды оқыту қарастырылған. Бұл не үшін қажет? Өйткені корпоративті университетке компания тарапынан қомақты қаржы бөлінеді. Жатын орын, тамақтану, керек-жабдықпен қамтамасыз ету компания мойында болады. Электронды жүйеге көшу шығынды қыс­қартады. Әрі қашықтықтан басқа компания қызметкер­ле­ріне білім бере алады. Филиал жұмысы жанданады. Мысалы, IBM Global learning әлемнің 55 еліне қашықтықтан білім береді. Базасында 10 мың кәсі­би курс бар. Сізге 3 400-ден ас­там оқытушы дәріс оқиды.

Корпоративті білім беру – заман талабы. Бұл арқылы қыз­меткерлердің дамуын тұрақты түрде қадағалауға болады. Егер компания әлемдегі техно­логиялық және экономикалық өзгерістерден қалыс қалғысы келмесе, аталған оқыту жүйе­сін іске қосқаны жөн. Өйткені ақпарат дәуірінде қызметкерді үздіксіз оқытып, білімін шың­дау керек. Бұл – компаниялар арасында бәсекенің күшеюіне әсер етеді. Бәсеке бар жерде, стратегиялық даму межеге алы­нады. Қазақстандық ірі ком­паниялар да корпоративтік университет жүйесіне көшсе, әлемдік бәсекеге қабілеті арта­тын еді.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ