Қолбасшымен жүздесу жанам деген жүректерге от берді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №139

Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылындағы Абыхан Жексембеков атындағы орта мектепте тамаша дәстүр, тағылымды істер қалыптасқан. Аудандағы таңдаулы білім шаңырақтарының бірі болып саналатын мектеп есімдері елге белгілі тұлғаларды кездесуге жиі шақырып, олардың жас ұрпақпен жүздесуін жиі ұйымдастырады.  Жазушылар, артистер, спортшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері оқушыларға тұшымды әңгіме айтып, өнеге-тәлімін үйретеді. Болашақ иелерінің армандарына қанат бітіріп, келешегіне айқын бағыт сілтейді.

Қолбасшымен жүздесу жанам деген жүректерге от берді

Таяуда осы мектепте тағы бір ерекше кездесу өтті. Ел Тәуелсіздігін нығайтуға ерен ең­бек сіңірген, Қазақстан қор­­ғаныс саласының арда­гері, генерал-полковник Сәт Тоқ­пақбаев оқушылардың құр­метті қонағы болды.

Сәт Бесімбайұлы – Жетісу­дың перзенті. Іле ауданында дүниеге келген. Биыл сек­сен­­нің сеңгіріне шығып отыр. Саналы ғұмырын ел қор­­ғанысына арнаған асыл аға­­ның өмірбаяны – тұнып тұр­­ған өнеге. Қатардағы қа­­­­рапайым сардардан қол­бас­шылыққа, Қорғасын ми­нистрі дәрежесіне дейін кө­те­рілген тұғырлы тұлға. Ол кісі­нің өмірі мен қызметтік бас­палдақтарының өзі-ақ қайт­­пас-қайсарлығын, өмір тал­­қысында шарболаттай шың­­далғанын, әскери бі­лі­­мін ұдайы жетілдіріп отыр­­ғанын аңғартады. Ата-ба­баларымыздың қа­һар­­­мандық, жауынгерлік қа­сиет­терін бойына сіңірге­нін көрсетеді.

Қазақстанның дербес мем­­лекет ретінде нығаюына, ел қауіпсіздігінің берік сақ­талуына, қорғаныс қабі­ле­тінің артуына және ұлты­мыз­дың жауынгерлік мектебінің қалыптасуына зор үлес қос­ты. Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­­тетін басқарды. Қазақ­стан Президенті Күзет қыз­­­метінің бастығы болды. Рес­­­публикалық Ұланға жетек­ші­­лік етті. Қорғаныс министрі лауазымын абыроймен ат­қар­ды. Мемлекет бас­шы­сына кеңесші болып, еліміздің әскери саласының замана көшіне ілесуіне үлес қосты. Парламент Мәжілісінің депу­таты ретінде ел мен жердің мүддесін биік мінберден қоз­ғады. Қайда жүрсе де ха­лық­қа адалдығынан айныған жоқ. Отан үшін, халық үшін жаным садаға деген айнымас қағи­дат­тан қиғаш кетпеді.

Мемлекет қайраткерінің еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Даңқ» және «Барыс» орден­де­рімен тағы да басқа бір­қа­­тар орден-медальмен ма­­ра­патталды. Алматы облы­сы­ның Құрметті азаматы атан­ды. Жуырда генералдың кеудесіне тағы бір жұлдыз тағылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов ұлттық қауіпсіздік саласының қалыптасуы мен нығаюына қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен берілген І дәре­желі «Барыс» орденін салтанатты түрде табыстады.

Білім шаңырағындағы та­ғы­лымды кездесудің ұйым­да­­суына саяси ғылымдар док­­торы, профессор Венера Абы­­ханқызы мұрындық бол­ды. Ол кісінің қызметі елор­дада болса да, әкесінің атын­­­­дағы мектеппен тығыз бай­ланыста. Жергілікті жер­­­­мен қарым-қатынасын еш­­­­қашан үзген емес. Ауыл жұр­ты оның осындай игі бас­та­маларына әрқашан да құл­шына қатысып, риза­шы­лы­ғын білдіреді.

Жарасымды жүздесудің кіріспе сөзін ашқан Абыхан Жексембеков атындағы ор­та мектептің директоры Гүл­ба­қыт Қасымжанова білім оша­ғы ұжымының атынан генерал-полковникке ізгі ті­лек­­терді жеткізді.

– Сіздей қолбасшы дара тұлғамен кездесудің өзі біз үшін зор ғанибет. Осымен екін­ші рет мектебіміздің құрметті қонағы болып отырсыз. Сізді мектептегі қамқоршылық ке­ңе­сінің мүшесі етіп бекіт­тік. Бұл да – біз үшін үлкен мақ­таныш. Өскелең ұрпақ өне­гелі әңгімелеріңізді тың­дап, одан ғибрат алады. Күні ертең Түргеннен де сіз­дің жо­лыңызды қуған гене­рал­дар шықса, оны осы ди­дар­ла­судың ықпалы деп білеміз, – де­ді директор.

Бұдан кейін сөз алған Түр­ген ауылдық округі әкім­ді­гінің қызметкері Сәуле Мәм­бетқалиева жұртшылық ша­қыруын қабыл алғаны үшін генерал-полковникке ал­ғыс айтып, сексен жылдық мерей­тойы­мен құттықтады.

Келесі кезекте мінберге гене­ралдың өзі көтерілді. Сым­дай тартылған денесі на­ғыз әскери адам екенін аң­ғар­тады. Қолбасшының сөзін жи­налғандар ұйып тыңдады.

– Айналайын, балаларым! Сен­дермен кездесу мен үшін бақыт. Біз де бала бол­ған­быз. Сендер сияқты мектеп пар­та­сында отырып, мұғалім­дер­­дің дәрісін тыңдадық. Ол күн­дердің суреті көз алдым­нан ешқашан кетпейді.

КазЦИК деп аталатын ауы­лы­мызда 4 жылдық мектеп болды. Ол заманда мектептер төрт сыныптық бастауыш және жеті жылдық, он жылдық болып бөлінетін. Ауылға кіре­бе­рістегі төбешікке салын­ған кішкентай бір бөлмелі үй біздің білім ордамыз еді. Одан кейінгі оқу жолы Комсомол ауылында жалғасты. Он жыл­дық­ты Алматыдағы №22 мек­теп­те оқыдым. Осылайша бі­раз жерге көшіп-қонып жү­ріп кәмелеттік аттестатқа ие бол­дық.

Бүгінгі ұрпақ, мына сендер ба­қыттысыңдар. Осының бәрі – қасиетті Тәуелсіздіктің арқасы. Сондықтан да сабақ­та­рыңды жақсы оқыңдар. Бі­лімді болсаңдар, Отанға адал қызмет етесіңдер. Пай­да­ларың тиеді.

Мен бала кезден-ақ әске­ри барлаушы болуды ар­ман­дадым. Нақты мақсат көз­­деп, соған адалдық та­ныт­­саң, ақыры соған қол жет­­кізеді екенсің. Сендер де та­банды болыңдар, – де­ген генералдың оқушылар та­ра­­пынан қойылған сұрақ­тар­ға қайтарған жауаптары да әскери адамға тән нақты­лы­ғы­­мен тәнті етті.

«Жас ұлан» ұйымына жа­ңа­­дан қабылданған оқу­шы­лардың салтанатты түрде ант қабылдауы қолбасшымен жүздесудің ажарын аша түсті. Олардың мойындарына гене­рал атасы көк байрағымыз түс­ті галстуктерді өз қолы­мен байлады. Генерал-пол­ков­ник Сәт Тоқпақбаев орта мектеп ұжымына және осын­­дағы кітапханаға өзі­нің қолтаңбасы қойылған «Жаным садаға» атты кіта­бын сыйға тартты. Кітап­тағы: «Осы кітапты жазу ба­ры­­сында өткенімді көз ал­дым­нан бір сүзіп шық­тым. Артыма қарасам – ал­бырт­тықпен кеткен қателік те бар екен. Жастықпен көзсіз нар­тәуекелге ұмтылған сәт­те­­рім де болыпты. Өмірде ал­­дым­нан үнемі жақсы адам­­дар кез­десті. Жанымда сенім­ді серіктерім көп болды. Бұл – Алла­ның маған берген ға­жа­­йып сыйы.

Адам жалғыз өзі үлкен шар­уалар жасай алмайды. Қай ортада жүрсем де, дәрежесі биік билікте болсам да, жақсы адамдардың шарапатын жиі сезіндім. Адалдықты ту еттім. Үлкеннен бата, кішіден алғыс алуға тырыстым. Осының өзі мен үшін үлкен мәртебе. Бұдан артық мадақты қаламас та едім.

Шен тағып, шекпен кидік. Біраз уақыт Елбасының жа­нында жүрдік. Елге қызмет жасап, Мемлекет басшысының үзеңгілес серігі болу, халқы­мыздың қажетіне жарау ең үл­кен бақыт деп түсінемін. Сол үшін де жаратқан Алл­а­­­­ға, дүниеге әкелген ата-ана­­ма, тәрбиелеген ор­­­т­а­ма ри­­залығым шек­сіз» деген жол­дар­­ды оқы­ған­­да, ал­дымызда Тә­уел­сіз Қа­зақ­стан­ның ал­ға­шқы жыл­­­да­рыннан бас­тап мем­­ле­­к­ет­тіміздің қалып­та­суына бір кісідей еңбек сі­ңір­ген және сол кедерін өзі­нің ең ба­­қытты шақтары деп са­най­­тын тұлғаның отыр­ға­ны­на көзіміз жете түсті. Ге­не­­ралмен кездесудің жанам де­ген жүректерге от бергені анық.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы